Қазіргі таңда жасөспірімдер бұрынғыдай «кім болам?» деп арманға беріліп өспейді. Керісінше, олар «қателесіп қалмаймын ба?» деген үреймен есейіп келеді. Бұл – бүгінгі заманның көзге көрінбейтін, бірақ кең таралған шындығы. 9–11-сыныпта оқитын жоғары буын оқушылары сырт көзге сабырлы, байсалды көрінуі мүмкін. Алайда олардың ішкі әлемінде күйзеліс, белгісіздік пен сенімсіздік қатар жүреді. Отбасылық әңгіме барысында болашақ туралы сөз қозғалғанда кейбірінің үнсіз қалуы немесе тақырыпты өзгертуге тырысуы да осының айғағы. Өйткені болашақ жайлы сұрақ олар үшін бағыт емес, қысым ретінде қабылдана бастаған.
Бұл белгісіздіктің себебін түсіну үшін мектеп бітіруге жақын оқушыларға сауал қойылды. Жауаптар әртүрлі болғанымен, көтерілген мәселелер ортақ екені байқалды. Ең алдымен, жасөспірімдер ата-ана мен қоғам тарапынан артылатын шектен тыс үмітті атап өтті. Көпшілік үшін болашақ мамандық жеке қызығушылықтан гөрі, айналаның күткен нәтижесімен өлшенеді. «Қателессем, ата-анамның үмітін ақтай алмай қаламын» деген ой жасөспірімге ерте жастан жүк болып артылады.
Екінші себеп ретінде мұғалімдер тарапынан көрсетілетін қысым аталды. Кейбір оқушылардың айтуынша, «оқуға түспесең, адам болмайсың» деген секілді пікірлер қолдау емес, керісінше қорқыныш тудырады. Кей жағдайда пән мұғалімдерінің өз пәнін таңдауға үгіттеп, басқа бағыттарды жоққа шығаруы да оқушының еркін таңдау жасауына кедергі келтіреді.
Үшінші фактор – әлеуметтік қысым. «Ел не ойлайды?» деген сұрақ жасөспірім санасында берік орныққан. Әсіресе әлеуметтік желіде құрдастарының жетістігін көру өзін салыстыруға итермелейді. Көп жағдайда ол жетістіктің тек сыртқы көрінісі ғана көрсетілгенімен, оқушылар өз өмірін сол «мінсіз нәтижемен» өлшеуге тырысады. Бұл өзіне деген сенімсіздікті күшейтеді.
Сонымен қатар бүгінгі талапкерлер «қателесуге болмайды» деген түсініктің кең таралғанын айтады. Ақпараттың көптігі мен мүмкіндіктің кеңдігі әр қадамды есеппен жасауға мәжбүрлейді. Қателеспеу керек деген ой жасөспірімнің санасына ерте орнығып, еркін әрекет етуге тосқауыл болады.
Материалдық фактор да маңызды рөл атқарады. Көпшілік «егер грантқа түсе алмасам, ата-анам ақылы оқуға бере алмайды» деген алаңдаушылықты жасырмайды. Грант балының өсуі мен бәсекелестіктің артуы бұл қорқынышты күшейте түседі. Нәтижесінде мамандық арманмен емес, мүмкіндік пен тәуекелді есептеу арқылы таңдалады. Халықаралық зерттеулерге сәйкес, жасөспірімдердің едәуір бөлігі болашақ мамандығын нақты елестете алмайды. Ал жоғары оқу орнына түскен студенттердің көпшілігі таңдаған бағытына кейін күмәнмен қарайды. «Бұл мамандықпен болашақта нәпақа таба аламын ба?», «Бұл шынымен менің қалауым ба?» деген сұрақтардың туындауы – жүйелі мәселенің белгісі.
Қазіргі оқушыға қойылатын талап көп: жақсы оқу, дұрыс таңдау жасау, қателеспеу. Алайда осы талаптардың арасында ең маңызды сұрақ ескерусіз қалады: бұл бала нені қалайды, неге қабілетті, неге дайын? Мектеп пәндік білім беріп, ереже мен формула үйреткенімен, өзін тану мен өмірлік бағыт таңдау мәселесінде жеткілікті қолдау көрсете бермейді. Соның салдарынан көптеген оқушы алғашқы қадамдарынан-ақ қиналады.
Психологтардың айтуынша, болашаққа қатысты тұрақты белгісіздік күйзелісті арттырып, өзіне деген сенімсіздік қалыптастырады. Бұл оқуға деген ынтаның төмендеуіне де әсер етеді. Кейде үлгілі, тәртіпті, жақсы оқитын оқушының ішінде үлкен шаршау жиналады. Ол шаршау айқаймен емес, үнсіздікпен байқалады.
Мәселе мамандықтың көптігінде емес, сол таңдауға психологиялық дайындықтың жоқтығында. Оқушы санасына ерте жастан «бір ғана дұрыс жол бар» деген шектеулі түсінік сіңіріледі. Ал өмірде қателесу – тәжірибе. Болашақтан қорқу жеке адамның әлсіздігінен емес, жүйедегі олқылықтардан туындайды. Мектеп тек білім беретін орын емес, өмірге бағыт көрсететін ортаға айналуы тиіс. Қоғам жасөспірімнен дайын жауап емес, шынайы ізденіс күтуді үйренгенде ғана болашақ қорқыныш емес, саналы таңдаудың нәтижесіне айналады.
«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Бахытжан Айжархын
- Оразбай Сарыбаев
- Виктор Франкл
- Карл Густав Юнг
- Эрих Фромм
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі