Жастардың психологиялық күйі - қазіргі қоғамның айнасы.
Қазіргі заманда жастардың психологиялық күйі- ең өзекті мәселелердің бірі. Өйткені бүгінгі жастар – болашақ қоғамның тірегі. Сырт көзге бәрі жақсы көрінгенімен, жастардың ішкі жан дүниесінде шешілмеген мәселелер, айтылмай қалған ойлар, ұзақ уақыт бойы жиналып қалған эмоциялар жетерлік.
Қазіргі жас тұлға тек оқу мен тәртіпке ғана емес, қазіргі кездегі болып жатқан бірнеше талапқа сай болуға мәжбүр. Жақсы оқып, заманауи тұлға ретінде қалыптасып, белсенді болуға, тіпті әлеуметтік желіде де “ идеал” көрінуі тиіс. Осындай қысымның барлығы жас тұлғаның психологиясына тікелей әсер етіп жатыр.
Қоғам мен талаптың қысымы
Бүгінгі таңда жас ұрпаққа қойылатын талап өте жоғары деп айта аламын. Себебі қоғам сенен үнемі жетістік күтеді. Егер де сен өзгелерден артта қалып қойсаң, өзінді әлсіз, қызықсыз сезінесің. Әсіресе мектеп оқушылары арасында бұл жағдай өте жиі кездеседі. ҰБТ, тест, грант, болашақ мамандық мұның бәрі оқушылардың иығына ерте жүктелетін жауапкершілік.
Кейбір жастар “қателесуге құқығым жоқ” деп ойлайды. Ал шын мәнінде қателесу- бұл өмірдің бір бөлігі. Әрбір адам қателеседі және қателесуге де құқығы бар. Өзіңді өзгемен салыстыру, сынау, мін тағу- жастардың өзіне деген сенімін төмендетеді. Соның салдарынан өз-өзін төмендетіп, психологиялық күйі нашарлай бастайды.
Жалғыздық пен түсіне алмау сезімі
Араласатын адамы көп болғанымен, өзін жалғыз сезінетін жас тұлғалар өте көп. Көбіне олар өз мәселесін ата-анасына немесе жақындарына ашып айта алмайды. Себебі олар “түсінбейді”, “ұрысады” деп ойлайды. Сол себепті олар бәрін ішіне жинайды. Ал ішке жиналған эмоциялар мен негатив бір күні жарылып шығады. Бұл депрессияға, агрессияға, тіпті суицидке дейін апаруы мүмкін. Сондықтан жастардың психологиялық күйіне бейжай қарауға болмайды.
Әлеуметтік желінің әсері
Қазіргі жас ұрпақтың өмірін былайша айтқанда әлеуметтік желісіз елестету қиын. Бір қарағанда, ол- байланыс құралы, ақпарат көзі. Бірақ оның кері әсері де аз емес. Instagram, TikTok сияқты желілерде бәрі бақытты, табысты болып көрінеді. Ал қарапайым өмір сүріп жүрген жасөспірім өз өмірін сол “идеал” өмірмен салыстырып, өзін төмен санайды.
Көптеген жас буын өкілдері “неге мен олар сияқты табысты, белсенді емеспін?” деп ойлайды. Соның салдарынан, өз-өзіне көңілі толмай, қызғаныш, ішкі күйзеліс пайда болады. Сонымен қатар әлеуметтік желідегі лайк пен қаралымға тәуелділік психологиялық проблемаларға әкеліп соқтыруда.
Психологиялық көмектің маңызы
Қазіргі таңда психологқа бару- әлсіздік емес, керісінше өзіңе деген жауапкершілік. Дегенмен қоғамда әлі де “психологқа тек ауру адамдар барады” деген түсінік бар. Соның салдарынан көптеген жас буын өкілдері дер кезінде көмек ала алмай жатады. Сонымен қатар мектептер мен университеттерде психологияның рөлін күшейту қажет. Оқушылар өз ойын ашық айтып, қорықпай сөйлесе алатын орта қалыптастыру маңызды. Психологиялық кеңес тұлғаны жетілдіруге, тұлғалық жағынан өсуге көмектеседі.
Бұндай жағдайда не істеу керек?
Ең алдымен түсініп, тыңдай білу керек. Тыңдай білу- үлкен қолдау. Жастардың тұлға болып қалыптасуында ата-ана мен мұғалімнің басты міндеті- сынау емес, қолдау танытып, сенім арта білу. Әр адамның мүмкіндігі әртүрлі екенін қабылдау өте маңызды. Демалу, өзіңді өзгемен салыстырмау, эмоцияны шығару- бұл әлсіздік емес, керісінше мықты күштің белгісі.
Қорытынды
Қорытындылай келе, жастар психологиясы тек жеке адамның ішкі мәселесі ғана емес, тұтас қоғамның дамуына тікелей әсер ететін маңызды факторлардың бірі болып табылады. Жас ұрпақтың рухани саулығы, өзін-өзі бағалауы мен психологиялық тұрақтылығы қоғамдағы әлеуметтік жағдайы қоршаған ортаның ықпалымен тығыз байланысты. Сондықтан жастардың ішкі жан дүниесін түсініп, оларды сынаудан гөрі қолдау көрсету мен сенім білдіру ата-ана, мұғалім және жалпы қоғам үшін ортақ жауапкершілік болуы тиіс. Қазіргі қарқынды өмір салты, ақпараттық қысым мен әлеуметтік талаптар жастардан жоғары деңгейдегі төзімділік пен психологиялық тұрақтылықты қажет етеді. Ал мұндай тұрақтылық тек түсіністік, мейірім және жан-жақты қолдау бар ортада ғана қалыптасады.

- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі