
(fifa.com сайтынан)
11 маусым күні көптен күткен футболдан әлем чемпионаты басталды. Алайда бұл жолы чемпионат Орталық Азия үшін ерекше. Себебі алғаш рет әлем біріншілігіне Өзбекстан құрамасы қатысып жатыр.
Өзбекстан – Орталық Азия елдерінің арасынан футболдан әлем чемпионатына жолдама алған тұңғыш мемлекет. Топтық кезеңде құрама Португалия, Колумбия және Конго Демократиялық Республикасы құрамаларымен кездеседі. Ал ойыншыларды 2006 жылғы әлем чемпионы, “Алтын доп” иегері және танымал қорғаушы болған италияндық футболшы Фабио Каннаваро жаттықтырады.
Instagram желісінде футбол жайлы контент авторы Артур Асқарұлы:
“Өзбекстан құрамасын міндетті түрде қолдайтын боламын. Себебі, олар - біздің бауырларымыз. Менің ойымша, бұл ойыммен барлық Орталық Азия келіседі. Тіпті менің әйелімде өзбек ұлтының қаны бар. Ол Өзбекстанда туып, сол жерде өсті. Сондықтан менде қолдаудан басқа таңдау жоқ.” – деп өз бейнероликтерінің бірінде мәлімдеді.
Оған қоса, ол өзінің әлем чемпионаты кезіндегі жоспарларымен бөлісті:
“Мен Мексикаға Өзбекстан-Колумбия ойынын және АҚШ-қа Хьюстон қаласына Өзбекстан-Португалия ойынын тамашалауға барамын. Мен тек теледидардан қарап қана қолдамаймын, ал нақты сол жерде боламын. Olg'a, O'zbekiston!”
Айта кетейік, 11 маусым мен 19 шілде аралағында өтетін әлем чемпионаты АҚШ, Мексика, Канада елдерінің 16 қаласында ойнатылады. Бұл жолы әлем біріншілігіне 48 құрама қатысады. Жарыстың бірден 3 елде өтуі – тарихта бірінші рет. Осыған дейін бұл жарыс 2022 жылы Катарда өтсе, 2018 жылы Ресейде өткен еді.
Күні ертең (18.06) Өзбекстан құрамасының Колумбия құрамасымен алғашқы ойыны өтеді. Көрермен қызық әрі тартысты ойын күтеді. Ал көптеген орталықазиялық жанкүйерлер Өзбекстан құрамасына қолдау білдіріп жатыр.

Өзбек ағайындарға сәттілік!