Туризм – кез келген елдің бет-бейнесін айқындайтын маңызды салалардың бірі. Себебі шетелдік туристер ең алдымен сол елдің табиғатына, тазалығына, мәдениетіне және қызмет көрсету деңгейіне қарап баға береді. Сондықтан туризмді дамыту – мемлекеттің даму көрсеткіштерінің бірі.
Қазақстан туризмді дамытуға үлкен әлеуетке ие. Еліміздің табиғаты алуан түрлі: биік таулар, кең байтақ далалар, мөлдір көлдер мен көркем табиғи аймақтар шетелдік саяхатшылар үшін ерекше қызығушылық тудырады. Сонымен қатар, еліміздің әр өңірінде тарихи және мәдени ескерткіштер көптеп кездеседі. Мысалы, Қырық қыз, Мыстан кемпір жартасы және Жұмбақ тас сияқты табиғи және тарихи нысандар өз аңыздарымен туристерді қызықтырады. Қазақстан аумағында орналасқан сәулет ескерткіштері де ерекше маңызға ие. Олардың қатарында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Айша бибі кесенесі және Жошы хан кесенесі бар. Бұл тарихи нысандар еліміздің бай мәдени мұрасын танытып, туристердің қызығушылығын арттыра түседі.
Ұлттық дәстүрлер мен ойындардың да туризмдегі орны ерекше. Алтыбақан, қыз қуу, асық ойыны сияқты ұлттық ойындар шетелдік қонақтарға ерекше әсер қалдырады. Сонымен қатар қазақтың ұлттық тағамдары – құрт, қымыз, шұбат сияқты өнімдер де туристер үшін жаңа әрі қызықты тәжірибе ұсынады. Осындай ерекшеліктер арқылы еліміздің ұлттық болмысын кеңінен танытуға мүмкіндік бар.
Соңғы жылдары Қазақстанға келетін туристер санының артуы байқалады. Ресми деректер бойынша, шетелдік және ішкі туристер саны тұрақты өсіп келеді. Бұл туризм саласының экономикалық маңызының артып отырғанын көрсетеді. Туризмді дамыту арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, ел экономикасына қосымша табыс түседі. Tуризмді дамыту тек табиғи және тарихи ресурстармен шектелмейді. Бұл салада инфрақұрылым, қызмет көрсету сапасы, қауіпсіздік және тазалық мәселелері де маңызды рөл атқарады. Табиғатты қорғау, тарихи ескерткіштерді сақтау – әрбір азаматтың міндеті. Өйткені бұл – болашақ ұрпаққа қалатын құнды мұра.
«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Камила Болатбекқызы
- Азамат Төре (авторлық өңдеу)
- Шәкәрім Құдайбердіұлы
- Азамат Төре
- Абдраманов Арсланбек
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі