Өлең, жыр, ақындар

Хобби – кімдер үшін?

    Хобби дегеніміз – адамның бос уақытында өз қалауымен әрі қызығушылықпен айналысатын, рухани демалыс сыйлайтын іс-әрекет. Ол күнделікті күйбең тіршіліктен арылып, өзіңе уақыт бөлуге мүмкіндік береді. Хоббидің түрлері өте көп: шығармашылық, спорттық, зияткерлік, қолөнер, техникалық және табиғатпен байланысты бағыттар. Кез келген хобби бос уақытты тиімді өткізуге және тұлғалық дамуға бағытталады.

Жас ерекшелігіне байланысты хоббимен айналысу деңгейі әртүрлі. Зерттеулерге сүйенсек, сурет салу мен өнер бағытындағы хоббимен айналысатындардың 58,5 пайызы – 18–24 жас аралығындағы жастар. 25–34 жас аралығында бұл көрсеткіш шамамен 37,1 пайызды құрайды, ал 35 жастан асқан адамдардың үлесі айтарлықтай төмен.

Спортқа келсек, елімізде 18–24 жас аралығындағы азаматтардың 44,7 пайызы спортпен белсенді түрде айналысады. Ал 25–34 жас тобында бұл көрсеткіш 50,9 пайызға дейін өседі. 35 жастан асқан адамдар арасында спортпен шұғылданушылар саны азайғанымен, бұл жастағы жандардың бұрынғы қызығушылықтарын қайта жаңғыртып, өз денсаулығына сай, қауіпсіз хоббилерді таңдауға мүмкіндігі бар.

Негізінде, хобби жас талғамайды. Дегенмен, статистика бойынша жастардың үлесі басым екені байқалады. Әрбір өзін сыйлайтын, өміріне мән беретін адамның сүйікті ісі болады. Ол оқу мен жұмыстан кейінгі психологиялық демалысқа, ішкі тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі. Өзіңе лайық хоббиді анықтау үшін алдымен не нәрсе саған қуаныш сыйлайтынын ойлану маңызды. Бос уақытыңда немен айналысқанды ұнататыныңды саралап, өз қабілетіңді байқап көру қажет. Түрлі бағыттағы істерді сынап көру арқылы қай хоббидің саған жақын екенін анықтауға болады. Ең бастысы – хобби міндет емес, рахат пен шабыт көзі болуы тиіс.

«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Хамит Фариза


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер