Бүгінгі жаһандану дәуірінде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, оны жас ұрпақтың бойына терең сіңіру - қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Осы мақсатта Бородулиха аудандық тіл орталығы «Қазақ тілінің болашағы - жастардың қолында» атты мазмұнды дебат ұйымдастырды.
Іс-шараға аудан мектептерінің белсенді оқушылары мен ұстаздары қатысып, қазақ тілінің қоғамдағы орны мен болашағы жайлы өз ой-пікірлерін ортаға салды. Дебат барысында қатысушылар топтарға бөлініп, мемлекеттік тілдің даму бағыттары, оның қолданылу аясы және жастардың тілге деген көзқарасы секілді өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасты. Жастар қазақ тілінің ғылым мен технология, бизнес және халықаралық кеңістікте қолданылу мүмкіндіктерін жан-жақты талқылады. Сонымен қатар, тілдің тек қарым-қатынас құралы емес, ұлттық бірегейліктің, рухани тұтастықтың басты белгісі екендігіне ерекше тоқталды. Пікірталас барысында оқушылар өзара сұрақтар қойып, нақты дәлелдермен ойларын қорғады.
Дебат атмосферасы қызу әрі мазмұнды өтті. Қатысушылардың белсенділігі, ой ұшқырлығы мен тіл мәдениеті шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын көрсетті.Дебат соңында үздік спикер анықталып, арнайы марапатқа ие болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай форматтағы іс-шаралар жастардың тілге деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, олардың ойлау қабілетін, шешендік өнерін және қоғам алдындағы жауапкершілігін қалыптастыруға зор ықпал етеді. «Бородулиха аудандық тіл орталығының» мамандары алдағы уақытта да мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға бағытталған түрлі мәдени-ағартушылық және шығармашылық шараларды тұрақты түрде өткізуді жоспарлауда.
Қазақ тілі - ұлттың жаны, рухтың өзегі. Осы рухани мұраны сақтап, дамытудың кілті - білімді, ұлтжанды жас буынның қолында. Мемлекеттік тіл тәуелсіздігіміздің жырын жырлап, бұғанасын қатайтты. «Ұлттың сақталуына да, жоғауына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы - тіл» деген Ахмет Байтұрсынұлының қасиетті қағидасына сүйенсек, Ата заң аясында бақ берекетіміздің сақталып отырғаны - тіл саясатын дұрыс жүргізудің жемісі екені анық.Тіл - халық қазынасы, ұлттың жаны. Тілдің мәселесі - ұлттың мәселесі. Мерейін асыратын да, құтын қашыратын да - өзіміз. «Тәрбие тілден басталады» дейді халық даналығы. Тілді меңгертуде ата-ана мен білім ұясының рөлі ерекше. Әр отбасы бесіктен бастап балаға қазақ тілін үйретуді басты мақсат етуі тиіс. «Ана тілін білмеген, анасын да сыйламас» демекші, өз ана тілін білмеген жаннан анасын сыйлайтын адамның шығуы неғайбыл.
Халық үшін өзге тілде сөйлеу қауіпті емес, өзге тілде ойлау қауіпті. Қазақ пен қазақтың, әке мен баланың, әріптестердің өзара қазақ тілінде сөйлеспеуі көңілге қонымсыз-ақ. Бірақ қазақ тілі - тек қазақ халқының ғана тілі емес, мемлекеттік тіл - ортақ тіліміз. Қазақстанда тұратын, оны Отаным деп қабылдайтын, өзін Қазақстанның патриоты деп есептейтін әрбір азаматтың тілі болуы тиіс. Президенттіміз айтқандай: «Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде». Ендеше, тілімізді отбасымызды қадірлегендей қадірлейік. Қазақстан азаматы деп саналатын әрбір адам мемлекеттік тілді білуі шарт деп ойлаймын. Тіл - адамдар арасындағы қарым-қатынастың аса маңызды құралы ғана емес, ойлаудың, дүниетанымның, рухани мәдениетті жасаудың және оны сақтаудың басты құралы. Жас ұрпақты тәрбиелеу, оларға ғылым мен білім үйрету - тіл арқылы жүзеге асады. Мемлекеттік тілді оқыта отырып, жастардың бойына елдік сана сіңіріліп, мемлекеттік рәміз, ұлттық дін мен ұлттық болмыс туралы түсініктер қалыптасады.Біздің қазақ халқының тілі өте бай, айтылуға орамды, көркем тіл.
«Тіл - ақылдың өлшемі». Тіл - адамның барлық саналы өмірінің құралы: өнер-білімді, мәдениеттілікті, қоғамның белсенді азаматы болуды ол тіл арқылы үйренеді.Ана тілі - еліміздегі барлық халықтардың іс-әрекетінің, қарым-қатынасының құралы болуы тиіс. Оның мәдениетін жоғары сатыға көтеру - әрқайсымыздың борышымыз. Тіл байлығын игеру - ана тілін қадірлейтін, тіл мәдениетінің шыңына қол созатын адамның әрекеті. Ана тілін жақсы білу - әркімнің азаматтық борышы, қоғамда атқаратын қызметінің тірегі.«Қанша тілді білсең, сонша мәдениеттісің, сонша байсың» деген даналық сөз бар. Әрине, құптарлық ой. Бірақ өзге тілді білемін деп жүргенде өз тілімізден алыстап кетпеуіміз керек. Тәуелсіздіктің негізгі тірегі - ұлттың тілі. Тәңірдің адам баласына жасаған сыйы да - тіл. Ол қасиетті де қастерлі. Оның бойында өзекті де жанды тарта түсетін ерекше күш бар. Тілде бүкіл тіршілік мәні жатыр.Тіл - ұлттың аса игілікті әрі ажырағысыз белгісі. Тілдің тағдыры - баршамыздың қолымызда. Тілін білмейтіндер емес, тілін білгісі келмейтіндер - мәңгүрт. Тілді дамыту - ел саясатының аса маңызды бағыты.Тіліміз құрып бара жатыр деп отыра бермей, оның маңызы мен мүмкіндігін жан-жақты ашып, жұрттың оған деген сенімін нығайтуға күш салуымыз керек. Тілді насихаттауда жеке адамдардың, отбасының рөлі зор.
Әр отбасында тілге деген жанашырлық болса, «тамшыдан дария құралатыны» секілді, тіліміздің деңгейі де биіктей түсер еді. Президеттіміз айтқандай: «Дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған, өмірдің кез келген орайында әрі қару, әрі қалқан болған, әрі жас отты да ойнақы ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екен?!» Ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретіндегі мәдени тұтастығына ең негізгі ұйтқысы болған - оның ғажайып тілі.Болашақ - әр адамның өмірінің жалғасы, еңбектің жемісі, арманның айғағы. Біз болашаққа көз жүгірткенде оның нақты қалай өрбитінін білмесек те, бір нәрсе анық: болашақ - жастардың қолында. Жастар - қоғамның ең белсенді, ойлы, креативті тобы. Олар жаңа идея мен серпілістің бастауы. Білімге құштар, елжанды жастар елдің дамуына, тіліміздің өркендеуіне үлкен үлес қосады. Мағжан Жұмабаев атамыз жастарға сенді, біз де сенуіміз керек. Жастарға қолдау көрсету - өз болашағымызды қамтамасыз ету.Еліміздің ертеңін ашып, алға жетелейтін күш - жастар!
- Нарша Булгакбаев
- Марғұлан Сейсембай
- Әлкей Марғұлан
- Әлкей Марғұлан
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі