ҚазҰУ имиджі

# ҚазҰУ имиджі

     ҚазҰУ – 1934 жылы негізі қаланған, Алматы қаласында орналасқан оқу орны. Қазіргі таңда Қазақстандағы ғана емес, әлемдік деңгейдегі үздік жоғары оқу орындарының бірі саналады. Университет дүниежүзілік рейтингте 166-орынды иеленіп отыр. Білім мен ғылым саласының дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан беделді оқу орнының өзіндік орны мен тарихы бар.

Имидж ағылшын тілінен аударғанда «бейне», «келбет» деген мағынаны білдіреді. Ал ҚазҰУ-дың имиджі – терең тарихы мен қалыптасқан дәстүрі бар, тамырын кеңінен жайған қара шаңырақтың бейнесі.

Бүгінде университеттің құрылғанына тоқсан жылдан астам уақыт болды. Осы жылдар ішінде мұнда көптеген зиялы қауым өкілдері дәріс беріп, талай дарынды тұлғалар білім алды. Мәселен, Қаныш Сәтбаев пен Мұхтар Әуезов университет қабырғасында дәріс оқыса, Мұқағали Мақатаев осы оқу орнында білім алған. Сонымен қатар көптеген журналистер, академиктер мен ғалымдар осы қара шаңырақтан түлеп ұшты.

ҚазҰУ – түрлі сала бойынша мамандар даярлайтын ірі білім ордасы. Құрамындағы 14-тен астам факультет пен 180-нен астам білім беру бағдарламасы оның мүмкіндігінің кең екенін көрсетеді. Сондықтан да бұл оқу орнын тамырын кеңге жайған білім мен ғылым орталығы деп атауға толық негіз бар. Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін!» деген сөзі бүгінгі күні де өз маңызын жоғалтқан жоқ. Университет қабырғасында ел болашағына қызмет ететін білікті де білімді жастар тәрбиеленіп келеді.

Қазіргі таңда мен ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде «Кино және медиа» мамандығы бойынша білім алып жүрген студенттердің бірімін. ҰБТ-дан кейін болашақ оқу орнымды таңдауға ерекше мән бердім. Университеттердің тарихын, білім беру жүйесін және тәжірибелік мүмкіндіктерін саралай келе, ҚазҰУ-дың жүрегімнің қалауы екенін түсіндім. Мұндағы ұстаздардың кәсібилігі мен студенттерге деген қолдауы да ерекше әсер қалдырды.

Осы жолда тәжірибе жетекшім Сейтжанова Жанат Сануаровна мен кураторым Данева Нұрлыайым Тұрсынбайқызын ерекше атап өткім келеді. Олар мамандықтың қыр-сырын үйретіп қана қоймай, біздің қызығушылығымызды арттырып, болашаққа деген сенімімізді нығайтып келеді.

Жанат Сануаровнаның жетекшілігімен біз көптеген мекемелерге барып, мамандығымыздың ерекшеліктерімен таныстық. Атап айтқанда, Хабар арнасына, кітапханаларға, Тұран университетіне және «Ана тілі» газетінің редакциясына бардық. Хабар арнасында журналистика саласының жұмысымен жақынырақ таныссақ, кітапханалардан медиаға қатысты құнды әдебиеттерді көрдік. Тұран университетінде студенттермен пікір алмасып, білім беру тәжірибесімен таныстық. Ал «Ана тілі» газетінің редакциясында редакция жұмысының ішкі үдерісін өз көзімізбен көрдік. Бұл сапарлар мамандыққа деген қызығушылығымызды одан әрі арттырды. Сонымен қатар университет түлектерімен кездесіп, олардың жетістіктері мен тәжірибелері туралы пайдалы мәліметтер алдық. Мұндай кездесулер бізге болашақ маман ретінде бағыт-бағдар берді.

Практика барысында алынған білім тек теориямен шектелмей, нақты тәжірибемен ұштасып отырды. Осындай жұмыстар арқылы ұстаздарымыз кәсіби көзқарасымыздың қалыптасуына, мамандыққа деген сүйіспеншілігіміздің артуына үлкен үлес қосты. Бұл да ҚазҰУ имиджінің маңызды қырларының бірі.

ҚазҰУ – жүрегімнің қалауы, өзіндік орны мен тарихы бар ірі білім ордасы. Ол жастардың армандарына жол ашатын, білім мен ғылымды, өнер мен шығармашылықты ұштастыратын қасиетті қара шаңырақ. Осындай университетте білім алып жүргенімді мақтан тұтамын. Жасай бер, ҚазҰУ!

Авторы: Темирболатова Нурайым


WhatsApp Telegram

Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)