
Қазіргі заманда технологияның дамуына байланысты онлайн төлем жүйелері кеңінен қолданылып келеді. Адамдар дүкенде, қоғамдық көлікте немесе интернет-дүкеннен зат сатып алған кезде банк картасын немесе мобильді қосымшаларды пайдаланып төлем жасай алады. Бұл төлем түрі өте ыңғайлы әрі жылдам болғандықтан, көптеген елдерде кең таралған.
Онлайн төлемнің тарихы XX ғасырдың соңында басталды. 1994 жылы интернет арқылы алғашқы қауіпсіз төлем жасалды. Сол кезде NetMarket интернет-дүкені арқылы Sting орындаған музыкалық альбом сатылып, төлем банк картасы арқылы жүзеге асқан. Бұл оқиға онлайн сауданың дамуына үлкен жол ашты. Кейіннен интернет технологиялары дамып, түрлі төлем жүйелері пайда болды. Солардың бірі – PayPal жүйесі. Бұл жүйе адамдарға интернет арқылы қауіпсіз әрі жылдам төлем жасауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар Visa және Mastercard сияқты халықаралық төлем жүйелері де онлайн төлемнің кең таралуына ықпал етті.
Қазақстанда соңғы жылдары онлайн төлем жүйелері қарқынды дамып келеді. Банк қызметтерінің цифрлануы онлайн төлемдердің күнделікті өмірде кең қолданылуына әсер етті. Бүгінде қолма-қол ақша ұстап жүрмей-ақ, телефон арқылы төлем жасай аламыз. Қазақстандағы ең танымал онлайн төлем жүйелерінің бірі – Kaspi.kz. Бұл жүйе арқылы адамдар коммуналдық төлемдерді төлеп, дүкендерде QR код арқылы есеп айырысып, бір-біріне ақша аудара алады. 2019 жылы Kaspi мобильді қосымшасы арқылы жылдам төлем және QR жүйесі іске қосылып, онлайн төлемдердің кең таралуына үлкен ықпал етті. Сонымен қатар елімізде Halyk Bank ұсынатын Homebank қосымшасы да кең қолданылады. Бұл қосымша арқылы мыңдаған қызмет түріне онлайн төлем жасауға болады. Сонымен қатар QR код арқылы қоғамдық көлікте төлем жасау жүйесі де енгізілген. Қазақстанда электронды төлем жүйелері 2011 жылдан бастап заңды тұрғыда дамып, көптеген сервистер пайда болды. Мысалы, Wooppay, Visa Qiwi Wallet, Paypoint, Wallet One сияқты электронды әмияндар да елдегі онлайн төлем нарығында қолданылып келеді.
Бірақ онлайн төлемдердің кең таралуы өзінің жағымсыз әсерлерін тигізбей қоймады. Қазіргі таңда көптеген адамдар интернет алаяқтарының құрбанына айналып жатыр. Алаяқтар адамдардың жеке мәліметтерін ұрлап, олардың атына несие рәсімдейді немесе мандай терімен жинаған ақшасын сыпырып алып кетеді. Өкінішке қарай, дәл сол сәтте алаяқтықтың алдын алмасаңыз, ақшаны қайтару өте қиын, кейде тіпті мүмкін болмай жатады. Сонымен қатар онлайн төлемге үйреніп алып ақшасын мақсатсыз жұмсайтындар көбейді.
Онлайн төлем қазіргі қоғамда өте маңызды рөл атқарады. Бірақ ол қағаз ақшаны толықтай алмастырмай, екеуі қатар қолданылуы мүмкін. Себебі әр төлем түрінің өз артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Қағаз ақша немесе онлайн төлем екеуінің қайсысын таңдар едіңіз?
- Төлепбек Жантай
- Есбол Бозан
- Виктор Франкл
- Оразбай Сарыбаев
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі