«Адам – дәуірдің түйесі, дәуір–адамның иесі». Халқымыздың осы бір тәмсілі заман мен адам арасындағы үздіксіз байланысты аңғартса керек. Бірақ заман құбылғанымен, құндылықтың тозбайтыны болады.
Бұл құндылықтарға «Кемел адам» концепциясы да жатады. Осы орайда: «Кемелдік дегеніміз не?» деген сұрақ туындайды. Бұл ұғым көз алдымызға, ең алдымен, әл-Фараби мен Абайдың ойларын, Бауыржан атамыздың темірдей түзу тәртібін елестететіні анық.
Әрине, олар бұл биікке дайын күйінде жеткен жоқ. Бүкіл ғұмырын өз нәпсісімен, ішкі «менімен» алысумен өткізді. Жаны мен арының тазалығы үшін күресті. Сол биікке жеткеннің өзінде «әлі де ізденісім аз, ішкі тазалығым жеткіліксіз» деп күйінген нағыз ұлы тұлғалар болды.
Бұл тек моральдық деңгей емес, интелектің, рухтың және әлеуметтік жауапкершіліктің ең жоғарғы нүктесі. Біздің мұрат солар салған үлгінің ізімен жүре отырып, кемелдік аялдамасына адаспай жету. Бәлкім кейінгі ұрпақта біз салған ізді тұсбағдар қылар.
Фараби білімді этикадан бөліп қараған жоқ. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген қағида осыдан шыққан. Түркілік тәрбиенің негізін қалаған ұстаз әл-Фараби үшін кемелдік ізгілік пен тәрбиенің жемісімен өлшенді. Ол адам бойына жақсы қасиеттерді дарыту тек өнеге арқылы іске асатынын айтып, ішкі әлемі реттелмеген адамның қоғамға (қалаға) пайдасы тимейтінін дәлелдеді. Егер адамның ақылы толып, бірақ мінезі түзелмесе, оның алған білімі қоғамды қирататын қаруға айналады. Сондықтан ұстаз ең алдымен жүректің тәрбиесін бірінші орынға қойды.
Фарабидің «Қайырымды қаласынан» бастау алған ізгілік идеясы Абайда «Толық адам» болып шыңдалды.
Хакім Абайдың «Толық адам» концепциясы батыстың бүгінгі EQ ( эмоционалдық интеллект) ілімінен әлдеқайда тереңде жатыр. “Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек” деген бір-ақ шумақ өлеңімен кемелдіктің түбіне жетуге болады.
Нағыз кемелдік иесі деп иманы берік, таным көкжиегі кең, ақ пен қараны, дұрыс пен бұрысты ажырата алатын тұлғаны айтамыз. Ол өзгеге зиян тигізбеуді ғана емес, баршаға пайдалы болуды мақсат етеді. Ең бастысы, өз ар-ұжданының алдында беті қызармайтындай өмір сүру. Адам бойындағы «ұят» пен «ар» категориялары сыртқы заңдардан да қуатты ішкі бақылаушыға айналады. Ондай адам бар жерде әділдік орнайды, өйткені ол өзгенің қақысын жеуді өз рухына жасалған қиянат деп біледі.
Қазіргі жаһандану дәуірінде адамның техникалық мүмкіндіктері артқанымен, іштен рухани өлуі көбейген. Мұндайда Абайдың «Толық адам» концепциясы адасқанға бағдаршам, шөлдегенге кәусар бұлақ іспетті. Біз ақылды әрі қайратты бола тұра, жүректі ұмыт қалдырсақ, адамдық қасиетімізден ажырай бастаймыз.
Бауыржан Момышұлы үшін адамның құндылығы оның лауазымымен немесе білімімен емес, намысымен өлшенеді. Ол «Намыс – ердің серігі» деп қана қоймай, намысты өлімнен де биік қойды. Оның түсінігіндегі кемел адам өз арының алдында ғана емес, халқының, бабалар аманатының алдында жауапты жан. Намысты адам сатқындыққа бармайды, өтірік айтпайды және қиындықтан қашпайды.
Бауыржан философиясының өзегі «тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген қағида. Кемел тұлға, ең алдымен, өз нәпсісін, өз қорқынышын және өз жалқаулығын жеңе білуі тиіс. Өз басын басқара алмаған адам өзгенің тағдырына жауапкершілік ала алмайды.
«Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу сатқындықтың белгісі» дейді ол. Ана тілін білмеуді ол рухани мүгедектік деп есептеді, өйткені тілсіз ұлттық намыс та, ұлттық мінез де қалыптаспайды.Жұмсақтық пен жасқаншақтықты ол кемелдікке жат қылықтар деп білді. Оның ойынша, жағымпаздық пен жалтақтық адам бойындағы ең лас қасиеттер.
Қорытындылай келе, рухани азық іздеген сәтте Қайрат Жолдыбайұлының «Кемел адам» еңбегінен түйгендерім көкейге қона кетті. Адам баласы су сияқты болуы керек екен. Су қандай ыдысқа құйылса, соның формасын алатыны секілді, қоғамның кез келген жағдайына бейімделе отырып, тіршілікке пайдаңды тигіз.
Кемел адам болу деген мүлтіксіз, яғни, идеал болу емес. Кемелдену кешегі өзіңнен жақсырақ болуға талпыну. Адам болып туылған соң, адам кейіпіңде қалу қажет.
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 3-курс студенті
Толепбергенова Айнамкөз
- Бернард Шоу
- Марк Твен
- Белгісіз
- Шәкәрім Құдайбердіұлы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі