КазҰУ- білім мен биік мақсат тоғысқан мекен

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті — Қазақстан Республикасының жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Университет 180-нен астам мамандық бойынша білікті кадрлар даярлайды. Халықаралық рейтингтерде де ҚазНУ өз орнын айқындап келеді. Мысалы, QS World University Rankings нәтижелері бойынша университет 2022 жылы 150-орынға ие болса, 2023 жылы 230-орынға жайғасқан. Бұл көрсеткіштер оқу орнының әлемдік білім кеңістігіндегі беделін айқындайды.

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – Қазақстандағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі ретінде сапалы білім мен ғылымның орталығы болып табылады. Университетте білім беру үдерісі заманауи талаптарға сай ұйымдастырылған: тәжірибелі оқытушылар, ғылыми зерттеулер және халықаралық бағдарламалар студенттердің кәсіби деңгейде қалыптасуына ықпал етеді.

ҚазҰУ-да ғылым мен инновацияға ерекше көңіл бөлінеді. Университет құрамында Ғылым және инновациялық қызмет департаменті жұмыс істейді. Бұл департамент университетте жүргізіліп жатқан ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды (ҒЗТКЖ) үйлестіріп, жоғары білікті кадрларды даярлауды жүзеге асырады. Сонымен қатар, ол факультеттерді, ғылыми-зерттеу институттарын, ғылыми орталықтарды және технопаркті біріктіретін біртұтас ғылыми құрылым ретінде қызмет атқарады.

Департамент өз жұмысын университеттің даму стратегиясына және ғылыми кеңестің шешімдеріне негіздей отырып жүзеге асырады. Оның негізгі мақсаты – университеттің ғылыми және зияткерлік әлеуетін толық пайдалану, ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттыру, білім беру сапасын жақсарту және инновациялық қызметті дамыту. Сонымен қатар, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және ғылым мен өндірісті байланыстыруға ерекше назар аударылады.

Осының барлығы ҚазНУ-дың тек білім беретін орын ғана емес, сонымен қатар ғылым мен инновация дамыған заманауи университет екенін көрсетеді. Мұнда студенттер өз білімін тәжірибемен ұштастырып, болашақта бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптасады.

 

Университет тек білім берумен шектелмейді, ол студентті жан-жақты тұлға ретінде қалыптастырады. ҚазНУ-да оқу тәртібі, жауапкершілік, уақытты тиімді пайдалану сияқты қасиеттерге ерекше көңіл бөлінеді.

Студенттер түрлі мәдени іс-шараларға, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып, өзара сыйластық пен ортақ құндылықтарды меңгереді. Сонымен қатар, университет студенттерді театрлар мен музейлерге апару арқылы олардың рухани және мәдени деңгейін арттыруға ықпал етеді.

Бұл орта студенттің тек кәсіби маман ғана емес, саналы, мәдениетті, қоғамға пайдалы азамат болып қалыптасуына ықпалын тигізеді.

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – тек білім ордасы ғана емес, еліміздің болашағына үлес қосқан, қоғамда өз орны бар ірі тұлғаларды тәрбиелеген қасиетті шаңырақ. Университет қабырғасында алған білім мен тәрбие көптеген түлектердің үлкен жетістіктерге жетуіне негіз болды.

Солардың бірі – Олжас Сүлейменов. Ол – қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, қоғам қайраткері әрі антиядролық «Невада–Семей» қозғалысының негізін қалаушы. ҚазҰУ-дың геология факультетінде білім алған Олжас Сүлейменов студенттік жылдарында-ақ өзінің шығармашылық қабілетімен ерекшеленіп, кейін халықаралық деңгейдегі тұлғаға айналды. Оның еңбектері қазақ мәдениеті мен әдебиетінің дамуына зор үлес қосты.

Сонымен қатар, Рахман Алшанов – экономика ғылымдарының докторы, белгілі ғалым әрі білім беру саласының көрнекті өкілі. Ол ҚазҰУ-да білім алып, кейін осы оқу орнында қызмет атқарып, ғылым мен білімнің дамуына үлкен үлес қосты. Оның еңбектері еліміздің экономикалық дамуына бағытталған маңызды ғылыми зерттеулермен ерекшеленеді.

Тағы бір мақтан тұтар тұлға – Ақмарал Арыстанбекова. Ол Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы тұңғыш тұрақты өкілі ретінде еліміздің халықаралық деңгейдегі беделін арттырды. Оның дипломатиялық қызметі Қазақстанның сыртқы саясатындағы маңызды кезеңдермен тығыз байланысты.

Сондай-ақ, Игорь Рогов – заң ғылымдарының докторы, мемлекет қайраткері, Конституциялық Кеңестің бұрынғы төрағасы ретінде еліміздің құқықтық жүйесінің қалыптасуына зор үлес қосқан тұлға. Оның қызметі заң үстемдігін қамтамасыз ету мен мемлекеттік басқару саласының дамуына бағытталған.

Бұл тұлғалардың барлығы – ҚазНУ-дың жоғары деңгейдегі білім мен тәрбие беретінін дәлелдейтін жарқын мысалдар. Университет әр студентке өз мүмкіндігін толық ашуға, үлкен мақсаттарға ұмтылуға және қоғамға пайдалы азамат болуға жол ашады.

Сондықтан да ҚазНУ – тек өткеннің емес, болашақтың да ұлы тұлғаларын қалыптастыратын маңызды білім ордасы.

 

Қорытындылай келе, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – білім мен биік мақсат тоғысқан ерекше мекен. Мұнда әр студент сапалы білім алып қана қоймай, тұлғалық тұрғыдан дамып, үлкен өмірге сенімді қадам жасайды.

ҚазНУ – болашақ көшбасшыларды тәрбиелейтін, мүмкіндіктерге толы білім ордасы. Осындай ортада білім алу – әр студент үшін үлкен мүмкіндік әрі жауапкершілік.


WhatsApp Telegram

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз