Жер сағаты — экологияға жасалған ортақ қадам

Жер сағаты — 2007 жылы Дүниежүзілік табиғатты қорғау қоры бастамасымен Австралияның Сидней қаласында алғаш рет өткізілген халықаралық экологиялық акция. Алғашқы жылы бұл бастамаға шамамен 2,2 миллион адам қатысып, бір сағатқа жарықты өшірген. Уақыт өте келе акция ауқымы кеңейіп, бүгінде ол 190-нан астам елде өткізіліп келеді. Жыл сайын наурыз айының соңғы сенбісінде, жергілікті уақыт бойынша 20:30–21:30 аралығында адамдар мен ұйымдар жарықты сөндіріп, табиғатты қорғауға үн қосады.
  Жер сағатының басты мақсаты — Климаттың өзгеруі және қоршаған ортаның ластануы сияқты жаһандық мәселелерге қоғам назарын аудару. Бұл акция тек символдық сипатқа ие болғанымен, оның әсері өте ауқымды. Мысалы, 2018 жылы Жер сағатына 188 ел қатысып, 17 900-ден астам нысан жарығын өшірген. Әлемнің ең танымал ғимараттары — Эйфель мұнарасында, Сидней опера театрында, Биг-Бенде  осы күні қараңғылық орнап, экология мәселесіне назар аудартудың символына айналады. Сонымен қатар, Жер сағаты адамдарды энергияны үнемдеуге және табиғатқа жауапкершілікпен қарауға үйретеді. Кейбір зерттеулер бойынша, акция кезінде қалалардағы түнгі жарық деңгейі айтарлықтай төмендеп, жарық ластануы азаяды. Дегенмен, мамандар бұл акцияның негізгі әсері электр қуатын үнемдеуде емес, адамдардың ой-санасын өзгертуінде екенін атап өтеді. Яғни, Жер сағаты миллиондаған адамды экологиялық мәселелер туралы ойлануға, күнделікті өмірде энергияны аз тұтынуға және табиғатты қорғауға бағытталған әрекеттер жасауға ынталандырады.
  Қазақстан да бұл халықаралық бастамадан тыс қалған жоқ. Ел аумағында Жер сағаты акциясы 2009 жылдан бері өткізіліп келеді. Жыл сайын түрлі қалаларда жарық өшіріліп, экологиялық акциялар ұйымдастырылады, бұл қоғамның табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.


WhatsApp Telegram

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз