АЭС құрылысының Қазақстанға пайдасы қандай?

Қазақстандағы ірі энергетикалық жобалардың бірі – Алматы облысындағы Үлкен ауылының маңында, Балқаш көлінің жағасында салынатын алғашқы атом электр станциясы. 2025 жылдың тамызында инженерлік-зерттеу жұмыстары басталып, жобаға ресми түрде «Балқаш» АЭС-і атауы берілді. Белсенді құрылыс жұмыстары 2027 жылы басталады деп жоспарлануда.  

Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде электр энергиясына сұраныс жыл сайын артып келеді. Жобада әрқайсысының қуаты 1200 МВт болатын екі энергоблок қарастырылған. Жалпы қуаты 2400 МВт болатын станция елдің электр энергиясын өндіру мүмкіндігін арттырып, импортқа тәуелділікті азайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар атом электр станциясы ауа райына тәуелсіз, тәулік бойы тұрақты жұмыс істей алады.  

Жоба жаңа жұмыс орындарының ашылуына да мүмкіндік береді. Құрылыс кезеңінде 10 мыңға дейін адамжұмыспен қамтылып, оның ішінде 3 мыңнан астамы техникалық мамандар болады. Ал станция пайдалануға берілгеннен кейін шамамен 2 мың тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұл өңірдің инфрақұрылымы мен әлеуметтік дамуына оң әсер етеді. Атом электр станциясының іске қосылуы көмірмен өндірілетін электр энергиясының үлесін азайтуға және зиянды шығарындыларды қысқартуға мүмкіндік береді. Сондықтан бұл жоба Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, экономиканың дамуына ықпал ететін маңызды стратегиялық бастама саналады.

«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Аманбек Жанар


Ұқсас тақырыптар

Аманбек Жанар
WhatsApp Telegram

Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)