ҚазҰУ: аудиториядан тыс өмір

Әл‑Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (ҚазҰУ)‑ға бірінші курсқа келгенімде мен үшін бәрі жаңа, күрделі, тіпті кейде түсініксіз көрінді. Университеттің ауласындағы үлкен ғимараттар, әртүрлі пәндер, лекциялар мен тапсырмалар – бәрі жасанды және алыста секілді сезілді. Дегенмен уақыт өте келе бұл оқу орны маған тек білім беретін мекеме ғана емес, сонымен бірге жеке тұлға ретінде қалыптасатын, жаңа мүмкіндіктер мен жаңа достар табатын мекенге айналды. Қазір мен күнделікті ҚазҰУ‑ға барғанда өзімді жайлы, сенімді сезінемін, өйткені мұнда менің жолдастарым, достарым және менің жеке дамуым үшін қажетті орта бар. Университетің аудиториядан тыс өмірі маған шынайы тәжірибе мен маңызды құндылықтарды береді және мен оған қуана қатысамын.

Әл‑Фараби атындағы ҚазҰУ – Қазақстан Республикасының ең ірі және ең беделді жоғары оқу орындарының бірі. 1934 жылы негізі қаланған бұл университет еліміздің классикалық университеттері арасында жетекші орын алады және жоғары білімнің сапасы мен ғылыми зерттеулердің деңгейімен танымал. ҚазҰУ‑да бүгінде 20 мыңнан астам студент оқиды, оның ішінде бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша білім алушылар бар.   Оқу орынның құрамында 16 факультет пен 60-тан астам кафедра, сонымен қатар ғылыми‑зерттеу институттары мен орталықтар жұмыс істейді, бұл студенттерге таңдаған мамандықтарын терең меңгеруге мүмкіндік береді.

ҚазҰУ‑дағы студенттік ұйымдардың белсенділігі университеттің жан‑жақты дамуына ықпал етеді. Мысалы, студенттік кеңес, ғылыми қоғамдар және еріктілер бірлестіктері студенттердің кәсіби, әлеуметтік және азаматтық қабілеттерін дамытуға бағытталған. Осы ұйымдар мәдени шаралар, дебаттар, спорттық жарыстар және әлеуметтік жобалар ұйымдастырады, бұл студенттердің жан‑жақты даму мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Мен үшін ең маңызды ұйымдардың бірі – ENACTUS KazNU. Мен осы ұйымға қатысып, оның жобаларында белсенді түрде жұмыс істедім. ENACTUS – бұл студенттердің экономикалық және әлеуметтік жобаларды жобалау және жүзеге асыру арқылы практикалық тәжірибе жинайтын бірегей ортасы. 2024–2025 оқу жылында біздің команда «AsylZher» немесе натрий гуматофосфаты («ГуФос») деп аталатын тыңайтқыш жобасын әзірледі. Бұл тыңайтқыш дәстүрлі өнімдерге қарағанда әлдеқайда тиімді болып шықты және ауыл шаруашылығы саласында үлкен сұранысқа ие болып, «ең үздік Start-Up» кубогын жеңіп алды. Қуаныштысы, бұл жоба бүгінге дейін тоқтамай дамып келеді және оның сатылымы әлі де сәтті жалғасуда. Мен бұл өнімнің өзін жасап шығару процесіне тікелей қатыспасам да, оның маркетингі мен сатылымын ұйымдастыруға барынша белсенді атсалыстым. Тұтынушылармен байланыс орнату, өнімнің артықшылықтарын түсіндіру және нарықта ілгерілету жұмыстары маған көшбасшылық, жауапкершілік және командада жұмыс істеу дағдыларын дамытуға үлкен ықпал етті.

Айта кететін тағы бір маңызды әрі жауапты жайт – тура бір айдан кейін республикалық «National Cup» (Ұлттық кубок) сайысы өтеді. Сол дүбірлі додада біздің ENACTUS командасы өзіміздің білім ордамыз – ҚазҰУ-дың намысын қорғап, жобаларымызды жоғары деңгейде таныстыратын болады.

Ғылыми даму да университеттік өмірдің маңызды бөлігі. 2025 жылдың қараша айында мен экономикалық теория бойынша университеттік олимпиадаға қатыстым. Бұл олимпиадаға мен топ жетекшісі ретінде белсенді қатысып, біз гран‑при жүлдесін жеңіп алдық, ал мен «Нағыз көшбасшы» номинациясын» иелендім. Осы тәжірибе маған теориялық білімімді тереңдетіп қана қоймай, сондай‑ақ жаңа достар тауып, бірлескен жұмыс арқылы жаңа идеялар мен көзқарастарды дамытуға мүмкіндік берді. Бірлескен дайындық бізді жақын достарға айналдырды және оқу барысын көңілді әрі өнімді етті.

ҚазҰУ‑дың мәдени өмірі студенттің жан-жақты дамуына ерекше ықпал етеді. Біз бірлесіп Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық жастар театрына барып, Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» пьесасына бардық. Бұл сапар бізге әдебиетті тереңірек түсінуге мүмкіндік берді, студенттердің эмоциялық интеллектін дамытты және ортақ мәдени тәжірибе арқылы бірлік сезімін күшейтті.

Көктемде Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік көркем сурет музейіне барып, ұлттық өнер мен заманауи шығармашылықты зерттедік. Мұнда қазақ суретшілерінің классикалық және қазіргі заманғы туындылары ұсынылған, бұл бізге өнердің тарихын, оның көркемдік мәнін және ұлттық мәдениеттің дамуын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Маған әсіресе Сандро Боттичеллидің «Derelitta» («Оставленная») атты жұмбаққа толы полотносы қатты ұнады. Студенттік экскурсия тек көркемөнерді тамашалау ғана емес, сонымен бірге әрбір туынды арқылы шығармашылық ойлау қабілетімізді дамытуға, эстетикалық талғамымызды шыңдауға және тарихи контексті бағалауға жағдай жасады.

Сонымен қатар, біз Д. Қонаевтың мұражайына, кейін оның мемориалдық пәтеріне бардық. Бұл мұражай Дінмұхамед Қонаевтың өмірі мен қызметін көрсететін экспозициялар арқылы бізге саясат, тарих және әлеуметтік құндылықтарды жақынырақ түсінуге мүмкіндік берді. Мұражай мен пәтерде әр бөлме, әр экспонат арқылы біз Қазақстанның саяси тарихы мен ұрпаққа қалдырған мұрасын терең сезіндік. Мұндай тәжірибе студенттердің тарихи санасын қалыптастырады, мәдениетке құрметін арттырады және өз елінің тарихына деген қызығушылығын оятады. ҚазҰУ‑да оқу мен әлеуметтік өмір арасындағы теңдікке ерекше мән беріледі. 

Студенттік жылдар – бұл тек лекциялар мен емтихандар емес, сонымен бірге жаңа мүмкіндіктерді игеру, тұлғалық даму және болашаққа бағыт алу кезеңі. Университеттің студенттерге ұсынылатын мүмкіндіктері кең: ғылыми жобаларға қатысу, ұйымдық жұмыстар, мәдени және қоғамдық іс‑шаралар, бұл студенттің дамуына жан‑жақты ықпал етеді. Сонымен қатар, академиялық мобильдік бағдарламалар арқылы студенттер шетелдік университеттерде қысқа мерзімді курстар мен тағылымдамаларға қатысуға мүмкіндік алады, бұл өз тәжірибесін халықаралық деңгейде арттыруға, шет елдік оқу жүйесін зерттеуге және жаңа мәдени орталарда жұмыс істеу дағдыларын дамытуға жағдай жасайды.

Мен үшін ҚазҰУ тек білім аламын деген орын ғана емес, өзімді танып, әлеуетімді іске асыратын, жаңа достар мен тәжірибе жинайтын мекенге айналды. Мұнда менің жауапкершілігім артты, оқу материалын терең түсіне бастадым, коммуникация дағдыларымды жетілдірдім. ҚазҰУ‑дағы өмір мені әлеуметтік әрі кәсіби жағынан дайын маман ретінде қалыптастыруда және болашақта өз мүмкіндігімді толық игеруім үшін сенімді платформа болып отыр.

Қорыта айтқанда, Әл‑Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – тек диплом беретін орын ғана емес, студенттің өмірлік, әлеуметтік және академиялық тәжірибесін қалыптастыратын орта. Мұнда әрбір студент жаңа идеялар мен мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік алады, ал университеттің кең мүмкіндіктері студенттердің жан‑жақты дамуына бағытталған.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің 1 курс студенті - Тоқаева Жанерке
Қазақстан тарихы кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты У. М. Джолдыбаева


WhatsApp Telegram

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз