«Менің таңдауым Л.Н Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» - Кангалиева Айсель Нурлыбековна

Әлемдегі сан алуан жоғары оқу орындарының өзіндік ерекшелігімен атқаратын айрықша рөлі бар. Алайда, дүниежүзіндегі 50 000-ға жуық жоғары оқу орнының арасынан менің жүрек қалауым әрі нақты таңдауым — «Еуразия ұлттық университеті». Бүгінгі таңда заман талабына сай, жоғары деңгейдегі оқу орнын кездестіру оңай емес. Сапалы оқу орнын таңдау — сапалы білім мен жарқын болашақты таңдаумен тең. Демек, өмірлік маңызы бар белесте дұрыс іріктей білу, нақты шешім қабылдай алу кез келген жас түлек үшін өте маңызды қадам болып табылады.

 

Оқу орнын таңдауда ең алдымен ескеру керек басты мәселе — оның орналасқан жері. Бәрімізге мәлім, ЕҰУ бас қаламыз Астана қаласында орналасқан. Дәл осы елордамыз, әсем қала менің таңдауымның басты себепкері болды десем қателеспеймін. Сарыарқаның төсінде, ерке Есілдің жағасында бой көтерген еңселі Астана — мен үшін арман мен үміттің тоғысқан киелі мекені, жүрекке шабыт беретін үлкен даму ордасы, асқақ мақсаттар тоғысатын басты орталық. Осы бір көркем, сұлу қалада білім алып, тұлға ретінде өсу — әрбір жас түлектің мақсаты мен асқақ арманы деп ойлаймын.

 

Одан бөлек, таңдау жасауда университет беделі де үлкен рөл атқарады. ЕҰУ Қазақстан бойынша топ-3 үздік оқу орнының арасынан ойып тұрып орын алған көшбасшы орда. Сонымен қатар, Еуразия ұлттық университеті — кең ауқымды халықаралық білім беру жүйесі мен жастарға сан түрлі мүмкіндіктер ұсынатын жетекші жоғары оқу орындарының бірегейі. Университет жаңалықтарында жарияланған: «Бүгінде университет қабырғасында 20 мыңға жуық студент бакалавриат бағдарламасы бойынша білім алуда. 29 жыл ішінде ЕҰУ-ды 80 мыңнан астам бакалавр бітірді. Университет тарихында магистратураны 70 мыңнан астам маман тәмамдаған. Жыл сайын 300-ге жуық студент “Welcome to ENU” бағдарламасы арқылы алмасуға келеді», — деген ресми мәліметтерге сүйене отырып, бұл қара шаңырақтың елдегі ең үздік екендігіне анық көз жеткізуге болады.

 

Мен үшін ЕҰУ тек қана білім ордасы емес, нағыз қызықты студенттік өмірдің жарқын айнасы, үлкен шыңдалу алаңы әрі дамушы орта. Осы уақытқа дейін мені «Қайда барамын? Таңдаудан қателеспеймін бе? Арманымдағы толық грант иегері атана алатыныма сенімдімін бе?» деген тынымсыз ойлар мен сұрақтар үнемі мазалап келген еді. Сондықтан мен әр университеттің шығу тарихын, жатақхана жағдайын, білім деңгейі мен халықаралық жетістіктерін, сондай-ақ түлектердің шынайы пікірлерін мұқият зерттеумен болдым. Маған нағыз жайлылық сыйлап, көкейімдегі сұрақтардың барлығына нық жауап бере алған бірегей білім ордасы дәл осы ЕҰУ болды. Осылайша, мен болашағыма нық қадам басып, нақты шешім қабылдадым.

 

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні — мен өз таңдауыма ешқашан өкінбеймін. ЕҰУ секілді шексіз мүмкіндіктер мекенінде білім алу — әрбір талапкердің қол жеткізгісі келетін арманы. Болашақта Еуразия ұлттық университеті бұдан да бетер көркейіп, еліміздің дамуына өз үлесін қоса беретініне, ал оның түлектерінің үлкен биіктер мен жетістіктерге жететініне мен кәміл сенемін.

 

МЕНІҢ ТАҢДАУЫМ — ЕҰУ!

 


WhatsApp Telegram

Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)