
Жеңіс күні туралы
Жеңіс күні — Қазақстандағы маңызды мемлекеттік мерекелердің бірі. Бұл күн 1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен батырларды еске алып, олардың рухына тағзым ету күні болып саналады. Қазақстанда Жеңіс күні жыл сайын мамырдың 9-ында атап өтіледі. Ал Батыс Еуропа елдерінің көпшілігі бұл мерекені мамырдың 8-інде атап өтеді. Себебі Германияның тізе бүгу туралы капитуляция актісіне Орталық Еуропа уақыты бойынша мамырдың 8-і күні кешкі сағат 22:43-те қол қойылған. Ал Мәскеу уақыты бойынша бұл мезет мамырдың 9-ына сәйкес келген.
Қазақстан Республикасының «Мерекелер туралы» заңына сәйкес, бұл күн ресми демалыс күні болып есептеледі. Егер мереке демалыс күніне сәйкес келсе, келесі жұмыс күні қосымша демалыс ретінде беріледі.
Қазақстанның соғыс жылдарындағы үлесі
1941–1945 жылдар аралығындағы Ұлы Отан соғысына шамамен 35 миллион адам қатысқан. Соның ішінде 1,5 миллионнан астамы Қазақстаннан аттанған. Бұл сол кездегі республикадағы 18 бен 50 жас аралығындағы ересек тұрғындардың 70 пайызына жуық еді.
Қазақстаннан құрылған 23 әскери бірлестік, 50-ге жуық полк пен батальон майдан даласында ерлікпен шайқасты. Қазақ сарбаздары Мәскеу мен Ленинградты қорғауда, Украина мен Беларусьті, Балтық елдері мен Молдованы азат етуде ерекше батылдық көрсетті. Сонымен қатар олар Берлинді алу операциясына да белсенді қатысты.
Батырлардың ерлігі – ұрпаққа өнеге
Соғыс жылдарында ондаған мың қазақстандық жауынгер ерлігі үшін түрлі марапаттарға ие болды. Бес жүзден астам қазақстандыққа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Төрт жауынгер бұл атақты екі мәрте алған. Сонымен қатар 142 адам Даңқ орденінің толық иегері атанды.
Қазақ халқының батыр ұл-қыздары Отан үшін жанын аямай күресті. Олардың қатарында Бауыржан Момышұлы, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова секілді қаһармандардың есімі халық жадында мәңгі сақталады.
Қорытынды
Жеңіс күні — бейбіт өмірдің, бірліктің және ерліктің символы. Бұл күн бізге батыр бабаларымыздың қайсарлығы мен отансүйгіштігін еске салады. Ұрпақ олардың ерлігін ұмытпай, әрдайым құрметтеуі тиіс. Бейбіт өмір мен тәуелсіздіктің қадірін білу — бүгінгі буынның басты міндеті.

- Азамат Төре
- Абдраманов Арсланбек
- Абдраманов Арсланбек
- Абдраманов Арсланбек
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі