
Айналамызда ауызынан ақ ит кіріп, көк ит шығатындар толып жүр. Бірі соны мақтаныш санаса, бірі үшін мәдениетсіздік. Бейәдеп сөздердің шығу тарихы қандай?
Бейәдеп немесе дөрекі сөздер – адамзат тілінде ертеден бері кездесетін құбылыс. Көпшілік мұндай сөздер кейін пайда болды деп ойлағанымен, шын мәнінде олар адамзат қоғамымен бірге қалыптасқан. Әр халықтың тілінде әдепсіз, балағат немесе дөрекі сөздер бар. Лингвистердің пікірінше, мұндай сөздердің пайда болуы адамның эмоциясын білдіруімен, қоғамдағы қарым-қатынаспен және мәдени нормалардың өзгеруімен байланысты.
Ғалымдар бейәдеп сөздердің адамның миымен де байланысты екенін айтады. Ұлыбританиядағы Кил университетінің психологы Ричард Стивенс жүргізген зерттеуде адамдар ауырсынған кезде бейәдеп сөз айтса, ауырсынуды аздап жеңіл сезінетіні анықталған. 2009 жылы жүргізілген тәжірибеде қатысушылар қолын мұздай суға салғанда бейтарап сөз айтқандарға қарағанда, бейәдеп сөз айтқандар суды ұзақ ұстай алған. Бұл бейәдеп сөздердің адамның эмоциялық реакциясына әсер ететінін көрсетеді.
Кейбір бейәдеп сөздердің шығу тегі өте көне тұрмыстық ұғымдармен байланысты. Көптеген халықтардың тілінде балағат сөздердің бір бөлігі дене мүшелері, аурулар немесе тұрмыстағы жағымсыз құбылыстардың атауларынан шыққан. Мысалы, Еуропа тілдерін зерттеген лингвистердің айтуынша, қазіргі ағылшын тіліндегі кейбір дөрекі сөздер XIII–XIV ғасырлардағы қарапайым тұрмыстық атаулардан қалыптасқан. Кейін қоғамда белгілі бір тақырыптарды айту ұят саналғандықтан, бұл сөздер әдепсіз сөздердің қатарына кірген.
Тағы бір маңызды фактор – қоғамдық тыйымдар. Лингвистикада “табу сөздер” деген ұғым бар. Бұл – қоғамда ашық айтуға болмайтын немесе ұят саналатын сөздер. Мұндай сөздер көбіне уақыт өте келе бейәдеп немесе балағат сөздерге айналады. Ғалымдардың пікірінше, қоғам белгілі бір тақырыптарды неғұрлым қатты шектесе, сол сөздер соғұрлым дөрекі немесе бейәдеп болып қабылданады.
Қазақ халқы сөз мәдениетіне ерекше мән берген. Қазақ қоғамында шешендік өнер жоғары бағаланған. XVII–XVIII ғасырларда өмір сүрген Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сияқты билер дауды шешкенде сөзді әдеппен, астарлап айтуға тырысқан. Қазақтың “Жақсы сөз – жарым ырыс”, “Аталы сөзге арсыз тоқтайды”, “Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады” деген мақал-мәтелдері де сөз мәдениетінің маңызын көрсетеді. Сондықтан қазақ қоғамында ашық балағат айту тәрбиесіздік белгісі саналған.
Қазіргі заманда бейәдеп сөздердің таралуына интернет, әлеуметтік желілер, кино және музыка мәдениеті де әсер етуде. Қазіргі жастардың күнделікті сөйлеуінде жаргон және дөрекі сөздердің қолданылуы бұрынғы кезеңдерге қарағанда жиі кездеседі. Бұл тіл мәдениетінің өзгеріп жатқанын көрсетеді.
Есте сақтап жүріңіздер, қоғамдық орындарда былапыт сөйлеп, ауызыңыздан шыққан сөзге ие болмасаңыз, арқаңызға 78640 теңге арқалауыңыз мүмкін. Іс-әрекеттің ауырлығына байланысты жаза да үлкейе береді. Сол үшінде айтар сөзіңізді сүзгіден өткізіп айтыңыздар.
- Төлепбек Жантай
- Есбол Бозан
- Виктор Франкл
- Оразбай Сарыбаев
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі