Үш туынды, бір шындық: қазақтың өткені мен бүгіні

    Қазақ әдебиеті – ұлттың рухы мен тарихын ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін асыл мұра. Әдеби шығармалар халықтың тұрмысын, дүниетанымын және тарихи кезеңдерін танытып қана қоймай, ұлттық сананы қалыптастыруға ықпал етеді. Сондықтан қазақ тарихын терең түсіну үшін көркем әдебиеттің орны ерекше.

Осы тұрғыдан алғанда Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы қазақ халқының бірнеше ғасырлық тарихын қамтитын ірі туынды болып саналады. Шығармада Қазақ хандығының құрылуы, ел бірлігі, азаттық жолындағы күрес және хандар дәуірі кеңінен суреттеледі. Бұл еңбек оқырманға өткен тарихты танытып қана қоймай, ұлттық рухты сезінуге мүмкіндік береді.

Ал Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романы ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамының өмірін бейнелейді. Шығармада ақылды, қайсар әрі ел қамын ойлаған Ұлпанның тағдыры арқылы қазақ әйелінің қоғамдағы орны көрсетіледі. Ұлпанның даналығы мен әділдігі оны халық құрметтеген тұлға деңгейіне көтереді.

Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» дилогиясы Ораз-Мұхамед сұлтанның күрделі тағдыры арқылы XVI–XVII ғасырлардағы қазақ және орыс қоғамындағы тарихи өзгерістерді баяндайды. Автор сол дәуірдегі саяси оқиғаларды шынайы суреттеп, тарихтың терең қатпарларын ашады. Үш шығармада әртүрлі кезең мен тағдырлар бейнеленгенімен, олардың ортақ мақсаты бір – халықтың тарихын, рухын және ұлттық болмысын сақтау. Кітап – өткен мен бүгінді жалғайтын рухани көпір, ал әдебиет – ұлт жадын сақтайтын құндылық.

«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Берік Дильназ


Ұқсас тақырыптар

Берік Дильназ 
WhatsApp Telegram

Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)