Қазақ елінде мен қызығатын ақын-жазушылар өте көп. Олардың ойды ашық жеткізе білуі, тапқырлығы мен зеректігі мені ерекше тамсандырады. Әр қаламгердің шығармасынан терең мағына, өмірлік сабақ табуға болады. Солардың ішінде мені ерекше қызықтыратын тұлғалар – Абай Құнанбайұлы, Дулат Исабеков және Оралхан Бөкей.
Абай Құнанбайұлы (1845–1904) – қазақтың ұлы ақыны, ойшылы әрі қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы. Ол Семей өңірі, Шыңғыс тауының бөктерінде дүниеге келген. Шын есімі – Ибраһим. Абай ауқатты әрі білімді отбасында өсіп, бала кезінен білімге, оқуға ерекше қызыққан. Сол себепті де оның өлеңдері мен поэмалары өте көп. Ақынның «Қара сөздері» (45 сөз) – философиялық әрі тәрбиелік мәні зор еңбектер. Сонымен қатар Абайдың «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем, Қаламқас» сияқты әндері халық арасында кең таралған. 2020 жылы ЮНЕСКО көлемінде Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аталып өтті.
Дулат Исабеков (1942–2024) – қазақ әдебиетінің көрнекті қаламгерлерінің бірі. Ол Түркістан облысы, Сайрам ауданында дүниеге келген. Жазушы адам мен қоғам арасындағы қарым-қатынасты терең бейнелеп, қазақ әдебиетінде психологиялық прозаның дамуына зор үлес қосты. Оның «Гауһартас», «Сүйекші», «Қарғын», «Тіршілік», «Әпке», «Мұрагерлер» атты повесть, әңгіме және пьесалары оқырманның жүрегінен орын алған. Дулат Исабеков Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған.
Оралхан Бөкей (1943–1993) – қазақ әдебиетінің ХХ ғасырдағы ең терең ойлы прозашыларының бірі. Ол Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданында дүниеге келген. Жазушы табиғат пен адам жанын астастыра суреттеп, философиялық ойға бай шығармаларымен ерекшеленді. Оралхан Бөкей ұзақ жылдар журналистика саласында, баспасөзде еңбек еткен. Оның «Қар қызы», «Сайтан көпір», «Мұзтау», «Атау кере», «Құлыным менің», «Мен сізден қорқамын» сияқты повесть, әңгіме, пьесалары бар. Жазушының шығармалары шетел тілдеріне де аударылған. Мен қызыққан бұл ақын-жазушылардың әрбір сөзі ойға толы, мағынасы терең. Олардың шығармалары мені ойлануға, өмірді терең түсінуге жетелейді. Қазақ әдебиетінің осындай ұлы тұлғалары – халқымыздың рухани байлығы.
“Journiverse” білім беру орталығының оқушысы: Нұрматова Мадина
- Жалаладдин Руми
- Жалаладдин Руми
- Қасым-Жомарт Тоқаев
- Қасым-Жомарт Тоқаев
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі