Абылай хан – қазақ мемлекеттілігінің символы

Басты бет / Әңгіме мен мақала / Абылай хан – қазақ мемлекеттілігінің символы

Тарихымызда ерекше орын алатын, қазақ халқының рухын көтеретін ұлы тұлғалардың бірі – Абылай хан. Ол XVIII ғасырда өмір сүрген қазақтың ұлы ханы, көрнекті мемлекет қайраткері, қолбасшы және көреген саясаткер болды. Абылай ханның өмірі мен қызметі қазақ мемлекеттілігінің нығаюымен тығыз байланысты. Сондықтан, оны қазақ елінің бірлігі мен тәуелсіздігінің символы деп атауға болады.

Абылай ханның балалық шағы өте күрделі кезеңмен өтті. Оның шын есімі – Әбілмансұр. Әкесі – Уәли сұлтан, атасы – қазақтың белгілі хандарының бірі болған. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдарында әкесінен ерте айырылған жас бала жетімдіктің ауыр зардабын көрді. Аңыз деректер бойынша, ол ел аралап жүріп, қарапайым халықтың арасында өмір сүреді. Кейін атақты Төле би оны қамқорлығына алып, мал бақтырып өсіреді. Төле бидің тәрбиесін көрген Әбілмансұр даналықты, әділдікті және ел басқару өнерін үйренеді. Сол кезеңде, халық оны «Сабалақ» деп атаған.

Шоқан Уәлихановтың жазбаларында Абылайдың жас кезіндегі өмірі туралы деректер кездеседі. Төле бидің тәрбиесі оның тұлға болып қалыптасуына үлкен әсер етті. Жас Әбілмансұр ел ішіндегі мәселелерге араласып, өзінің ақылдылығымен және батылдығымен ерекшелене бастады.

"Абылай ханның есімі оның ерлігімен байланысты пайда болған" деседі Шәкәрім Құдайбердіұлы. Жауға қарсы шайқаста, ол өзінің атасы Абылайдың атын ұран етіп, жауға қарсы шабады. Осы ерлігі арқылы халықтың назарын аударып, өзінің батырлығын дәлелдейді. Кейін оның шыққан тегі анықталып, Әбілмансұрдың төре әулетінен екені белгілі болады.

Абылай хан Жәңгір ханның бесінші ұрпағы болып саналады. Ол ата-бабаларының жолын жалғастырып, қазақ халқының тәуелсіздігі мен жерінің тұтастығы үшін күресті. XVIII ғасырда қазақ даласына жоңғар шапқыншылығы үлкен қауіп төндірген кезде, Абылай хан халықты біріктіріп, ел қорғау ісіне белсенді қатысты.

Абылай ханның тарихи рөлі ең алдымен,оның қолбасшылық қабілетімен ерекшеленеді. Ол жоңғарларға қарсы соғыстарда қазақ жасақтарын басқарды. Оның жанында Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Шапырашты Наурызбай сияқты әйгілі батырлар болды. Бұл батырлармен бірге Абылай хан қазақ жерін қорғап, елдің азаттығы үшін күресті. 1750 жылдардағы жоңғарларға қарсы шайқастарда оның әскери шеберлігі айқын көрінді.

Абылай хан тек батыр қолбасшы ғана емес, сонымен қатар, шебер дипломат болды. Ол Ресей империясы және Қытай мемлекетімен қарым-қатынас орнатып, қазақ халқының мүддесін қорғауға тырысты. 1771 жылы Абылай хан үш жүздің ханы болып Түркістанда сайланды. Бұл оның қазақ қоғамындағы беделі мен халық арасындағы сенімінің жоғары болғанын көрсетеді.

Абылай ханның басты мақсаты – қазақ жерінің тұтастығын сақтау және халықтың бірлігін күшейту болды. Ол ішкі саясатта елдің тұрақтылығына мән беріп, қазақ хандығының халықаралық беделін арттырды. Оның басқару кезеңінде, қазақ мемлекетінің саяси маңызы күшейді.

Қазақ хандығының беделін көтерген, халқының тыныштығымен арпалысқан Абылай хан 1781 жылы 70 жасында қайтыс болды. Ол Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген. Артында үлкен тарихи мұра қалдырған Абылай хан, халық жадында ержүрек батыр, дана хан және көрнекті мемлекет қайраткері ретінде сақталды.

Қорытындылай келе, Абылай хан – қазақ мемлекеттілігінің символы. Себебі, ол қиын тарихи кезеңде елін қорғап, халықтың бірлігін сақтап, қазақ хандығының беделін көтерді. Оның өмір жолы – бүгінгі ұрпаққа отансүйгіштік пен елге қызмет етудің үлгісі.


Ұқсас тақырыптар

Сабалақ

WhatsApp Telegram

Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)