Жаһандану ұлттық болмысты жоя ма, әлде жаңа деңгейге көтере ме?

Жаһандану — әлемді жаулап алған үрдіс. Бұл үдерісті тежеу мүмкін емес. Менің ойымша, жаһандану жаңа деңгейде көрінудің бір мүмкіндігі. Демек, ұлттық болмысты сақтап қалу мақсатында жаһандануға қарсы тұру өз болашағыңа қарсы тұрумен тең.

Біріншіден, заманауи мәдениет. Қазақ болмысын бейнелейтін дәстүрлерімізді, этностильді трендке айналдыру. Яғни, қазіргі заманда «TikTok, Instagram» желілері көбіне қолжетімді. Осы желілер арқылы өз өндірісімізді күллі әлемге таныту мүмкіндігі бар. Мысалы, 2025 жылы Дәрия Қуатжан қазақ аруы атанып, Darideya атты этностильдегі брендін шығарды. Бұл бренд арқылы қандасымыз қазақ мәдениетін күнделікті өмірде әдемі, ыңғайлы тілмен көрсеткісі келді. Оның киімдері тек жіптен, шүберектен тұрмайды. Оның ішінде тарих бар. Aikyn.kz сайтының ақпараттарына сүйенсек, жақында ғана Dior-дың музасына айналған қазақ қызы Алла Елшіннің құрметіне ELSHIN екіорындығын тігіп, заманауи мәдениетті дамыту мақсатында нық қадамдар жасап жатыр. Әрине, брендтің басты мақсаты қазақ этностилін күнделікті өмірге бейімдеп, сәнді әрі заманауи етіп тігу. Сонымен қатар әлемдік масштабқа шығып, үлкен подиумдарды бағындыруды көздейді. «TikTok, Instagram» желілеріндегі миллионнан астам қаралымдар, 226 мың оқырман, түрлі танымал блогерлермен серіктес болу осы бір мақсатты жүзеге асыру жолында көмегін тигізуде.

Екіншіден, шекара сыртындағы еңбекқор жерлестеріміз. Шет елде жүріп өз елінің туын көкке ұшырып жүрген қандастарымыз жетерлік. Соның бірі бәріміз білетін, тамсана қарайтын Димаш Құдайберген ағамыз. Димаш Құдайберген керемет дауысымен өз елінің ғана емес, өзге ұлттардың да махаббатын жаулап алды десем қателеспеймін. Қытайдың танымал «Hunan TV» телеарнасы ұйымдастырған кәсіби әншілер байқауында Димаш екінші орынды иеленіп, Азия және жаһандық музыка нарығын бағындырды. Осыдан кейін Димаштың халықаралық гастрольдік сапарлары басталды. Ол АҚШ (Нью-Йорк, Barclays Center), Ұлыбритания (Лондон), Қытай, Ресей, БАӘ (Дубай) және Еуропа елдерінде мыңдаған көрермен жинаған жеке концерттерін жоғары деңгейде өткізді. Almaty.tv сайтында жарияланған бұл ақпарат Димаштың әлемдік сахналарда еліміздің атын асқақтатып жүрген, бірегей дарын иесі екенін дәлелдейді. Осындай ұлт болмысы үшін еңбек етіп жүрген бауырларымызға қарап, жаһандану мәдениетімізді жаңа деңгейге шығару жолында үлкен рөл атқаратындығына көз жеткізе аламыз.

Үшіншіден, еліміздің мәдениеті өзге елде насихатталып жатыр. 2026 жылы 22 наурызда ұлттық мейрамымызды әйгілі Нью-Йорктің төрінде, Times Square алаңында дүркіретіп атап өткен. Мерекелік бағдарлама барысында болған қазақтардың пікірінше, қазақтың ұлттық аспаптары асқақтап, АҚШ-ты қазақша сөйлеткендей болған. Одан бөлек Калифорния, Чикаго, Техас және Филадельфия аумақтарында мекен ететін қазақтар ашық аспан астында жиналып, наурыз көже таратып, той секілді атап өтеді деседі. Бұл қандай иммиграция болса да, қазақтарды ешкім өшіре алмайтынының бірден-бір дәлелі деп ойлаймын.

Ойымды қорытындылай келе, жаһандану артта қалу емес, алға ұмтылу. Жаһандануды ұлттық болмысты жоятын жау емес, жаңа деңгейге шығаратын қару деп қарастырған жөн. Келтірген аргументтерімді сараптай отыра, жаһанданудан тыс өмір сүру мүмкін емес, алайда оның бар мүмкіндігін пайдаланып, зиянды тұстарына төтеп беруге болады деген тұжырымға келдім. Демек, көштен қалмай, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жаһандану толқынымен ілесу керек.


WhatsApp Telegram

Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)