Өлең, жыр, ақындар

«Қазақта тегінен айырылу – нағыз бақыт»: тарихта өз есіміңді алтын әріппен қалдыру – жетістік шыңы

      Қазақ қоғамында адамды танытатын ең үлкен күш – оның тегі емес, өз есімі мен ісі. Тарихқа көз жүгіртсек, біз «Құнанбайұлы Абай», «Алтынсарин Ыбырай», «Жұмабаев Мағжан» деп толық атамаймыз. Жай ғана Абай, Ыбырай, Мағжан десек жеткілікті. Бұл есімдер бір әулеттің ғана емес, тұтас ұлттың рухани символына айналған.

Абай – ойдың биігі, сананың шамшырағы. Ыбырай – білім мен ағартудың бастауы. Мағжан – еркіндік пен сезім поэзиясының мәңгілік үні. Оларды ұлы еткен – шыққан тегі емес, артында қалған ізі. Олар өз есімдерін өз еңбегімен биіктетті. Бұл үрдіс бүгін де жалғасып келеді. Димаш десек, әлем қазақты таниды. Бір ғана есім – тұтас халықтың мәдени бейнесіне айналды. Ол сахнаға шыққанда, «Қазақстан» деген атау бірге айтылады. Бұл – есімнің ұлттан да биік тұрған сәті.

                                                            1

Жаңа буын да осы жолды жалғап келеді. Соның айқын мысалы – Yenlik. Ол әлемге әйгілі A COLORS SHOW жобасына шыққан алғашқы қазақ әншісі ретінде тарихқа енді. Бұл – жеке жетістік қана емес, қазақ музыкасының жаһандық деңгейде мойындалуы. Енді «Yenlik» деген бір ауыз сөздің өзі Қазақстанды, қазақ тілін, жаңа қазақ мәдениетін еске түсіреді. Ол да тегіне емес, өз есімінің салмағына айналған тұлға. Осындай адамдарға еліктеу – дұрыс бағыт. Өйткені олар бізге бір ақиқатты көрсетеді: адамды биікке шығаратын – шыққан жері емес, жасаған ісі. Тарихта қалу үшін атақты әулеттен шығу міндет емес. Маңыздысы – өзіңді дәлелдеу, өз жолыңды табу, өз даусыңды қалыптастыру.

Әр адамның ішінде бірегей есімге айналу мүмкіндігі бар. Біреу ғылымда, біреу өнерде, біреу қоғамда өз ізін қалдыра алады. Мақсат – біреудің баласы болып қалу емес, өз атымен танылатын тұлға болу. Тарихта есіміңнің қалуы – ең үлкен жеңіс. Өйткені тегіңмен емес, өз атыңмен есте қалу – ұлтқа айналу. Қазақта тегінен айырылу – жоғалу емес, керісінше, мәңгілікке қадам басу.

“Journiverse” білім беру орталығының оқушысы: Аяулым Махмуд​


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз