Өлең, жыр, ақындар

COLORS-ты өзіне бағындырған қазақ қызы

     2026 жыл Қазақстан үшін жағымды жаңалықтармен басталды. Қарапайым ауылдан шыққан Еңлік Құрарбек (Yenlik) әлемге әйгілі немістің A COLORS SHOW жобасында өнер көрсетіп, қазақ музыкасын халықаралық деңгейде танытты. Бұл – тек жеке жетістік емес, тұтас ел үшін үлкен мақтаныш.

                                                                           

     Еңліктің өнер жолы бірден басталған жоқ. Ол алғашында ауыл мектебінде ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып еңбек етті. Музыкаға деген сүйіспеншілігі 2017 жылы ән мәтіндерін жазудан басталды. Алайда түрлі себептерге байланысты 2018–2020 жылдар аралығында шығармашылығына үзіліс жасауға мәжбүр болды. Соған қарамастан, 2021 жылы сахнаға қайта оралып, BIPL әнімен дебют жасады. Бүгінде Yenlik лақап атымен танылған орындаушының «DOP», «BIPL», «KOKA», «MEILI», «ESEP», «AKEL AKEL», «16 QYZ» сынды бірқатар әндері тыңдарман жүрегінен орын тапты. Оның шығармашылығы заманауи музыкалық бағыттар мен қазақы интонацияның үйлесімімен ерекшеленеді.

 

A COLORS SHOW — 2016 жылы Германияда құрылған, YouTube платформасында кеңінен танылған халықаралық музыкалық жоба. Қазіргі таңда жобаның YouTube арнасында 8,2 миллион жазылушы бар. Бұл сахнада Billie Eilish, Drake, Joji, Tyla сынды әлемдік жұлдыздар өнер көрсеткен. Осындай деңгейдегі платформада қазақ қызының бой көрсетуі — үлкен жетістік. Ең қызығы, бұл жобаға алғаш рет шақырылған қазақстандық орындаушы — Yenlik. Сонымен қатар, жоба ұйымдастырушыларының өздері Еңлікке хабарласқан. Әнші бір сұхбатында: «COLORS-тен шақырту алған сәтте жылап жібердім. Бұған дейін бірнеше рет өзіміз өтініш берген едік, нәтиже болмады. Ал бұл жолы олар мені өздері тауыпты», — деп бөліскен.

Yenlik-тің «қазақ тілін әлем есту керек» деген арманы бүгінде шындыққа айналды. Оның жетістігі көптеген жастарға үміт пен сенім сыйлап, қазақ музыкасының мүмкіндігі шексіз екенін дәлелдеді.

2026 жылғы 13 қаңтарда A COLORS SHOW-дың ресми TikTok парақшасында Yenlik-тің BIPL әнін орындаған видеосы жарияланды. Қысқа уақыт ішінде бейнежазба 423,8 мың қаралым жинап, 71,9 мың лүпілге ие болды. Ал YouTube платформасында видео 133 мың қаралым мен 34 мың лүпіл жинады. Өнердегі аға буын өкілдері — Жұбаныш Жексен, Марат Оралғазин сынды танымал тұлғалар да Еңлікке қолдау білдірді. Еңлік Құрарбектің бұл жетістігі — қазақ музыкасы үшін жаңа кезеңнің бастауы. Ол ұлттық өнердің әлемдік сахнада өз орнын таба алатынын нақты дәлелдеді.

“Journiverse” білім беру орталығының оқушысы: Рысбекова Майра


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар