Өлімнен кейінгі өмір: әлем халықтарының көзқарасы

     Өлімнен кейін адамды не күтіп тұр? Бұл сұрақ адамзатты мыңдаған жылдар бойы толғандырып келеді. Әр халық пен өркениет бұл құбылысты өзінше түсіндіріп, түрлі сенімдер қалыптастырған. Кейбірі жанның мәңгі өмір сүретініне сенсе, енді бірі адамның қайта дүниеге келетінін айтады.

Ежелгі мысырлықтар өлімді өмірдің соңы емес, жаңа өмірдің басталуы деп қабылдаған. Олардың түсінігінде адам қайтыс болғаннан кейін жаны Осирис құдайының алдына барып, жасаған ісіне қарай бағаланады. Сол себепті олар мәйіттерін мумиялап, о дүниеде қажет болады деп түрлі заттарды бірге жерлеген.

Индуизм дінінде жан мәңгілік деп есептеледі. Бұл сенім бойынша адам өлгеннен кейін оның жаны жаңа денеде қайта дүниеге келеді. Бұл үдеріс «самсара» деп аталады. Адамның келесі өмірі бұрынғы өмірдегі іс-әрекетіне байланысты болады деген түсінік кең таралған.

Ислам дінінде адам қайтыс болғаннан кейін қабір өміріне өтеді. Қиямет күні барлық адам қайта тіріліп, дүниедегі амалдары үшін жауап береді деп сеніледі. Жақсылық жасағандар жәннатқа, ал жамандық жасағандар тозаққа барады деген түсінік бар. Әртүрлі халықтардың сенімдері өзгеше болғанымен, олардың көпшілігін ортақ бір ой біріктіреді: адам өмірі өліммен толық аяқталмайды деген көзқарас.

«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Аптыхалық Мадина


WhatsApp Telegram

Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)