Бақытты Жамал - Ілияс Жансүгіров

І

Іле өзенінің оң жағындағы ор­қаш-орқаш тауларды қақ жарып кең жол шығысқа қарай қасқиып жатыр. Бұл жолды Киріп жолы дейді. Жол бір жерлерде адыр-адыр асуларды, жықпыл-жықпыл жыраларды, шың-шың сайларды қақ жарса, бір жерде таудың жазық төсін тіліп, теңіздей кең даланы кесіп өтеді.

Осы кең жолдың жиегімен қы­быр­лай басып бір жаяу жолаушы ке­леді. Түр-тұрпаты ұзақ жол жүріп, көп бейнет көрген кісі сияқты. Әбден шаршаған, тұлғасы шайқалады, басы былғақтайды, аяғы шалысып, әзер ғана адымдайды. Үсті-басы шаң, көшкен елдің жұртындағы күліне түнеп шыққан бұралқы ит сықылды, жағы қураған, көзі суалған, бет-аузын ыстық түтетіп, шаң-топырақ басып, самайдан сорғалаған тозаңмен бат­тасып, жарық ерні кеберсіп кеткен. Сол түнерген бетіндегі таңқылау мұр­ны борсықтың бұзылған ініне ұқсай­ды. Кірі сорғалаған кеңірдегі сора­йып, түсі тозық шүберекті еске тү­сіре­ді. Үстіндегі бес патпан кірлі жұлма жейденің жыртық жағасы жұт жылғы жүдеу түйенің жабуындай күнге күйген күн иықтан салбырап келеді. Қара кір дамбалдың балағы борша-борша. Басындағы түте тақия торғайдың тозық ұясын еске түсіреді. Шаңмен баттасқан бастағы өскелең шаш қотыр ешкінің жүніндей үрпиіп, бұрқыраған терден маңай сасиды. Жалаң аяғында сау тамтық жоқ, жара-жара, домбық, асудан тұралаған аттай аянкестеніп тастақ жолды баса алмайды.

Оның аяғына жолдың қиыршығы пышқының жүзінен жүргендей. Сон­дықтан, ол жолдың шетін қағылдап басып жиектеп келеді, бір қолында қабығы аршылған ақ таяқ, бір қолын­да аузы бақадай ашылған көн етікті жұлма шекпенге орап, айыл белдігі­мен буып арқасына салған.
Күн ыстық, жол ұзақ, жаңа жақ, жаяудың жаны қыл үстінде ілгерінді-кейінді өтіп жатқан аптамабілдер күрілдеп, пырылдап тыным бермейді. Біреуінен құтылса екіншісі келіп қалады. Көз ұшында көрінген бір қара лезде жетіп, «жолды бер, бер р р, бер р р р!» дегенді кіжініп қоя бере­ді. Кейде жолдың қысаң, жалтарыс жерлерінде тіпті қысылады. Алдынан бір мәшине келіп қалып, бұрыла берем бе дегенде артынан келіп қалған екінші мәшине ішіп-жемге қоймай ақырып, бақырып жерге тығып жібере жаздайды.

Жол қанша кең болса да бұл жо­лау­шыға тар сықылды. Жан-жақтың бәрі жат. Осы ұзын жолдың үстінде ол өзін өте кем, өте қор деп сезеді. Өзі­нен надан, өзінен осал жан жоқ сықылданады. Айналаға қарағанда өзі аса әлсіз, аса құнарсыз, қоңыз, құрт сияқтанып, ерсілі-қарсылы зуылдап, зырылдап өтіп жатқан мә­ши­ненің біреуі қағып кетсе қоңыздай жаншылып қалатындай көрінеді. Ана мәшинені мініп өтіп жатқан топ-топ адамдар нағыз адам деген солар. Олар мәшинені жүргізіп, дүниені сиқырға айналдырып жер мен көкті көшіріп темірді, отты көлік етіп жүрген ер­тедегі «иа пері, иә періште» сықылды. Айнала жат, адамдары жаңа.

Жол жүре-жүре тауға тырмысты. Тауға тырмысқан сайын жақпар-жақпар тастарды қашап салған толып жатқан көпірлерден өтті. Мұндай тар жерлерде талай ауыр, жеңіл аптама­бел­дер, ағылған адам,тасылған жүк­тер кез келіп, жолаушының жанын қыспаққа салды. Негеде болса көніп келе жатқан жолаушы қысыла-қым­тырыла жүріп келеді. Біраздан соң мәшиненің күжіліне аздап бойы үйре­нейін деді де.

Жолаушы жүре таудың жол асатын қырға кезеңіне шыққанда тау жақтан самал соғып қоя берді. Бұл желден жаяудың бүтін денесі сергіп, рақаттанып кетті. Ол арқасындағы бумасын жерге қойып «ух» деп тасқа отырды. Бұл жолдың бір биік жері еді. Ол тау басына құзғындай қонып, кір жейдесінің жеңімен көзіне құйылған шаңды терін сыпырып сүртті де жан-жағына қаранды. Алды-арты, оңы-солы, айналасы ашылып сала берді. Қараған сайын төңірегі көзіне жылы ұшырайды. Әне, анау аспанға өрлеп, басы бұлттан асып жатқан Алатау, мынадай ашық күннің нұрына шағы­лы­сып, аппақ күміс тау сияқтанады. Ол Алматының тауы. Мынау сол Ала таудың арғы арқа жағын бауырлай иір-иір болып жатқан ақ суыртпақ Іле өзені. Бұл өзен Батыс қытайдан Қазақыстанға құйылып жатыр. Өзен түрі биіктен қарап отырған жолау­шы­ға өзі келе жатқан тас жол сияқтанады.

Жолаушы көзін алыстағы Алатау­дан Еңістегі Іледен аударып, оң жағындағы қоңыр мықыр тауларға қарады. Алыста Ақ тышқан асуы аға­рып, Қазан жайлауы керіліп көрінеді. Оған жалғасып бура қожыр, Қарағай­лы жатыр. Онан төменірек тойған аю­дай тырайып, Аламан тауы сұлай­ды. Батыс-жақта Матай тауы көкке көкиіп, көзге сағымданады. Оның Ілеге төгілген жағында Қалқан тауы қылтиып қалыпты. Мұның өзі отыр­ған кезеңі Іленің оң жақ қабырғасын­да жатқан қатпар-қатпар қату тауы­ның жол асқан жеріндегі бір биігі.

Ол осы биіктен жан жағына қа­рап ойланып отыр.

– Ой, дүние-ай, өскен жерім-ай! Қай жағына қарасам да көзіме оттай басыласың! Өткен күндерімді еске түсіресің. Бұл жер бұрын бес болыс Суан деген елдің жері еді. Бұрын таз­дын басындай тықырайып жата­тын таудың бауырлары – сол елдің қара құйрықтай қыстап жүретін мекені еді, енді қандай абат болып кеткен! Мынау тақ-тақ тас жолды бұл таулар­дан тартылар деп кімнің ойына келу­ші еді. Асқар тау, меңіреу тасты тал­қандап бұл жолды салған неткен күш, не деген жандар? Бұған қанша қазына кетті екен? Бұл жерден мәшине жү­рер деп қай қазақ ойлаған? Қазақ хал­қы қашаннан осы жерде өсіп-өн­се де өміріне мұндай өзгерісті көріп пе еді? Біздің атамыз, атамыздың атасы, оның атасы барлығы да осы жерде қыс қызылға, жаз аққа жары­май аңдай өмір сүрмеді ме? Қазір не болған? Бұлардың бұрын біріде жоқ еді, кеше ғана… кеше ғана жоқ еді…

Осындай ойлармен жолаушы тау басында біраз ойланып отырды. Мұндай таң қалған тәтті ойлармен бірге өзі де тынықты. Тәні тыңайып, бойы сергіді. Түйіншегін иығына салды да ілгері қарай жүріп кетті.

ІІ

Күн кеш. Ымырт жабылып, қас қарайып барады. Ауылдың шетін ала отырған қаукеншік қараша үйге бір әйел қырманнан қайтып, от жарық қылды. Үйге жағылған от аңғал-саңғал үйдің жан-жағына қарай көп жерге жұлдыздарды жылтыратты. От жарығына үй ішіде тегіс көрінді. Төр алдында текемет, сырмақ, от киіз дегендерден ырым жоқ, тек төселген шөп көрінеді. Төр жүктен таза. Ке­беже, сандық орнына отырған бір ыңыршақта бума дағар (қап) жатыр. Үйдің бір жағында жарық берме қазан мен топатай шелек, салтақ ошақ; үйдің екінші жағында салам төсек үстіне бір ескі сырмақ салын­ған. Оның үстіне қарны жарық қара кір жастық пен тозық құрақ көрпені қағып-сілкіп жыйып қойыпты. Аузы жапырайып, сетік мұрын қара шәугім от басында отыр.

Жамба отыннан жалындап жан­ған жақсы оттың сәулесі көбірек жа­қын отырған әйелдің бетіне түседі. Қаймақ қабақ, қара көз, қара торы әйелдің бетіне оттың қызуымен қан жүгіріп құлпырғандай. Бұл әйел – Жамал.

Жамал мыжырық шәугімге су тол­тырып, отқа мосы тігіп, шәугім асты. Астына ақырындап от жағып, шай қайнатуға кірісті. Оттың үй ішіне ойнақтап түскен жанды жалынына қарап отырып Жамалдың да ойына әлде нелер түседі.

– Міне шәугімде шуылдай бас­тады, шайда қайнап қалады. Өтеген кешікпей келсе екен! Осы ыстық су­ды ұрттап жатар едік. Өзімде бүгін әбден шаршадым. Күнде мұндай шаршағандығым білінбеуші еді, немене аяғым қоюланайын дегені ме жерігім қанғаны, жақында ғана емес пе еді. Енді баланың өсейін дегені ме? Бала өсейін дегенде ананы шаршатар болар ма? Әрине, сүйтетін шығар…Беу, дүние-ай! Аман-есен босанып осы баламды тапсам, мен бақытты болар едім-ау! Бақытты болар едім. Балалы болып, оны еміреніп емізіп, қызықтап сүйіп отырар едім. Оны киіндірер едім, өсірер едім, оқытар едім, оның әрбір жасындағы өскен қызығын қызықтар едім, оның бір өнерлі адам болып шыққанын көр­сем!… ол қандай қызық, қандай ба­қыт?! Япырмау, әлі, Өтеген неге кешікті?

Жамал шуылдап қайнаған жапы­рық шәугімді жерге қондырды, әлдеқайда төсек түкпіріне тыққан шүберек түйіншекті тауып алып, пұшық шәйнекке септі.

– Адыра қалғыр, бұл шөпте тау­сылды-ау! Уыстап салсан да ақ судың өңін бұзбайды. Өзі сондай сасық, осыны ішкеннен бері тамағымды ауыртып жүр. Беу, шіркін, бір қай­на­тым мамле шай табылса, осындай шаршап келгеніңде терді бұрқыра­тып, бір ішсең!

Жамал осы үйдің әйелі. Бұл осы үйдегі Өтегенге қосылғанша өмір теперішін қатты көрген әйел. Өзі тегі бір кедейдің қызы еді. Ата-ана қызы­ғын көре алған жоқ. Әкесі де, шешесі де ерте өліп, жас жетімдікті Жамал кішкентай күнінен көрді. Көрінген­нің отынымен кіріп, күлімен шығып, күнелтті. Көбінесе жүрген үйі Қайра­лап дейтін бір жамағайыны болушы еді. Сонікінде болды. Ол күнде Жа­мал сияқты жас жетім бала түгіл тепсе темір үзетін қайраты бар, дені сау жар­лы жігіттерде өмірде жарый ал­майтын. Тапқаны тамағына жетпей, не үстіне, не астына жоқ болып, басында үй, қойнында қатын болмай қанғырып жүретін. Ол уақытта қазақ кедейінің көпшілігі осы сияқты өмірде өтуші еді. Біреу жетім, біреу жесір, біреулер жалшы, біреулер жар­лы-барлығы бір-бір байдың айнала­сында ауыл болып, ашты тоқты күн көруші еді. Қайралапта бай кісі емес. Ол да бір сіңірі шыққан сұмырай. Ол Жамалды он үш жасында бес қараға бір қатыны өлген шалға сатып жібер­ді. Шал он үштегі баланы алып, ұзын көйлек кигізіп, басына жаулық са­лын­дырып кішкене қатын қылып қойды. Бірақ, ол шал да Жамалмен бақытты болған жоқ, Жамалды малданып екі жыл тұрғаннан кейін сүзектен өліп кетті де, Жамал ғана жалғыз қалды. Ол шалдың иесіз үйінде бір жыл аруағын күтіп отырды да күн көре алмайтын болған соң үйінің құрымын тастап, Көктал атты қазақ-орыстың стансасына кетті. Онда әр қорада бір жүріп жұмыс іс­теді. Біреудің үйін, біреудің кірін жуып күнелтті.

Өтеген Жамалға осы Көкталда жолықты. Ол астық піскен уақытта осы жерді жылда бір аралап шығатын әдеті еді.

Егін салатын қаланың астығы қауырт піскен уақытта қырдан де­се­шілер келеді. Күндеп, көтеріп алып астық орып, жұмыс қылады. Қылған қызметіне ақшалай, астықтай ақы алып, орақ бітіп, тағы керексіз болған соң қырына қайтып кетеді. Ондай жұмыс іздеген жарлы жігіттер тапқан азын-аулақ ақшасына уысты құлақ астығына қырдан айырбастап мал алып, не біреуге беріп үйіне тұрып, қыстай жана бос жата береді. Жігіттер бұл табыстарын не байға, не қалыңға береді. Сүйтіп, қырдағы қазақ жар­лы­сының көп тіршілігі осы қалыпта өтетін еді.

Ал, Өтеген өзі жарлы болғанымен ол жігіттердей маңдайы күнге күйіп, табаны жерге тиіп еңбек істемейді. Еңбек істеуге ол туасы шорқақ. Ол қы­р­да мал бақпайды, ойда егін салмайды. Қалаға сауды қылмайды, біреудің есігінде жалға жүрмейді. Жасынан жұмысқа піспей бүркемік, бощалаң өскен жалқау. Қолынан келетін өнері-мал сояды, шаш алады, сәурік пішеді, тықылдатып домбыра тартады. Жасында төрелердің қасына еріп мырза шалыстау өскен. Өтеген түбі Төлеңгүт. Оның әкесі жасынан Жылы бұлақтағы Есім төренің есі­гінде малын бағып, отын жағып өткен адам болса да Өтеген сорлы әкенің жалқауы, жалғызы болған еді. Ол бала күнінен-ақ төре балалардың жанындағы жалбаң Төлеңгүті болып, оның өмірі бейқамдықпен, қол бостықпен өткен еді. Кейін кеңес өкі­меті орнап бай, жарлы бөлініп, төре, Төлеңгүттердің жігі ашылған да Өтеген тек ел ішінде әрі-сәрі болып қалды. Жетісудың өзге жарлы-жалшылары ұйым жасап, еңбек істеп, жерге қоныстанып жатқанда Өтеген белгілі жұмысқа белсеніп түсе алмай онда-мұнда сандалумен болды. Өзінің ежелден Төренің Төлеңгүті екендігін ауызға көп алып, ауыл собеттердің де қасына еріп, Пасеб­ком­ға қағаз тасушы болып та көріп еді, онан да еш нәрсе шықпады. Қай­да барса да жалқаулығы кежегесінен кей­ін тартып ілгері жібермейді, қай­тып айналып, баяғы таз қалпына түсе берді. Жалғыз атпен тентіреп жаз жайлаудағы елді қыдырып қымыз ішіп, әр үйді қонақтаумен өткізіп, қысқа қарсы қалаға барған пайдашы жігіттермен селбесіп алатын еді. Ораққа келген қос-қос жігіттердің қосын аралап, алған астығын тасып өз қызметін соларға істейтін еді. Сүй­тіп тапқан уысты-құлақ астығы біреу­дің қолына кіріп, жеңіл-желпі жұмыс істеп қыстан шығушы еді. Өтеген осындай күйде жүргенде ол Жамалға жолықты, Жамалдың ол-пұл жұмса­ғанына жүріп, жақындасты. Ақы­рын­да бір-біріне ұнасып, екеуі ерлі-зайыпты болды.

Бұлар бір-біріне жылы сөйлесіп, бас сүйісіп қосылуымен бірге екеуінің бір-біріне білдірмеген екі есебі бол­ды:

Жамал есебінде: бұл өзіме тең жас жігіт. Мен тегі ерге тимей отыра ал­май­мын, бар қызығым алдымда. Мен мұның басына байлау, аяғына тұсау болып, екеуміз бірге өмір сүреміз. Егер бұл ондай болып шықса-біз тіпті байымасақ та бақытты адам болар­мыз-деген.

Өтеген есебі: бұл өзіме тең жас қа­тын. Мен тегі қатын алмай өтпей­мін. Мынау орнықты, отбасының мықты әйелі. Мен мұны алсам – жа­ным тыныш болар. Бұл әрі қатын, әрі ер­кек, бұл менің артсам түйем, құ­шақтасам қатыным. Бұл менің үйімді үй қылар, өзімдіде асырар. Егер бұл ондай болып шықса-біз байымасақ та бақытты болармыз – деген.

Осы есеппен бұлар Көкталда қо­сылды. Үш ағаштың басын буып қара қосқа кірді.

Қаланың десесі біткеннен кейін Өтеген мен Жамал қырға қайтпақ болды. Жамалдың тірнектеп жиған ақша, астығына екеуі киім-кешек алып, астық іздеген бір Ақшомшыдан үш дағара астыққа бір еркек жирен тай алып, күздігүні Өтегеннің өскен жері Жылыбұлаққа келіп, сол жердегі туысқандарына қосылды. Міне сонан бері Жамал мен Өтеген бірге тұрып келеді. Үй тұрмысы осы.

Өтеген келмей кешікті. Жамал тысқа шықты. Түн қараңғы. Жамал­дың үйінен басқа үйде жылт еткен көрінбейді. Ауыл әлде қашан жатып қалған. Аспанды тесіксіз бір бұлт қор­шап алыпты. Жел оңнан шығып келеді…

– Күн бұзылып кетіпті-ау, қы­р­ман­дағы астық жауынға ұрынбаса жақ­сы болар еді, деп Жамал бір ой­ла­ды. Арқан салынбаған аңғал-саң­ғал үйін жел жығып кетер ме екен-деп екі ойлады. Сүйтіп, үйінің белдеуін тартыңқырап байлап жатып:

– Қызық-ау, әлгі Өтеген не бол­ды? Қазір ғана барамын деп қалып еді ғой, тегі тегін болмас… Бір нәрсеге ұшырады ма? Әлде астындағы атынан айырылып қалды ма? Әлде Жақыпбек бір жаққа жұмсап жіберді ме, онда маған айтып кетпей ме? Міне, түн ортасынан ауып бара жатқан шығар…Әлі жоқ… Осы тұрған қырман мен екі ортада не бәлеге ұшырап қалды? -деп мазасызданып, Өтегеннен дыбыс болмаған соң Жамал қайтып үйіне кірді. Үйге от жарық қылып еді, енді жағар отыны да қалмапты. Шығарған шайы құсып, суып қалуға айналыпты. Шайын жасап бір шыны ішіп көріп еді, аузына татымады. Күні ұзын қырманда істеп шаршаған Жамалдың денесі әбден шаршап, есінеп, ұйқысы келді. Жамал жарық қарын қара жастықты от басына таман тартып алды да, Өтеген келгенше деп жантая кетті.

ІІІ

Осы Жамалдардың қалхозын ба­сында Жылы-бұлақ әртелі дейтін еді. Қалхоздың жері Қату, Қалқан, Матай тауларының арасындағы жазылып жатқан жазықтың Ілеге еңістеген кең жырасында. Қыс бұл жерде асықтай қар жатпайтын күнгей, сондықтан жер аты Жылы-бұлақ.

Бұл жердің бай тарихы бар. Ке­шегі падша үкіметі Жетісуды жаулап-алғандағы тірегі болған Әділ төре осы жерді мекендеген. Әділ сұлтан осы жерден қырғыз, қазаққа қарсы қол бастап, падшаға істеген қызметіне шен алып, шекпен жамылған. Әділ­ден соң оның баласы Ұршоқпар, ұры Тезек төре осы арада үйірлеп қатын алып, ұрпағын төккен. Бұл төре тұ­қымдарының елге бірі болыс, бірі тілмаш, бірі би болып қашаннан қазақ халқына бір уыс төрелер өкімін осы арадан жүргізіп кеткен.

Кейін совет үкіметі келген соң төрелердің туы құлап, десі қайтқанда бұлардың қол астындағы ел еркіндеп төрелерге тізе қыла бастаған. Қа­шаннан қазақты билеп-төстеп кел­ген хан тұқымдарының Жылыб­ұлақтағы жерін алып, олардың ірі пеодалдарын кәнпескелеген. Кешегі хан Тезектің баласы Құдаярқан деген төре осы қалхоз отырған жерден жер алдыры­лып, ел ішінен сүрілген.

Құдаярқанның төрт қатыны-төрт ауыл еді. Ауыл басы мыңғырған мал, шұбырған жалшы, топырлаған Тө­лең­­гүт еді. Осы Құдаярқан кәнпес­ке­леніп малы кедейлерге, үлестіріл­ген­де, төренің төңірегіндегі жалшылар үштен-төрттен мал алысты. Мал алы­сып бастарын құрап әртел болыс­ты. Бұрын әр жерде бытырап, әр тө­ренің есігінде жүретін жалшылар, малайлар қолдарына мал тиіп қара-құ­ралы болған соң күш-көлікті бірік­тіріп егін салып кәсіпке кірісті. Сондағы әртелге кірген үйдің саны он жеті еді. Оның бірі Өтегендікі.

Бұл он жеті үй Жылыбұлақ, әрте­лін­де бір жыл бірігіп егін салып, тірлік еткеннен кейін қалхоздастыру басталды. Жаппай қалхоздастыру негізінде бай-құлақ табы жойылсын!-деген ұран тасталды. Осы ұранмен осы жердегі ауылдардың асты-.үстіне келіп, ел іші дай-дай болды.

Жанның бәрі қалхозға ұмтылды. Ел кедейлері қалхозға кіріп өкіметтен жәрдем алып ұйымдасып шаруа құрамыз десе, бай-құлақтар, қулар қалхозға кіріп түсімізді өзгертіп, жан сақтаймыз деп жан таласты. Ондай қулар қалхоздың ең жауапты жанды жеріне кіріп қалуға тырысты. Ел іші қым-қиғақ тартыс. Байлар қатты сасуда. Малын тығып, басын жасы­рып әлек. Кейі қатталып, кейі сотталып, қашып-пысып әбігер. Бір сыпырасы айдалып, бір сыпырасы қашып, бір сыпырасы жасырнып қалхозға кіріп, қалып жатыр. Байдың қу құйыршықтары белсенді болып осындай сапырылыста ылай судан балық аулап, қалхозға неше түрлі зиян істеп жүр. Соның бірі Жақып­бек.

Жақыпбек бұл қалхозға 1930 жыл­дың басында пайда болды. Жұрт жаппай қалхоздастырылған заманда мынау жылыбұлақ әртеліне өзге ауылдардан үйір-үйір ауылдар көші­ріліп келіп ұйыстырылды. Үй саны сексенге жетті. Соның бірі Жақып­бектікі. Жақыпбек Шата деген рудан шыққан бір қу тақым еді. Бұл өзі бұрын да, соң да дәулетті кісі болма­ғанымен қу құйрық, түлкі мінез, пысық адам болған. Қолы хат-шот білетін, тілді ауызды қу табан болған сон Есім төре болыс болғанда екі сайлау старшын болып та түскен. Сол Жақыпбек мынау сапырылыс заман­да келіп Жамалдардың қалхозына кіріп кеткен еді. Ол қалхоздың жұмы­сына белсене қатысып бастық та болып алып еді. Жақыпбек бастық болардағы жалпы жиылыста Жамал қарсы қол көтеріп:

– Бұл кісі бізге жарамайды – дегенде Дарыбай деген бір Төлеңгүт:

– Іскер, хат-шот біледі, қалхозға пайда келтіреді! – деп мақтап өткізіп жіберген де Жамал сөзі далада қалған. Жақыпбек бастық болып алған соң алуан түрлі қулықпен жымын білдір­мей істеп қалхозшылардың бірін-біріне атыстырып, ішіне іріткі салуға кіріскен. Оның Жамалға жаулығы қалхозға кірген күннен басталса да, сырты жылмаңдап, ішінде Жамалды қалай атуға оғы жоқ болып жүретін.

Жақыпбек Жылыбұлақ қалхозына бастық болып алған соң белсен_ділік істеді. Ауыл түгіл ауданға көзге түсуге тырысты. Қалхоздың ең жақсы атын мініп, ойға-қырға шауып, ат үстінен түспеді. Ол ұдайы ауданда жүреді. Аудандағы әр хабардан хабардар. Күні бұрын құлақтанып, қам қылады. Аудандағы кейбір әкімдердің, ауылдағы белсенділердің бір сыпырасымен Жақыпбек әкей-үкей. Олар өткен-кеткенде Жақып­бек­тің үйіне қонып, түстенеді. Он­дайларға тәтті ет, ащы арақ Жа­­қып­бекте әрқашан дайын. Қал­хоздың беті қызыл келіншектерін жинап, белсенділермен базарлап жатады. Өзі гәзет оқып, заңдарды жаттап, саясаттан сөйлеп отырады. Қалхоз жиылысында ақыра-бақыра баяндама жасайды. Ол сөйлеген сөзінде аудандық секретардың атымен айбынта сөйлеп, Голощекин сөздерінен дәлел келтіреді. Көптің ортасында тұрып бай-құлақтарға кіжінгенде аузы көпіріп қиқылдап-шиқылдап қалады. «Белсенділік» қызметі мен Жылыбұлақ қалхозы іскер атанып, өз ауданынан мақтау да алып қойған еді.

Жақыпбек сырт жағынан жұрт көзіне осындай белсенді, қалхозға қамқор адам сияқты көрінсін де, оның ішкі ниеті қалхоздан тіпті кереқар жатыр еді. Қалхозға кіргенде ол өзіне де, қалхозға да сенген жоқ. Оның ойы жан сауға, қалхозға та­салап қалам деген ой. Қалхоздан сырт­қы байлардың бытшыты шығып, елдің бәрі жалпағынан қалхозға кіріп жатқанда-оған қалхоздан басқа жерде орын қалған жоқ. Ол амалсыз­дан қалхозға кіруге керек болды.

Бұл жыл ел ішінің дай-дай болып, жер-жерден байлар бандысы күшейіп, қалхозға шауып, қағынған уағы. Осындай уақытта Жақыпбектің қалхозға кіргені байларға ұнап кетті. Мұның канпескеленіп, сотталып қашып жүрген руласы, жекжат-жұраты жалғасып ішті-тысты болды.
Жақыпбек қалхоздағы өмірінің тұрақты болуына өзі де сенбеді. Өзге қалхозшыларда Жақыпбекпен қойындаса алмады. Тек бастық деп оның айтқанын тыңдағаны болмаса, іштері елжіреп кетісе алмады.

Жаз ортасынан кейін Жақыпбек өзінің қалхозда қала алмайтындығына көзі әбден жетті. Қалхоз шаруасының орасан бүлініп бара жатқанын сезген қалхоздағы Ерторы, Ахмет, Жамал сияқты адамдар жиылыста Жақып­бектің басқаруын сынай бастады. «Ішіміз жаман, ішіміз таза емес» деген күңкіл көтерілді. Осы күңкілдің кешікпей іске айналатынына көзі жеткен Жақыпбек қалхозға қастығын күшейтіп, өзінің бас қамын істей бастады. Қалхоздан қалайда кетуге бел байлады. Қашқан-пысқан байдың бандыларына жалғасып, оларға жәрдем істей бастады.

Өтеген қалхозға мүше болға­нымен бұрынғы қалпынан өзгере қойған жоқ. Әлі жалқау, жұмысқа қыры жоқ. Жамал өз ақылын құла­ғына қанша құйып, қанша сүйрейін десе де қырсау есектей жүрмейді. Көбінесе сөз іздеп , үй қыдырып домбыра тыңқылдатып, ескі дағды­сынан шыға алмайды. Ол жирен аттың қалхоз ортасына түсіп кетке­ніне тіпті-ақ ісі наразы. От басындағы уайымы сол. Сөзінің тарпы қалхозға кіруді Жамалдан көретін сияқты.

– Әй, қатын-ай, осының арты не болар екен, осы ұйымға кірмей, бай­қай тұрайық дегеніме болмап едің, міне жалғыз атты алды да ақсақ иттей шоңқайтып кетті, түбі аттан бір жола айырылдық қой! – деп қоятын. Оған Жамал тоқтау айтып:

– Жоқты сөйлеп, уайымды кө­бейт­пей отыр. Қалхоз өз-қалхозым. Қалхозда бар болса-біздікі, бізде бар болса-калхоздікі! Не болса да қал­хозға кірген қалың елмен бірге көре­міз! – деп кесе айтып тастайтын.

Өтеген Жамалдың осындай сөздерінен тоқырап, бұл қатынды «өлерін білмейтін ақмақ әйелге» қосып қоятын.

– Е, бұл не білсін, «қатын ақыл­сыз, бақа құйрықсыз» – көреміз әлі, қалхоздың арты не болатынын деп ішінен ұпайласатын.

Осындай босаң Өтегенге Жақып­бек жаңаса кетті. Өтеген де оғаң жампаң, Жақыпбек Өтегенді қара жұмыстан шығарып, ат үстіне мін­гізді. Жирен атты қалхоз жұмысынан шығарып, Өтегеннің қолына тигізді. Оны өз қасына ертіп алып, онда-мұнда жұмсап жүретін болды. Бірақ, Жақыпбек көпке шейін Өтегенге де сырын сездірген емес. Ол оны өзімен бірге алып жүріп, қалаға қонақтатып, арақ ішкізіп, әуей қылып жүрді.

– Сен Жақыпбекке елжірей бер­ме, ол қу құйрық, сені бір күні шоң­қай­тып кетеді! – деген Жамалдың сөзіне Өтеген недәуір ашуланып:

– Сен антұрған қатынсың, өз жақсыңды көре алмайсың. Жақыпбек болмаса жирен ат әлдекімнің астында жүрмей ме? Бұдан былай Жақаңа жағыңды ашпа, үйтсек күн көре алмаймыз! – деп Өтеген зықынап білгенсіп қойған. Осы сөзден кейін Жамал Өтегеннен күдер үзіп оған қарсы, Жақыпбекке қарсы еш нәрсе істей алмай, лажсыз қала берген.

Егін пісті. Қалхозшылар ораққа қол қойды. Жақыпбек те жаулығы ашылатынын сезіп, жанталаса баста­ды. Осы кезде Өтеген де алаңдап ат үстінде жүретін болды. Ол үйіне кей күн түнеп, кей күн түнемейді. Көбіне­се Жақыпбек жанында, соның жұмсауында болады.

ІV

Таңертең. Ондағы-мұндағы жаңа кө­рі­ніп келеді. Қалашықтың сырт жағында­ғы кірпіш құйылып жатқан жерге екі атқа мінгескен төрт кісі келді. Су жырған бір шар­лауыттың астына келіп тоқтасты. Жар астында жатқан адамдар бар екен, олар дыбыстасып қалды:

– Ат ылауларың аман ба?

– Ойбай, аман болмадық, алдырдық қой!– «Аман болмадық» деген сөз естіл­генде:

– Ой, құдай-ай! Әй тәңір-ай! –деген дау­ыс су ете түсті. Жар асты жылау,өкіру, бір-біріне көрісті.

Әлемге нұр шашып қуанышты таң атып келе жатқанда, әлдеқайда Қытай жерін­де­гі бір қоқыр қалашықтың сыртындағы жар астында аш қасқырдың тобы ұлысқан­дай болды.

Бұл адамдар у-шу болып көріскеннен кейін жай-жайына отырысты. Осы мінгесіп келгендердің бірі Өтеген. Ол отырған кі­сі­лер­­дің бәрін таниды. Мынау көзі үңі­рейіп, аузы опырайып,жаралы қасқырдай жамбастап жатқан баяғы Есім болыс. О заманда Өтеген әкесі осының төлеңгүті бол­ған. Бұл болыс бұрын төңректегі елін тасқаяқтай қағыстырып билеп-төстеген адам. Ал, қазір үстінде іліп алар киімі жоқ, бұрын жасырып жүретін мерез жарасы әб­ден асқынып, өне бойы шұрқ-шұрқ те­сі­ліп кетіпті. Тек бір түте шапанды жамы­лып, бес батпан қара тұтқыш жейденің ішінде қыршаңды жылқыдай қасынады. Мынау отырған жапырақ қатын оның бес ұл тапқан бәйбішесі-Батсайы. Бұрын күндікті қайқайтып тастап, күмісті кебісті сүйрете басып, ақ құмғанмен ғана жүріп, болыс орнына билік әмір айтып отыратын кер азу қатын-қазір өрттен шыққан ит сықылды. Өң жоқ, түс жоқ, көзі алайып, жан-жағының бәрін жұтып жібергісі кел­гендей үңрең қағады. Жыртық киме­шек­тен желкесі жылтылдап, кеңірдегі со­райып, құтырған иттей алды-артына арс-ұрс етеді.

– Е, Сен неменеге сандалып келдің, бәл­шебегін жарылқамады ма?-деп Өте­ген­ге бір арс етіп қойды. Оған Есім еркектік қы­лып:

– Қой, жағын қарысқыр! Бет алды ал­быт­пай отыр! – деп басып тастады.

Оң санынан оқ тиген Жақыпбек бай бай-байлап жардың астын солқылдатып ыңқылдайды.

Мұнда келген қашқындар төртеу. Өз­гесі жолда үлкен қазаға ұшырады:

Өтегенді азғырып алған Жақыпбек қа­шатын күні қалхоздың маңындағы иесіз қыстауға бес бандитты тығып отырған болатын. Оның екеуі-осы жақтан барған Иса­қан, Тұрыспай дегендер. Исақан мы­нау отырған Есім төренің баласы. Сол түні Жақыпбек қалхоздың бір топ жылқысын қуа қашты. Жирен атпен Өтегенде бірге жөнелді. Бұлар түнімен қашып таң қараң­ғы­сында елсізге шығып Іле өзеніне түсті. Ол жерде жан-жақтан қашқан тағы бір­неше қашқын-бандидеттерге ұшырасты.

Бандиттер байырқап тұра алмай са­сып-сасқалақтап сал буып Іледен өтіп, Пұшықтың аралы деген жерге тығылып бекіністі. Жолда кісіней береді деп бар құлынды сойып, еттерін пысытқылап алысты. Ыстық күнгі бұл тоғайда аттарын да, өздерін де, маса-сона талап жатқыз­ба­ды. Жақыпбектің жас балаларының бет­тері көнектей болып, аттардың ұмасы ісіп кетті. Келесі кешіне ғана жөнеліп, шегара­дағы өзеншеге түн ортасында келіп ілінді. Қашқындар бас аяғын сол жерге жиып енді өтіп кетеміз деп өзенге түсе қалғанда күзетші біліп қалып, тарс-тұрс мылтық атыл­ды. Бандиттер быж-тыж болды. Бет-бетімен қашты. Сол апыр-топырда алды­мен суға түскен Жақыпбек, Исақандар ар жаққа өтіп шықты. Атыста Жақыпбектің қалып, өзіне оқ тиіп, әзер құтылды. Оның қатын-баласы пагран әтіреттің қолында қал­ды. Аудан абақтысынан қашқан Бан­дит Жаңқашпай оққа ұшты. Борсықпай, Салтақпай дейтін қашқын бандылар қал­хоз­дан барымталап келе жатқан жылқыла­рымен ұсталып қалды. Онан-мұнан құра­лып қашқан отыз шамалы қашқындардың қалғаны тек осы арада мінгесіп жеткен төрт кісі. Оққа ұшқан Жаңқашпайдың, қолға түскен Борсықпай, Салтақпайлар­дың қатын-бала, туысқандары ұлардай шу­лап жер астын күңірентіп жатты.

Күн шықты. Құмырсқа-қоңыз інінен өріп, қонақтаған құс ұшып, жан-жануар тіршіліктің қамына кірісті. Жар астындағы жыласып жатқандарда қоңыздай жорға­лап өре бастады, Есім ақсақал ақсай ба­сып, арыққа барып, дәретін алып, ай да­ла­да намазын оқыды. Батсайы бәйбіше қара бедреге су асып, ыстықсу қайнатты. Келген Жақыпбектерге қайнатып беруге бір қайнатым шай іздеп жар астындағы жайдақ қостың бәрін аралап шай таппады. Тек ақ су да болса қуырған бидаймен «шай» ішісті. Бұл жапан жер, жардың ас­тында, жадағай жерде бас қосып отыр­ған­дар: кешегі бір болыс елді бір шыбық­пен айда­ған Есім аксақал, екі жағына екі то­қал ауылын қондырып, ортасында қайы­ған інгендей қайқақтап, малайларға кіжі­ніп, күңдерге күжілдеп жүретін Бат­сайы бәйбіше, Қатудың тауында қансо­нар­да құс салып, ит жүгіртіп, күміс үзенгіде шіренген Исақан мырза, кешегі аудан мен ауыл арасындағы қалхоздың торы қасқа жорғасы мен тайтаңдатып жүрген «жылы-бұлақ» қалхозының «бастығы» Жақыпбек, олардың ішінде отырған Жамалдың байы, жирен аттың иесі, «қалхоз мүшесі» Өте­ген-барлығы бір жар астында қуырған бидайдай бытырасқан бастары қосылып, дәм татысып отыр.

Өтеген аң-таң. Қайдан келіп, қайда отырғанын ажырата алмайтын сияқты. Көптен бергі көксеген жерге жетіп, бұйыр­ған дәм-тұзды татып отыр. Енді бұдан әрі барар жер, басар тау жоқ. Басын қорғап, «бақыт іздеп» кеңес жерінен қашқан адамдардың бір сыпырасы осы жар ас­ты­на жетіп жығылыпты. Бар тапқан осы жар астындағы тұрмыс сықылды.

Бұдан асып бақыт тауып алуға қашан­нан «күшті» деп ойлайтын Есімдердің де қолынан келмепті. Өтегенді азғырып, осы жақтан ұжмақ өмір, тәтті тұрмыс елесте­тетін Жақыпбектің де жетіп жығылған жері осы болды. Бұларға енді біреудін ең­бегін пайдалануға қолында дәулет, қалтасында ақша жоқ, енді өздері еңбегін біреуге жегізбесе күн көре алмайды. Бұл жердегі тіршіліктің заңы сол-кімде кім күн көремін десе не біреудің еңбегін жеу керек, не біреуге еңбегін жегізу керек.

Бұдан бір жыл бұрын кетіп, қарқ «болып жатыр» деген адамдардың түр-тұрпатын көріп отырған Өтеген өзін кеңес жерінен бақыт емес, сор қуып щыққанды­ғын түсінді. Өз қатасына опық жеп, өкіну­мен болды. Емін-еркін, ел ішінен безіп шыққанда еркіндік іздеп өрттің үстіне түскен құстай қанаты күйіп, қайранға соғылған балықтай болғанын бір-ақ білді.

Өтеген не үшін мұнда келді? Не үшін ол өзінің туған жерін тастады? Не үшін ты­ныс тұрмысын бұзды? Не үшін ол қал­хозды тастап қашты?
Ол еңбексіз табылатын бақыт іздеді. Еңбексіз бақыт бұл жақта деп Жақыпбек­тен естіді. Жақыпбек мына отырған Есім төренің жекжаты. Бұл төре болыс бол­ғанда, Жақыпбек екі сайлау старшын болған. Кейін кеңес үкіметі келіп төрелер­дің – төрелігі кеткенде Жақыпбек Есім төренің бір қызын алып күйеу болып шыққан. Ол күнде Жақыпбек каператсия­ның малын ұстаушы еді. Сол Есімнің кіші қызы Гүландам жаңа бойжетіп келе жат­қан­да Есім төрелер арғы бетке қашып кет­ті. Бұлар кеткеннен кейін Жақыпбек Өтегенге:

– Қап, олардың өзінен қызы жақсы еді. Егер бұл жақта болғанмен балдызым­ды сөзсіз саған алып берейін деп жүр ед­ім-деп қойған еді. Оған Өтеген сенің­кіре­мей:

– Жақа, оны әшейін айтасыз ғой, төре Төлеңгүтке қызын беруші ме еді? – де­генде Жақыпбек:

– Бермесе мен қызын қалай алдым, тө­ренің қараға қыз бермейтін заманы адыра қалған, қайта Есім болыспен бәй­бі­шесі сені сыртыңнан сөз қылып: не болса да Өтеген өзіміздің адам еді, осы баланы бір белсенді алып кеткенше, Өте­ген­ге қол ұстаттырсақ өз баламыз болар еді-деп отырғанын есіткем-деген, Өтеген мұны өтірік деп айтуға түк қисына жоқ болып көңілі сенген. Сонан бері күндіз-түні ойында Гүландам болып, есі-дерті Есім жақта болатын. Ол Есім кетіп қал­ған­да қатты өкініп, қайғыға түскен. Есімнің кеткен жерін іздеп табысса, оның батасын алып, Гүландам қызға қосылса-өзін ба­қыт­ты болатындай сенімін бекіткен. Сон­дық­тан ол Жақыпбекпен жампаң болып, со­ның дегеніне кеткен. Сондықтан, ол Жа­малдан суынып, үй-тұрмысын тастап, қалхоздан қашып, неше түрлі азаппен осы жерге жетіп еді. Бірақ, іздеген Есімнің жар астындағы тұрмысынан түңіліп, көңілі ит жегендей болып отыр.

Ол жан-жағына қарайды. Гүландам кө­зіне түспейді. Оның қайда екенін сұ­рау­ға Жақыпбек жанымен қайғы. Тек үнде­мей отырып, Батсайы бәйбішенің баласы Исақанға сөйлеп отырған сөзіне құлақ са­лады:

– Біз көрмеген қорлықты көрдік. Біз­ді шет жұрттың адамы деп жау көбейді. Малда билік, баста теңдік жоқ. Келеді, қызыққан нәрсеңді алады. Қытайдың ше­рігі үйімізді тінтіп, осындағы іске татыр нәрсені сыпырып әкетті. Оның ожай зангі­нің әкімшілері келіп, ауыр салық салды. Төлемесең қайта кет!-деді. Не қылары­мыз­ды білмей қысылған соң Гүландамды ожай зангіге жеті қараға сатып, салықтан құтылдық. Қолымызда сонан бір егіз қа­лып еді, оны баяғы поштабайдың балалары болыс жесірімді сатып жіберген деп ба­рым­талап алып қойды. Амал барма, бұ­рын­нан партияласып жүретін иттер осын­дай қанғырып жүргенде болыстың са­қа­лына қолы тигені қорлық болды! Қай­тейік, құдайдың салғаны шығар… деп Батсайы бәйбіше ахлағанда жардың астын солқ еткізгендей болады. Бәрін де де үн жоқ…

Мұның бәрі Өтегенге әбден түсінікті. Оның іздеген бақыты бекер болып шықты. Жақыпбек жанымен қайғы. Енді ол не қы­лады? Қайда барады? Қапелімде қал­хоз­дан қашып, қалайша мұнда келіп қал­ды? Жақыпбектің сөзіне неге ерді? Не үшін жанындағы жалғыз қатыны Жамал­дың сөзіне құлақ салмады? Төрт-бес жыл­дан бергі төсек татуы Жамалды Жа­қып­бектің сөзімен тастап, оған қиянат істеді? Не үшін ол өзінен тып-тыныш отыр­ған қалхоздың тұзына түкірді? Жал­пақ елдің бәрі жарлы-жалшылары, қал­хоз­ға ұйысып, ойнап-күліп тіршілік істеп жатқанда –елден ерекше шыққаны қалай? Елден шыққан бір топ бандының тіліне еріп, өз тұрмысын өзі бүлдіргені қалай? Соның бәрін, бұл не үшін істеді? Әрине, ең­бексіз бақыт үшін, қыз үшін…Гүландам үшін? Бірақ , ол бақыт қайда? Гүландам қай­да? Ол келмеске кеткен. Онан енді Өте­генге бұлт жуық… Енді қайда барар? Ба­рар жер, басар тау қайда? Барғанда қай­да сияды? Қолында не өнері, не қайраты жоқ қараңғы Өтеген-баспаған жер, көрмеген елде қайтып күн көреді? Әлде қайтіп кетсе ме екен? Қайтса қалай елге жетеді? Жетер еді-ау, не бетімен қайтады? Кешегі өзі бірге жауып кеткен қалхозға қалай көрінеді? Бұл қашқын емес пе, қалхоздың дұшпаны емес пе, елден шығып етегін кескен дегеннің кебінде отырған жоқ па?…

Осындай кері кеткен ойлармен Өт­е­ген­нің басы әңкі-тәңкі. Ол Есім болыстың дастарқанынан бытыраған бидайдан аузына да салған жоқ. Дел-сал, тірліктен бір жола түніліп, белі кеткен жыландай сұлық отыр. Тек анда-санда байлаулы тұрған жирен атына қарайды. Ең жақыны аты сықылды. Оның қалхоздан алып шыққан малы да, жаны да осы жирен ат еді. Бұл ат өзінің қанаты тәрізді, ендігі үм­іт жалғыз осы атта. Осы атпен ол кеше әтірет атқылаған оқтың астынан да жанын ал­ып шықты. Осы атпен ол әлі де бұл жақ­ты аралайды. Аяқ жетер жерге шейін жүріп, жан бағатын жер қарайды. Қайда болса да мынау битін сығып, қанын жалап отырған жерден аулағырақ жер тауып, тағы да еңбексіз бақытын сынайды. Бәл­кім еңбексіз бақыт табыларда…

Бұлар ыстық суын ішіп болмастан кір­піштің пөдретшігі келіп ақыра бастады:

– Әлі жұмысқа шықпағансындар! Өң­шең арам тамақтар! Сен иттерге ақшаны бос­қа төлемекпіз бе?…

Жар астындағылар қапыл-құпыл жиналысты. Пөдретшіктен кешегі күні жұмыс алғандар жүгіре-жүгіре басып кір­піш басына жөнелді. Жұмыс ала алмаған­дары, қатын-қалаштары «жұмыс беріңіз» деп жалынды. Пөдретшік олардың көбін жұмысқа алған жоқ, тек бірнеше тың адамдарды айдап жұмыс басына қайтты.

Есім Өтегенді ымдап шақырып өзі басын көтерді. Өтеген келіп Есімге талай отыр­ды. Есім де өзінің қайда отырғанын ұмытқандай, бұрынғы ақ орданың төрінде төрт қабат көрпенің үстіндегі шіренетін дағдысына салып, малдасын құрып, кеу­де­сін қөтеріңкіреп, оң жағына бір қа­қыры­нып тастап, Өтегенге сөз сөйледі:

– Өтеген шырағым, біздің жасымыз осы, «Адам басы алланың добы» деген. Бір күнде мың айдаған адамдар едік, құлына не қыламын десе де құдіреттің қолында екен! Көзіміз көрді. Ақыры мұндай бол­дық. Көрмеген жердің отын оттап, суын ішіп отырмыз. Жасыратын жоқ, бұл жақта жан бағу қиын. Елден алып шыққан ақша, малымыздың бәрін тауыстық. Тіпті, қанша бар болғанымен берекесі болмады. Ұлығы да, ұрысы да талады. Бұл жақта не жер, не суымыз жоқ. Қолда мал, аста көлік жоқ, жұмыс бірде бар, бірде жоқ, бар жұмысты жапырып істерлік– бұрын жұмыс істеп өскен адамдар емеспіз. Кішкентай жұмыс­қа түссек ауырамыз…

Атаң мен атам жолдас болған адам еді, өлсек тірілсек те бір жерде болалық. Біз­д­ің жақсы күніміз де, сенің жаман кү­нің­де асырадық, сақтадық, сен біздің бала­лармен бірге бұлаңдап өзіміз болып өстің, енді құдай уақытысы болып біздің басымызға мұндай күн туғанда сен бізді тастамайсын? Туысқанның керегі осындай киын-қыстау тағы.

Өтегенде үн жоқ. Мойнына су төгіл­гендей сүмірейіп кеткен. Тек жер шұқып Есім сөзін тыңдауда.

Өтеген мұңайған сайын Есім есіп отыр:

– Алдымен саған айтатыным-мынау атыңнан айырыласын. Ұры әкетеді. Ұраға жығылып өледі. Біреу жала қып алады, бұл жақта кім озбыр болса-сөз соныкі. Пәле де,пәре де неше түрлі бұзықтық та осы жақта екен. Атыңды аманында сатып жіберсең-ақылды болғаның. Жаның ты­ныш болады. Өлсек-тірілсек те бір бола­мыз…

Өтеген Жақыпбекке қарады. Жақып­бек ыңыранып жатып:

– Болыс дұрыс айтады. Осы атты біреу танып тартып алып кетеді. Сонан соң басына бәле болады. Онан да бүгін Иса­қанға бер, базарға сатып қайтсын деді.

Есім жирен атты жейтін аш қасқырдай үңіреңдеп қарап отырды да:

– Есер-жабық ескі еті бар екен, жарау күнінде базар көтереді-деп қойды.

Өтеген жирен аттан айырылғысы кел­мей анау-мынау деп көріп еді, Есім-Жақып­бек, Исақан тағы басқалары Өте­ген­ді тіпті тыпыр еткізбеуге айналды. Өте­ген де олардың атты саттырып қаражат қылуға жармасқанын іші сезіп, бермеуге қолынан келмей лажсыз көнуге айналды.

Көп кешікпей жирен аттың жаман ер-тоқымын сыпырып тастап, Исақан базар­ға алып жөнелді. «Өзім де барайын» деп Өтеген түрегеліп еді –Есім, Жақып­бектер:

– Е, сен не аласын? Ар жақтан қашып келген деп қытай ұлығына біреу айтып қойса, өзіңді жауып тастайды деп қорқытты. Өтеген жаяу қала берді.

V

Тау басында дем алып тағы жүріп кет­кен жолаушы бөктерге түсті. Оған тағы қырауар егіндік кездесті. Күн түс қиып барады. Ыстығы әлі қайтқан жоқ. Ерсілі-қарсылы отіп жатқан мәшине толас бер­мейді. Желсіз, ыстық күні жолдың шаңын шүйкелеп ілгерінді-кейінді жүйіткиді. Жаяу жолаушының аузы-мұрнына топырақ тығылып көзіне шаң боратады.

Жолдың екі жағы сынысқан қалың егін. Әртүрлі мәшине астық орып, тасып тынбайды. Шөп, жоңышқалар әлдеқашан шабылып шошаққа салынған. Олар сарға­йып, қырға қаптай қонған қалың ауылға ұқсайды. Жолаушының алдында тас жол жазық жерге түскен соң түзеліп, бейне тартпадай тартылып жатты.

Жолаушы өзі өміріне көрмеген алуан түрлі мәшинелерге таң, аузы аңырайып, құлағы шыңылдап, паңгыріп өткенге де кеткенге де қарай-қарай келе жатыр.

Жаяу жүре-жүре егін арасынан сыл­дырап ағып жатқан арықтағы суға кез кел­ді. Су сынаптай таза, көпкеңбек, мөл­дір; Арық жағасына біткен шөп бейне елтірідей. Су түбінде малта тастар жыл­тырап, су сылдыр-сылдыр етеді. Суда ши­тідей кіршік, жалғыз құрт, инедей шірік шөп жоқ, көк қасқа бұлақ егіске қарай сырқырап бұлаң қағады. Жолаушы мұн­дай бұлақты көптен көрген емес…

Ол жалма-жан арқасындағы түйін­шегін тастай беріп, суға сүріне-жығылған­дай, арыққа бас қойды. Күн ұзын кенезесі кеуіп келе жатқан жолаушыға жан-жағына қарау қайда, суға төніп түсті де тек екі қолды тарбайтып, кеңірдегіне шейін суға сұғынып, құлақты жылқыдай қайшылап жатыр.

Жолаушы дәл осындай қалда жат­қан­да дүр-дүр еткен дыбыс шықты. Бір мә­ши­не гүжілдеп қоя берді. Ол суды шала-шар­пы ішіп, жалма-жан басын көтеріп, са­сып-сасқалақтап түрегелді. Енді бол­маса мәшине басып кете жаздаған екен!

Бұл қалай қорқпасын? Өмірі мәши­нені көріп тұрғаны осы. Мәшине бұған алып-ұшып тұрған әлде қандай асау алып сықылды. Кейде осқырып-пысқырып осы­ны басуға әдейі ұмтылған сияқта­нады…

Мәшине сыр етіп арықтан өте шықты да тұра қалды. Ішінен үлкен көзілдірікті, кепкелі , жеңін сыбанған, сымдай бір жігіт шығып, шелек алып судың жанына келді. Су алып мәшиненің төбесіне құя бастады.

Жолаушы аң-таң:

– Өй керемет-ай! Бұрын біз еститін аптамабел деген осы болса, отпен жүреді деп еді ғой, мұның су ішіп жатқаны қалай? Бұл жануар да атша шөлдейтін болды ма?

Шопыр мәшинеге су құйып, қайтып арыққа келді. Су алып жатып жолаушыға жауап қатты:

– Ағай, алыстан келесіз бе?

Жолаушы аңырып қалды. Ертегі ада­мын­дай сайтан арбаны айдап отырған айналы көзді адамзат қазақша жауап қатқан соң қапелімде жауап таппады. Буыны дірілдеп, үрккен өгіздей үңірейіп, тұрды да ақырындап арықтан аттап мә­шине тұрған жаққа шықты. Бұған жер, көк, ай, дала, адам, мәшине-барлығы жат, жаңа көрініп келе жатқанда мынау шопырдың «қайдан келесіз?» деп қазақша жауап қатқаны күтпеген іс болды. Ілбіп басып, имене аттап, мәшинеге су құйып тұрған шопырға жақындады.

– Алыстан келем… Шырағым өзің қазақпысын?

– Әрине, Қазақ болмағанда кім деп едіңіз?

– Е, тегінгісін айтқаным ғой…

Жолаушы меңірейген. Аузына сөз түспей алақ-жұлақ етеді. Алдында тұрған адамның қазақ екендігіне таңданады.

– Қазақ!… Өзіміздің Қазақ!… Қазақ та аптамабел!… Бұл екеуінің басын бір жерге қосуға ақылы жетпейді. Қазақ ба­ла­­сы мәшинеге мініп, аптамабел айдайды деп ол өміріне ойына келтірмеген. Оның ойынша қазақ деген осының өзі сықылды. Өзі көріп келген қытай жеріндегі надан қазақтар сықылды, қашаннан қазақтың «ең пысығымыз» дегендерінің де ешқа­шан мәшинені жүргізгенін көрген емес.

– Барысыңыз қай жақ? – деді.

– «Жылы бұлақ» қалхозына бармақ­шы едім.

– Бұл жақта ондай қалхоз жоқ еді ғой.

– Бар еді, шырағым!

– Жоқ, ағай, жаңылып тұрсыз! Мен білем ғой. Ондай атты қалхоз бар деп ес­ті­генім жоқ.

Жолаушы желкесін қасыды. «Жоқ!» деген сөз оны тіпті жасытып жіберді. Жа­яу-жалпы тентіреп келе жатқанда, іздеген ауылы орнынан табылмаса?.. Тағы қайда тентірейді? Ол тұрып-тұрып:

– Кім біледі, шырағым… Мен білетін қалхозды «Жылыбұлақ» деуші еді, дүние тағы өзгеріп кетпесе…

– Сіз білетін қалхоз қай жерде еді?

– Жылыбұлақта…

– Е, ол жерде қалхоз бар. «Мірзоян» қалхозы.

Шопыр сонан әрі мұнымен сөйлес­педі. Мәшинеге су толтырған соң шелегін орнына қойды да, жүруге айналды. Оның қимылына көз ілеспейді. Мәшинені сырт еткізіп ашып жіберіп, ішіне кіріп отыра қалды да, маторды дүр-дүр еткізді. Жо­лаушы сескеніп кейін шегінді.

– Отырыңыз, ағай!-деді шопыр жолау­шыға.

Жолаушы аң-таң: Не дейді? Кімге ай­тады? Шын айта ма? Жоқ, мазақ қыла ма? Мұның маған жаны ашып шынымен-ақ мінгізейін дегеніме, жоқ, әлде қайда алып қашып ойын қылғысы келе ме?– Сене қоймады. Шопыр жолаушының пәңгіріп тұрғанын сезіп:

– Отырыңыз, - деймін, ағай! - деп мәши­не­нің артқы қақпағын сырт еткізіп ашып жіберді. Жолаушының жүрегі дірілдеп, үрккен түйедей ежірейіп келіп, мәшиненің табалдырығына аяғын салды. Өңе бойы шымырлап барады. Қорынып, қолымен ұстанып, ептеп ішіне кірді. Іші былқ етті. Шопыр сырт еткізіп қақпақты жауып жі­бер­ді. Мәшине дүрілдеп жылжып кетті. Жылжыған жоқ, дүр етіп ұша жөнелді. Жо­лау­шының жүрегі дөңгелектей дүріл­деп, өкпесі қабынып алқымына тығылып, көзі жасаурап сала берді. Алды-артыңа қарауға дәрмені жоқ. Тек алдындағы шо­пыр­дың екі иығынан аса қараса, аспан әлде немене боп көзіне бұлдырайды. Ал­дында аппақ болып жатқан кең жол, жіп-жіңішке таспадай созылады. Екі қолы­мен өзін-өзі ұстап, екі жағынан ептеп қараса, таулар бұлдырап кейін көшіп бара жатқан тәрізденеді; Мәшине екпіні шап­қан аттан қатты, атылған оқ сықылды се­зі­леді. Жер сызылып кейін қарай заулап, жер-дүние жылжып, толқып кеткендей. Жолаушыда зәре жоқ, қай жерге құлатып күл-талқан етер екен деп жаны шығып келеді.

Бұлар көп жерге кетті. Жүре-жүре жолаушының бойы да үйренейін деді. Ептеп есі кіре бастады. Жасаураған көзін сүртіп, өзінің отырған орнын абайлап қарады. Іші-дәретсіз кісі баса алмайтын­дай былғары қаптаған былқылдақ күміс сандықтың ішінде келеді. Айылмен арқа­ла­ған жұлым шекпені мен ашық ауыз көн етігі де қалмапты, қасында келеді. Күні ұзын тасты жолдан тасырқап, титы­ғын құртып келе жатқан жаралы аяғы, шала үйіткен қойдың сирағындай қап-қара болып дем алып отыр. Рақат. Жап-жаңа, жалтырауық мәшиненің бір жерін былғап алар ма екенмін дегендей, қозғалуға қым­сынады. Өсіп кеткен шаш, сатала сақалды шаң басып, топырақты терден айғыздалған түрі үңірейіп, түсінде де көрмеген сайтан арбаның үстінде келе жатқаны қызық. Таң қалады. Тағы. Бейне қырдағы қара құй­рық­тың бірін тірідей ұстап алып, байлап мәшинеге салғандай. Өзіне-өзі сенбей үрке қарап, үңірең қағады. Мұның жұлма-жұлма, шаң-шаң түрі мен жалт-жұлт еткен мәшиненің қапылыста қосылып қалғаны – түс тәрізді. Мәшинеге, өзіне қарап, өз бойынан өзі жиренеді.

Мәшине бұрынғысынан да құлды­рады.

VI

Күн дем алыс еді. Жамал дүкеннен қай­тып үйіне кірді. Кәперетіптен алған бір құшақ нәрсесін үстел үстіне қоюға келгенде столда жатқан бір жапырақ жазу­лы қағазға көзі түсті.

Жамал!

Біз барамыз, бәйге шайды бапта, қайната бер!

Ормабұлақ біригадісінің абысында­ры, – депті. Жамал мырс етіп күліп қойды. Хатты Жазған Қазила екенін қолынан таныды. «Абысындардың» кім екенін өзі біледі. Олар, Жамалмен бірге бір біри­гаді­де істейтін әйелдер.

Жамал қолындағыларын орналас­тырды да, киімдерін ауыстырып, үйдегі жеңілтек жұмыс киімін киді. Самауырынды қағып, су толтырып, шайды қойды. Үйдің ішін қағып-соғып жиыстыра бастады: терезелердің желбіректі ақ перделерін тартып, ашпалы терезелерді ашып жібер­генде, үйге салқын соғып қоя берді. Үй ішіне төселген қарала текемет пен ала сырмақты шығарып қағып, қайтып орнына салды. Төр алдындағы тұтасынан ұсталған қызыл ала кілем үстінен ілінген кереге сағаттың жүрісін дұрыстап, тілін түзетті. Көз алдына ілінген Сталіннің үлкен суретінің астындағы календардың күніне қарап, ертенгі қырмандағы жұмысқа шыға­тындығын ойлап қойды. Темір кіреует­тің үстіндегі кіршіксіз ақ жастық­тар мен бәйшешектей жасалған төсек-орнына бір қарап, олпы-солпысын түзетті де қозғамаса да болады-дейді. Кіреуеттің аяқ жағында жапырақ өрнекті жасыл кілионке жамылған столдағы түрлі кітап, қалам, сауыт, қарындаштарды қайтадан жиыстырып, реттеді. Онан патепонды ашып, түннен ішінде қалған «Қараторғай» дың пыластенкесін алып, өз үйіріне қосты да: осыған кешікпей қап тігіп алмасам, шаң түсе берер деп, үйдің екінші бұры­шын­да тұрған аяқ мәшинесінің қақпағын дұрыстап жапты. Онан шамаданын ашып, ішінен Бақыттың таза киімдерін шығарып қойды да, кіреуеттің бас жағындағы кішкене үстеліне келді. Мұның үстінде тұрған топсалы айнасын орнықтырып қойып, оның жанындағы теже тауарлары­ның өзді-өз орнын реттеді. Столда бұрын­нан тұрған әдемі сауыттағы әтір майы мен тыройной адикалонның қасына жаңадан гүл суынан жасалған адикалонды әкеп отырғызды. Кішкене рамкедегі Бақыттың бала суретінің пиала тозаңын сүртіп, оны емізгендей елжіреп қарап тұрды да, оның өте кішкене күнін еске түсірді. Сүйтіп, Жамал түпкі үйінен тағы-тағы әлде неле­рін, әлде нелерін түзеп ауыстырып, сүртіп, тазалап, жайлады да, алдыңғы үйіне шықты. Ауыз үйге төселген киізді қағып-сіл­кіп, үлкен дөңгелек үстелді ортаға қой­ып,үстіне шашақты ақ дастарқан жай­ды. Үйдің босағасына ілінген жуын­ғышқа, су құйып, бұл жерде тұрған иісті сабынды, қылодоронтты, сүйек сапты аппақ тіс тазартқышты реттеп, жанындағы шегедегі ақ орамалды ауыстырды. Сүйттідағы, жа­сыл ала потнастың үстіне шайнек, шы­наяқтарды үйіп, тазартуға тысқа алып шығып кетті.

Оқушы Жамалды бұдан бірнеше жыл бұрын біледі. Оның байы Өтеген тастап, қа­шып кететінде Жамал жыртық қараша үй­де қалған. Сонан бері төрт-бес жыл өтті.

Қалхоз басынан талай күндер кешті. Қалхозды бұрын бастай алмаған берекесіз басшылар кетіп, іскер басшылар келіп, іске мықтап кірісті. Бай-құлақтың құйыр­шығы болып, қалхозды бүлдірген белсен­ді­лер бытыратылып, қалхоздың іші тазар­тылып, қалхоз жұмысы жаңа жолға түсіп, жұрттың бәрі шын ынтамен жұмысқа кіріс­ті. Жалғыз Жамал ғана емес, бұл өлке­дегі сондай мың-мүлиен адамдардың қалхозды көркейтуге, қалхозды көгертіп, өз тұрмыстарын жақсылауға алаңсыз кіріскен кезі болды. Солардың бірі-Жамал еді. Ол, Өтеген кеткеніне тіпті жасыған жоқ. Қойнындағы қосағы тастап, қалхозға істеген Жақыпбектердің жаулығын көзі­мен көрген соң, Жамалдың көңілі бұрын­ғы­сынан да бекіді. Не болса да өз еңбегіне сенуге, коммуніс партиасының соңына еруге бел байлады. Қалайда қалхоз көгер­се-өзінің де көгеретініне көзі әбден жетті. Бұрын байым бар деп, еңжарланып, иек сүйейтін Жамал, жау жақыннан шыққан соң көңілі бір жола алаңсыз болып, қалхоз жұмысына шындап кірісіп, өзін-істе ши­рат­ты. Қалхоз қалының қиын күндерінде айнымай, табандап қызмет қылды. «Арғы бетке байын өзі қашырып жіберіп отыр, бір күні бұл да қашып кетеді»-деген төңі­ректегі күңкіл өсектер жаңына қанша бат­са да, қажымастан қайта қайраттана түсіп, қалхоздың алдыңғы адамдарының қатарына шықты. Ол қашан да қалхозға– келешектен таудай үміт күтті. Қалхозым өседі, өзім адам боламын деп, өмірге өте көңілді болды. Әсіресе аман-есен босанып ұл тапқан соң Жамалдың қуанышы қойнына сыймады. Қалхозды-құтым, ба­ла­­сын-Бақытым-деп бекінді. Сондық­тан, баласының атын «Бақыт» қойды.

Жамал шәйнек, шынаяғын жуып, тазартып, сүртіп болғанда, қойылған са­мауы­рын да қайнап, тасып төгілді. Жамал шайын шығарып, самауырынын еселеп болған кезде, самбырлап сөйлеп үйге қалхоз абысындары да келісті. Бұлар: Қа­зи­ла, Мәржан, Ырыс, Дәмелі-төртеуі еді.

Жамал оларды жайраңдап қарсы алды:

– Келіңдер, келіншектер!…

Әйелдер дабырлап сөйлеп, сықы­лықтап күліп Жамалдың үйін ел көшкен­дей дүрілдетіп, жасаулы тұрған стол айналасына отырысып жатыр.

Бірін-бірі атып-қаққан қалжың сөз. Бұлар Жамал­дың достары, бұлар Жамал айналасын да бір топ болып, қалхоздың қарсы көшесінің әйелдерімен орақ жарысына түскен. Жарысқа түсушілер сегіз-сегізден 16 әйел еді. Орақ басталған соң өзара шарт жаса­сып, жарыс басына комиссиа сайланған. Жарыста бұлар қыздыра істеді. Осы үш бес күндіктің үшеуінде де Жамал жағы жұ­мыстың алдын бермей асып түсіп отырды. Өздеріне лайықтап алған егін түгіл, өздеріне қарсы түскен әйелдердің де егінін орып, ада-күде орақты бітіріп шықты. Күні кеше ғана бұлардың жұмы­сына қортынды жасалып, Жамал жағы бәйге алды. Сол он алты әйел ішінде, әсі­ре­се, Жамалдың жұмысы көзге түсіп, жыл­дағысындай жаңа ауызға ілінді. Жа­малдың біригадісіне қалхоз бәйге берді. Берілген сыйлықтың ішінде көгала қағаз­ды 400 грам мәміле шай бар еді. «Бәйге шайы»-деп абысындар соны айтады.

Жамал самауырынын үйге кіргізіп, дастарқанын жайлап, жасалған кеселерге қою қаймақ қатып, қызыл бұйра шайдың иісін бұрқыратып құя бастады. Ақ шәй­нек­тің шүмегінен құйылған шайдың ағ­ы­ны сырқырап, мәміле шайдың иісі бұр­қырап,үй ішін аса бір көңілдендіріп жі­бер­ді.

– Ішіңдер, жеңдер! – деп Жамал қонақтарын құрмет қылады.

– Құя бер, жаным, шайын да шекер, бауырсағын да бал екен! - дейді Мәржан.

Қою шай, қуанышты мәжіліс, әйелдер абысын-ажын әзілмен бірін бірі қағытпаға салады:

– Мына қатынның бауырсақ тартысы-тақ Нұржамалдың кірпіш қалауындай екен. Қараңдаршы, алдын жапырып жіберіпті - деп Дәмелі Ырыстыны мысқыл­дай­ды. Оған анда-санда бір сөйлеп қоя­тын Ырыс:

– Менің тамағым да, қалауым да осын­дай! Оған Мәржан араласып:

– Бұл қатын кісі алдын бермейді, бұл қатынға ілесем десең, Салиқа, Қарақыз, Кеусерлерді қосып бір біригады болып, жарысқа түсуіміз керек. Әйтпесе бізді жаңына да ілестірмейді. Көрмейсін бе, алдындағы бауырсақтың бітіп бара жат­қанын…

Жамалдың жүзі жарқын, қабағы қуанышты. Ағы-ақ, қызылы-қызыл болып, абысындарымен алаңсыз әңгімеде:

– Бәйгені біз аларманға келгенде Уа­зи­палардың қипалақтағаны ай! Ахметті қандай айналдырды?

– Соны айтсаңшы «бұлардың жерін қайта өлше»-деп қандай өңештеді.

– Шіркін-ау, әлі, қаулыға келгенде Қарақыздың байы, қатынына бүйрегі бұрып, әлек болмады ма? Ұялмай-қызар­май «бәйгені екі жағына бірдей бөліп берейік» – деп болмады ғой.

– Қайтсін, байғұс, өзі ат үстінде жүр­гендігін бір көрсетіп, көптің бәрін бірдей көрейін дейтін шығар.

– Е, міне, сонысы жаман ғой, көптің бәрі қалай бірдей болсын?

– Е, жаным-ай, бүгінгі тәртіп бойынша әркімнің ісіне қарай да.

– Біз басында білмедік, егерде ешкі сақал қайнағаның үйіндегі діңкілдек абысынды өзімізге қосып алғанда, біз орақты бұдан ертерек бітіретін едік.

– Рас, ол бір алып әйел ғой, оған жұ­мыс шыдамайды.

– Ей, жеңеше-ай! Соны мақтамашы, алып абысын арсаң-ұрсаң еткенімен жұмысы тындым емес. Білемісін, егінді қолмен орғанда қалай орушы еді. Орған жерінен өткеніңде қып-қызыл маса қат көпір болып жатушы еді.

– Мейлі, не болса да болды. Сүйтіп, орақты бітірдік. Түйір түсірмей жинап алсақ болар, – дейді Жамал.

– Е, ол да бітіп қалады. Көз қорқақ, қол батыр деген. Ертеңнен бастап үш қырманға да қол қойылады. Сонан соң немене, осы айдың қараңғысына жібермей ада-күде астықты жиын-терін қыламыз…

– Біз биыл орақта да қалхоздың алды болып едік, басқаларға бастыруда да жеткізбейміз, – дейді Қазила.

– Егінді елден бұрын жиып алып, қыр­ман бәйгесіне тағы бір машине алсақ тым жақсы болар еді, – дейді Жамал.

Әйелдер осылай дауылдасады. Қуаны­шында шек жоқ. Әсіресе, мынау Жамалдың жанына жиылып, бәйгіге алған шайды ішіп отырып, абысын әңгімеге түскен қандай қызық. Оны мұны сөз қылады. Өздерінің біригадісіндегі жарыс үстінде болған бәсеке, қалжың – бәрі сөз.
Осылай дауылдасып отырған үйге Ба­қыт кіріп келді. Үстінде ақ көйлек, мой­нында қызыл галсток, көзі күлімдеген қара домалақ бала үкілеген құнандай жұлқып, Жамалдың жанына тұра қалды. Жамал:

– Айналайын, шырағым, – деп Бақыт­тың қас-қабағына түскен шаңды сүртіп, баланы айналып үйірілді де қалды.

– Тарқадыңдар ма?

– Иә! – деп Бақыт басын жұлқып, еркелеп, бұрандайды. Үйде отырған әйел­дің барлығы да Жамал мен Бақытқа қарап қалысқан. Анаға елжіреп, балаға қызығып Жамалдың куанышына ортақтасып отыр.

– Айналайын-ау, менің Әбітайымда үйге барды ма? - деп Бақыттан Ырыс сұ­рай­ды.

– Иә, ол да үйіне кетті-деп Бақыт ба­сын изелектейді. Өзі сүйттідағы ойына көр­ген-білгені түсіп кетіп, Ырыстыға қа­рап, қолын сермеп, көзі жанып сөйлеп кетті:

– Апай, Әбітайдың жасаған тыракты­рын сіз көрмедіңіз, ол қандай қызық тырактыр жасады. Оған Ырыс еміреніп:

– Е, айналайын-ай, көргенім жоқ, қандай қызық тырактыр жасапты, менің Әбітайым. Қайда жасады оны?

– Бізді Айныш апай сонау, сонау су бойына алып барды ғой…

– Сонан соң? Онда қызық болды ма?

– Онда біз суға шомылдық. Балшық­тан көп-көп малдар, мәшинелер, үйлер жасадық.

– Сен не жасадың? - деп Жамал Бақыттан сұрады.

– Мен Борошиліпті жасадым. Тор қасқа атына мініп, қызыл әскер алдында келе жатыр ол…

– Менің Күлтайым не жасады? – деді Мәржан.

– Ол паравоз жасады.

– Азат не жасады.

– Азат түкте жасаған жоқ, өзінің га­зет­тен жасаған самолөтін ұшыртып жүрді.

– Шіркін-ай, қызық болған екен-ау,-деді Қазила күліп.

Бақыт апайларының өзіне-көңіл бөлгеніне насаттанып, күн ұзынғы көрге­нін сөйлеп кетті. Тәрбиеші әйел балаларды қайда, қалай алып жүргенін, ол жақта нелер көргендерін бір-бір тізе жөнелді.

Жамал Бақыттың сөзіне сүйсініп, рақаттанып тыңдап отырады да, іші елжі­реп кетіп құшақтап алып, қысып сүйіп-сүйіп жіберді.

– Сүй, шырағыңды, сүй, қызығын ғой! – деді Қазила.

Еңбектің еркін шайына жадырап, өз көңілдестерімен әзілдесіп отырған тәтті мәжілістің үстіне балалар майданынан Бақыттың келіп арсалаңдап сүйгізіп тұр­ғаны Жамалдың шаттығын шарықтатты. Жүрегі шынайы тулап, шын қуанып, жол­дастарына сыр қылады.

– Бұл Бақытымды сүймегенде мен кімді сүйем? Менің тарыққанда тауып алған, зарыққанда көргенім емес пе? Мұның маған бір күнінен бір күні қызық. Тілегім, ермегім осы. Иіскеймін, сүйемін, сөйлеген сөзін тыңдап рақаттанамын. Қашан жұмыстан шаршап қайтқанымда осыны көрсем, сүйсем жадыраймын да кетем. Еш бір шаршап, жалыққанымды білмей кетемін. Осы үйдің ішінде өзіміз бір рулы елдей дүрілдесіп отырамыз. Ма­ған бұдан артық кім керек? Байды керек қылам ба? Менің бақытым осы емес пе?…

Абысындардың есіл-дерті ана мен балада. Олар Жамалдың Бақытына қы­зығып елжіресіп отыр.

Әйелдер әзіл-әңгімемен отырып шай­ды тауысты. Жамал самауырынды шы­ға­рып, шай жабдығын жууға кірісті. Қа­зи­лалар Бақытты былдырлатып қа­л­­­­жыңдасып отырды да түп үйдегі па­те­понды ортаға алысты.

Бұл патепон Жамалдың өткен жыл­дағы обылыстық сүлетке барғандағы алып қайтқан патепоны еді. Үр жаңа. Әйелдер Әлбомдағы Жамалдың пыластенкелерін қарастырып «Гәкку», «Сар жайлау», «Қара торғай», «Қалыбек», «Ерніс Телман»… деп таңдап алып, қойысып жатыр. Бақыт та бұлардың қасына келіп, Ырысты иықтай отырып, «патепон жайын білеміз»-де­гендей пыластенкелерді пәлен-түген деп атап, апайларына көмектеседі. Патепонға пыластенке қойылып, зарлай жөнелгенде Бақыт:

– Бұл Манарбек! – деді.

Әйелдер тынып тыңдай қалысты. Салқын соққан, жұпар сасыған Жамалдың үйінде шыққан патепон дауысы сыңғыр­лап, көңілді мәжілісте күй қобдидың көмейінен Манарбек домбыраға қосылып сұңқылдатты…

Алтайдың кен шығардым саласынан,
Биік тау, терең жар тас арасынан…

YII

 Жүйрік, жеңіл машине Киріптің кең жолында ызғытып келді. Жолда әлденеше таулар, жазықтар, ойпаттар, қолаттар, қыраттар қалды. Нелер суларды, алуан арықтарды артқа тастады. Машинеге мінген жаяу жолаушы Өтеген, оның анау жылғы кеткенінен қайтып келе жатқаны осы. Ол жол үстінде жан-жағына алақтап келеді. Оған жер таныс, көзіне оттай басылады. Міне бұл жерлер Өтегеннің бала жасынан жүрген жері. Мынау шилі өзекте бұрын Намазбек қажының тоқалы, мешіті болушы еді, Қажының өз ауылы жазда Аламан тауынан асып жайлауға кеткенде-бұл жерде ел қалмайтын. Тіпті оның пұшық молдасы да мешітті тастайтын. Тек егін, жоңышқасын баққан төрт-бес қараша үйлер-жатақтар ғана отырушы еді. Ол кезде бұл жерде жылан жалағандай тықыр, қу дала, қу мекен еді, тек алыстан ғана Намазбектің он шақты түп қарағашы бұлдырланып көзге түсетін. Онан басқа бұл жерде не бар еді?...

 Әне, анау баяғы Рүстем төренің шошақ күмбезі.  Ол уақытта қараңғы жұрт оны қандай әулие көруші еді, бала бітпеген, қояншық жабысқан неше түрлі ауру адамдар келіп оған түнеп, әлем байлап жүруші еді ғой. Ондағы биік күмбез қазір құлап қалыпты. Айналасы қалың щеңгел еді ғой. Онан бір тал жоқ, қазір қыруар егін болып кетіпті. Егіннен ине шаншар жер көрінбейді. Биылғы астықтың шығысы қандай жақсы еді!

 Өтеген машине үстінде жан-жағына алақтап, мөлшерлі жеріне жеткен сайын жүрегі дүпілдейді. Көзі жасаурайды. Машине құлдырап жер танабын тартып келе жатқан сияқты. Бұл өзі кеткен кезде қалхоздың отырған жері осынау алдында болатын. Енді әне-міне дегенше сол жеріне машине алып келіп қалады...

 Мәшине зырылдап өзекке түсті. Бұл өзек бұрынғы осы жердегі ауылдың су ішіп отыратын бастауы. Осы өзектен шыға келгенде енді өзі кеткен ауылға ілінеді... Шын ба, шыны мен-ақ өзі тастап қашқан ауылға қайтып келе жатыр ма? Не үшін келе жатыр?... Жүрегі онан арман дүрсілдейді. 

 Мәшине жүйткіп өзектен өтіп, қабаққа шыға келгенде Өтеген жан-жағына қаранып еді, көзіне ешбір қараша үйлер түсе қоймады. «Жері осы-ақ еді ғой» деп өңешін созып еді, өңшең үйген шөптер, жиылған маялар, ерсілі-қарсылы жүрген машинелер, адам, көліктер ғана көзге түседі. Бұрынғы кемер-кемерде күйкиіп тұратын кепе қора тамдардың өзі түгіл орны жоқ, анда-санда бір жерде сорайып қалған тұймыш заполаттардың қалдығы қара сорадан азар-азар көрінеді. Өтеген ойға:

– Апырай не болған? Бұл жерде ешкім қалмаған ба? Бұлар қай жаққа кеткен?

Өтеген сасайын деді, үңіреңдеп жан-жағына қаранды. Қашаннан көксеп келе жатқан бұрынғы мекенге жетті. Бұдан әрі ол енді қайда барады? Қараша үйлерді қайдан іздейді? Машина бұдан әрі қайда әкетеді? Жүйткіп сырылдап, ықты жарға жарамай әлде қайда алысқа алып кететін сияқтанады. Оның жаны қысыла бастады. Не болса да енді машинеден осы арада түсіп қалайын деп ойлайды. Жүрегі дүпілдеп, буыны дірілдеп, жалма-жан алдындағы шопырдың иығына таман төніп:

– Қалды! қалды!-деп қалбалақтады. 

Шопыр мәшинені тоқтатып, Өтегенге қарады:

– Не қалды дейсіз?

– Осы жер! Осы жер!... деп Өтеген көмейі тұтығып, айта алмай артына қарап қолын шошаңдатты.

Шопыр Өтегенді түсінбеді. Оның қалхозға жетпей ай-далада «осы жер» дегені тіпті түсініксіз еді. 

– Мен осы жерде түсіп қалайын-деп Өтеген қалбырақтады.

– Неге түсесіз?

– Келдім ғой, шырағым!

– Қайда келдіңіз?

Қалхоздың отыратын жері осы еді, мен білмей қалдым... Біз адастық ба, әлде олар тіпті жоқ па? Бірақ мен түсейін, бұл жерге тастағаныңа, алла разы болсын, шырағым...

Шопыр таңырқап тағы сұрады:

– Ә, сіз қалхозға бармайсыз ба?

– Иә, қалхозға...

– Қалхозға барсаңыз – қалхоз әне анау көрінген ғой-деп шопыр көз көрім жердегі қала сықылды, қалың ағашты көрсетті. 

Құлдыратып құстай алып ұшқан мәшиненің тоқтап тұрғаны Өтегенге оңай қолға түспейтін олжа сықылды.

Ол тағы бір жаққа алып кетер-деп ойлайды. Осы есеппен түсіп қалуға бел байлап: 

– Сонда да мен осы жерде түсіп қалайын-деп жанындағы түйіншегін алып, мәшинеден түсуге оқталды. 

– Неге түсесіз?

– Түсейін, шырағым, сіз өзге жаққа бұрылатын шығарсыз...

– Мен қайда бұрылам?

– Қайдан білейін, шырағым, жолың басқа болмаса?...

– Жолым осы, отағасы. Осы жол тура «Мірзоян» қалхозына апарады. Түспеңіз, мен сізді тура сол қалхозға алып барамын.

Өтеген аңырайып қалды.

– Ә, сүйтесіз бе? Онда жақсы болар еді...Мен сізді қалхозға бармайтын шығар деп едім...

Ағай-ау, өне дегеніңіз, мен қалхозға неге бармайын? «Мірзоян» қалхозының жолы осы болса, бұл мәшине сол қалхоздікі болса, онда бармағанда қай жаққа барам?

Шопыр осыны айтты да маторын дүрілдетіп жіберіп, тағы ызғытып ілгері жүріп кетті. 

Өтеген аң-таң. Шопырдың сөзі оның миына қонбайды. Сондықтан, ол «мынау мәшине қалхоздікі» дегенге аң-таң болады. Шопырдың онымен жұмысы жоқ. Ол жолаушының жайын сұрап та керексінген жоқ. Ол өзінің машинесінің жайын жолаушыға сөйлеп келеді:      

– Сіз бұл қалхозға бұрын келмеген кісі көрінесіз. Осы аудандағы ең алдыңғы қатар қалхоздың бірі осы. Биыл үш жыл болды, ұдайы бәйге алып келеді. О басында банды талаған қалхоздың бірі осы болған. Белсенділері күйсіздендіріп, бастығы бандыға қосылып, әлек-шәлек болған заманда басшылар қайтадан өзгерген соң-қалхоз қайта ұйыстырылып, іске кірісті. Сол жылдарда өкіметтен малда берілді. 1933-жылы қалхоздың егіні жақсы шығып, жұмыста алдыңғы қатар болғанда қырман бәйгесіне ақ бақай күрең арғымақ тай берілді. Осы төңіректегі қалхоздың айғыры сол. Қалхозда мал да көп. Қой, жылқысы анау тауда. Сауын сиыры қолда. Бұрын бұлар осы жердегі жер кепелерде жататын еді. Осы күнде, әлі , көрерсіз, бұл жерден жұрт аударып, анау алдымыздағы ағаш көрінген жерге көшіп, үй салып, мекен қылды. Осы күнде қалхозда хат танымайтын кісі жоқ. Өзіміз 150 үйміз, үй басына екіден, үштен газет алдырады. Қанша газет болар, өзіңіз есеп қыла беріңіз. Мынау өткен жылғы алдыңғы қалхоз ретінде берген бәйгесі-мәшине.

Шопырдың айтып келе жатқан сөзінің бәрі Өтегенге ертегі сықылды. Ол әсіресе мәшиненің «бәйгеге берілді» дегеніне жақсы түсінбейді. Бәйге не? Қандай бәйгеге мынадай аптамабел беріледі? Бәйге алатын қалхоз ол немене? Әлде әлгі айтып келе жатқан арғымақ өзге қалхоздардан озып келді мекен? Өтеген олардың байыбына жөнді бармады.

Күн кешкіріп қалды.

Машине ызғытып келеді. Әне-міне дегенше көз үшіндегі бұларланған қалың ағашқа кіріп кетті. Кең көшенің екі жағына еркіндеп отырған аппақ, мұрсындай қалхоз үйлері қатарласа отырыпты. Әр қораның арты кең-кең бау-бақша, саялы ағаш көрінеді. Биік-биік бағаналарда әлденендей сымдар тартылған. Бұлардың мәшинесі Селпо магазінінің дәл алдынан өте бергенде қалхоз қаласында от жарқ ете түсті. Өтеген онан сескеніп қалды. Барлық үйлер, көше қоралар жап-жарық болды. Көше бойларына тізілген биік-биік бағаналар електірден каухар сырға таққандай жер-дүниені нұрландырды. Ғажап! Не керемет? Өтеген мұндай шамның жанғанын Қытайдың қай қаласынан көріп еді? Оймен келтіріп, ауызбен қиыстыра алмайтын ертегі сықылды жаңа, жат дүниеге зейіні жетпей, Өтеген тек жан-жағына жалтақ-жалтақ қарайды. Бұлар мектептің үйінен өтіп, «қалхоз құлыптың» алдынан өте бергенде, құлып алды тіпті самаладай жарық. Кешкі халық құлып алдында топырлап, ойын-күлкімен у-шу еді. Үлкен ағаштағы радионың саңғылы кешкі салқындағы самалды әуеде әлде қайдан бір қазақ әнін саңғыратады. Мұның бәрі Өтегенді өзге бір дүниеге алып кіргендей пәңгіртіп келеді. Ол өзінің әлдеқайда екендігін анық ажырата алмаған сияқты. Оның ойынша қалхоз үйлері өзі кеткендегі жаз жұлма-жұлма қараша үйлерде, қыс жер кепелерде жеке-жеке жататын кедейшілік басқан қараңғы, соқырқай үйлер... Осынан басқаны басына келтірмейтін Өтегенге мынау дүние бір ертегі сықылды...

Шопыр мәшинемен ызғытып келіп үлкен ақ там-үйдің қарсы алдына тұра қалды. 

Қалхоз осы, ағай, жұмысыңыз болса мынау басқарма, осында кіресіз...

Өтеген жүрегі орнында емес, ол буыны қалтырап, түйіншегін алып, сүметіліп мәшинеден түсті. Мәшине лып етіп басқарма қорасына кіріп кетті.  Өтеген аңырып тұрып қалды.

VІІІ

Күн кешкірді. Жамал абысындарын ұзатып, қақпа алдынан қайтып үйіне кірді. Бөлменің көше жағындағы үлкен қос терезеден түскен тұсындағы електір жарығы үй ішін ала көлеңкелеп әдімі сәуле түсіріп тұр. Жамал жарықты жақсам бала оянып кетер деген оймен ақырын ептеп басып, керіуетте ұйықтап жатқан Бақыттың жанына келіп, маңдайынан сипап отырды. Жамал ойда: оның ойын ойға-қырға көшіріп отырған өзінің шексіз қуанышы. Ол ала көлеңкедегі үй ішіне қарап оймен бірге нұрға батқандай.

Кіршіксіз ақ төсектегі пыс-пыс ұйықтап жатқан Бақытқа қызығып, іші елжіреп, үстіне төніп отыр. 

– Ұйықта шырағым, ұйықта. Сенің ұйқын үшін кинодан да қалып отырмын. Айныш апайың сендерді су бойына алып барса, күн ұзын балалармен жүріп, шаршаған шығарсын, күнім. «Мен Борашилопты жасадым» деп отыр едің, енді міне рақаттанып дем ал,сәулем!   

Бақытым, жарығым... Сен менің ауыр күндерімде туып едің, енді бақытты күндерімде өсіп келесін. Менің сен туғанша көрген ауырлықтарым-міне осы күнде ойлансам бір күндей де емес. Мені байы жоқ, сені әкесі жоқ-деп біреу де айтпайды. Біздің туған жеріміз-қалхоздың жері. Біздің қызықты өміріміз –міне осы арада. Бақытым, сен кешегі сұмырай Өтегеннің ұлы емессін. Сенің әкең собет үкіметі, сен собет одағының ұлысын, собет отанының бақытты баласысын, сен, жаным. Сен өзің де солай дейсін. Өзің де Сталін баласымын дейсін! Соны айтқан сенің тәтті тіліңнен айналайын! Сендей баласы бар мен қандай бақыттымын!

Жамал осындай сөздерді айтып баланың үстіне елжіреп, төніп сөйленіп жатқанда үйдің есігі ашылып, біреу кіріп келе жатқан сияқтанды. Жамал жалт қарап, ақырын ғана «бұ қайсының?» деп дыбыстап еді, кірген кісі үндей қоймады.

Жамал жалма-жан тұра салып, електірді бұрап жібергенде, үй іші жарқ ете түсті. Жамал жанында жаман түсті біреу тұр. Жамал шошып қалды. Аңсызда бейуақ жамылып үйге кірген дуанадан сескеніп, қапелімде аузына сөз түспеді. Аузын ашқан ескі етік пен түйіншекті қолына ұстаған, өне бойы шаң, көзі үңірейіп көрінбейді, жалаң аяқ, үсті-басы жұттан шыққандай жұлым-жұлым, қап-қара кір-кір адам. Жамал мұндай қайыршыны көптен көрген емес.

Өтегенде де орнығып тұрған жүрек жоқ. Оның не ойы, не көңілі орнында емес, тек жел толқытқан көлдің бетіндегі қоңыздай қаңғырып қайда келіп тұрғанын өзі де тұманды түсінеді. Ол Жамалдың үйін сұрастырып азар тауып, ала көлеңкеде үйге азар кіріп келгенде електірдің жарқ еткен оты Өтегеннің қалған құтын ұшырып жіберді. Тақ төбесінен жай жарқылдағандай болды. Баяғы өзі жұмсап үйренген лашықтағы жыртық кимешекті, қара қожалақ, жабырқау көңіл, жасық Жамал жоқ. Алдында аппақ киінген айбынды әйел бұған қарсы айбар шеккендей тұра қалды. 

Өтеген Жамалдың айбарынан қорқып қалтыраған дауыспен:

– Жа-жа-мал!-деді.

Жамал көзі жалт етіп, Өтегенді тани кетті. Онан әрі сескенді. Бұл тұрған адам Жамалдың жүрегіне пышақ оқталғандай болды. Көңілі быж-тыж болып бір мүйнөттің ішінде ойы онға, санасы санға бөлінді: Өтеген, Өтеген... Өткен күн...тозық тұрмыс...кешегі итшілеген өмір...Қара лашық...Жоқшылық...Жалқау ер...Қараңғы түн...Қашқын, калхоздың жауы... Осының бәрі көз алдынан тізбектеліп өтіп, жүрегін зузу еткізді. Жамалдың қаны біресе ішіне тартылып, біресе дуылдап бетіне шығып, өзімен өзі алысып қалды. Біресе ширап:

– Шық үйден! – деп айтуға оқталып, оқталып жаңа тоқталып қалды.

Өтеген меңірейіп, қорққаны мен қуанғаны қосылып ол өзімен әлек. Аз тұрғаннан кейін бой тоқтатып Жамалға жауап қатуға недерін білмей мысы құрып:

– Жамал, неге көріспейсін! «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» деген бар емес пе? Не қылсаң да өз қолыңнан өлейін деп қайттым... дегенге аузы азар келді. 

Жамалдың басы әңкі-тәңкі. Ол екі қолын қайда қоярын білмеді: Өтегеннің қолын алып көрісе ме, жоқ қылмысты қайыршының кеудесінен итеріп, есіктен шығарып жібере ме? Дел-сал. Қанша қайратты, қанша берік болғанмен Жамал қапелімде өзіне байлаулы билік істей-алмай бас қолын басқара алмады. Ол үнсіз... Бұл кезде жағылған жарықтан Бақыт оянып кетті. Бақыт ұйқылы көзімен біресе апасына, біресе үйде тұрған жаман түсті жат кісіге жалтақтап қарай берді. 

– Апа, бұл кісі кім?

– Жат кісі, қалқашым.

– Жат кісі неге біздің үйге келеді, апа?

– Біздің үй екенін білмей келіпті, қалқам!

– Апатай, сен білесін бе, жат кісіні қалхозға жолатпайды.Жат кісілерді қалхоздан қуып жібереді. Сен білесін бе, қалхозда жасырынып жүрген жат кісі болса басқармаға айтыңдар деген, Демесін ағайым... 

Үй ішінде үн жоқ. Жамал Өтегенге жауап қатпады. Өтеген отыруға да батпай тұр. Бақыт тағы тақылдайды.

– Апатай, сен қазір, Демесін ағама телепонмен айт, бізге бір жат кісі келді де!...

Жамал:

– Әй, ақылдым, жарығым!-деді. Өтеген кіріп кетуге жердің тесігі болмады. 

Жамал ойда: оның бала жасынан бергі өмірінің өкше ізі алдында найзағайдың отындай жарқылдады. Өткендегі өмірден көрген қорлық, тартқан бейнет көз алдына кезек-кезек келеді. Онымен араласа бүгіндегі тапқан бақыт, көрген қызық, таудай талап, күндей жарқыраған үміт, бақытты өмір-бәрі қосылып осы ақшамда Жамалдың басына арадай үймеледі. Қайсысын қадағалап қарап, қайсысын дәлдеп ұстауға, қалай ойын бекітуге әлі табанын тіреген ойы жоқ. Ойдан-ойға шомып, Өтегенге үндеместен сұлық отырып қалды.

...Бұл әлі өлмепті ғой. Тірі екен! Бірақ тіршілігі осы ма? Қашқын, қайыршы, дуана...Әйтеуір, пішіні адам,бірақ мұның кісілігі не? Бейне айуан емес пе? Жапандағы жабайы аң да мұндай болмас...бұл маған не қылмады, қалхоздан қалай қашып еді? Енді қалай келіп тұр? Бір күнде бұл адам менің қосылған қосағым, төсек татуым еді-ау?! Біз қосылғанда екеуміз де надан, өмірге орашолақ едік-ау? Бұл қалхоздың ең ауыр жылдарында жау Жақыпбекпен бірге кеткен қашқын Өтеген осы емес пе? Неше жыл, неше жыл... Қазір қай жерде, қалай кездесіп тұрмыз?

Жамал бойын жиып алды. Ойын бекітіп Өтегенге қадала кетті:

– Е, сен қайдан жүрсін?

Өтеген күйбелектеп көмілжіп жауап қайырды:

– Қайтқаным осы...

– Қайдан қайттың?

– Қайдан дерің бар ма, құдай сандалтқан соң, қаңғырдым ғой...

– Мұнда қашан келдің?

– Келгенім осы

– Кім әкелді мұнда?

– Осы қалхоздың мәшинесіне мінгесіп келдім...

– Кімге көріндің?

Жамалдың «кімге көріндің?» деген сұрауы Өтегеннің бітеу жарасына біз сұғып алды. «Көріну», «мәлімдету» дегендер қай қашқынның болса да көңіліндегі күдікті жері. Ол сүле-сапа қылып:

– Әлі ішкімге де көрінгенім жоқ-деді. 

Жамал жана тепсініңкіреп:

– Мұнда кімнің рұқсатымен келдің?-деді. Өтеген үндей алмады. Ол Жамалдың нығырлай сұрауынан шындап сескенейін деді. Бұрынғы өз үйім, өлең төсегім, осы қатыным деп қайтып тұрғанда-оның бірі де көрінбейді. Жамал тіпті жат, баяғы бұйық, жасық Жамалдан бір жапырақ та қалмапты. Сөзі сарт-сұрт, өзі өктем, жаңа дүниенің жат адамы өзін жаулап сыққан сықылды. Не қылам десе де бар құдырет қолында тұрған тәрізді: Өр сөзді, омырау адам болып кетіпті...

Жамал жана сұрады:

– Қалхоздан қашқанда жарылқайды деп етегінен ұстап қашқан жаң ашырың Жақыпбек сұмырай қайда? 

Жамалдың кекеген сөзі Өтегенді онан арман шанышқылады. Сүйтсе де өзінше жауап беріп:

– Жақыпбек құрсын, өздері де құруға айналды. Бұл жақтан қашып барғанның оңғаны жоқ. Бөрінің боғы, бөкеннің сирағы болып, сайда саны, құмда ізі жоқ, тозып кетті...

– Жирен атты мініп қайтқан шығарсын?

– Жамал-ай, менің иттігімді шала қылып бетіме баса бермеші, онсыз да тірідей өліп тұрмын. Жирен атты Жақыпбектер алда қашан жеп қойған. Өзімді жаяу тентіретіп жіберді. Талай жерде аштан өліп қала жаздадым. Қолда қаражат, аста ат, үсте киім жоқ, көрінгеннің боқтығын сыпырып күнелтім. Оның несін сұрайсын!... Тек өлмедім...Тек сендерді тірі көрдім...– деп кеңкілдеп жылап жіберді.

– Жамал үндемеді. Өтегенге «қой, жылама!»-демеді де. Біраз ойланып отырып, орнынан тұрды, барып телепонды құлағына алды. Бақыт тағы да тақылдап:

– Апатай, мына жат кісіні Демесін ағайыма айт, келсін қуалап жіберсін!-деді. 

Өтегенде үн жоқ. Жамал жақтырмаған соң өзінен-өзі жасып пәңгіріп кетті. Өзі жат жерде жалғыз, жаңа жұрттың ішінде жат кісі сықылды. Мұны жат адам деп мынау жап-жас бала да қақсайды. Осы келіп отырған үйі бұрынғы үйі емес, өзге біреулердікі. Осы үйдің іші оған мәшинеге айналғандай. Үйдің бір тиегін бұраса шам жанып, бір тұтқасын ұстаса сөз сөйлейтін сияқты. 

Жамал телепонмен парторгтың пәтерін тауып алып,сөйлесе бастады.

– Ғазизбысын?...Өтеген қайтты. Кәдімгі қашқын Өтеген! Біздікінде. Демесін екеуің дереу келіңдер! Иә-иә мелітсияға телепон бер!...Күтем...

Өтегенде зәре қалмады. Әңгіменің ауырға айналғанын сезді. Ол Жамалға жыламсырап қоя берді:

– Жамал-ай, бұл неғылғаның? Мен енді қашқын емес қой, өкіметіңе таң атқан соң-ақ білдірсең де болмас па еді. Тентіреп қайтып, сендерді сағынып келгенде тым болмаса, босағаңда бір түн түнеп шығайын...Бір түнше баланы сүйіп, сенімен сөйлесіп, неше жылғы ішіме толған шерімнің шеменін төгіп кетейін де...

Жамал жайлап жауап берді:

– Бізде мәселе көп ортасында. Мен сені үйіме жасыруға қақым жоқ. Сенің кім екеніңді кім білсін... Бәлкім біздің жауымыз-жіберген шығар...Сенің қандай қазақ екеніңді қалхоз анықтауға тиіс...Әзірге сөз сол!...Соңынан сөйлесерміз.      


WhatsApp Telegram

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз