Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық құндылықтарының бірі – ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан тарихи мұра. Жылдар бойы сақталған мәдениетіміз, салт-дәстүріміз, тарихымыз бен ұстанымдарымыздың барлығы келер жастарға деген сенімді мұраларымыз. Ал жастар сол мұраларды жалғастырушы болашақ. Қазіргі жаһандану заманында жастардың ұлттық құндылықтарға деген көзқарасы өзгеріп келеді. Осыған байланысты дәстүр мен жаңашылдықтың арасындағы байланысты сақтау маңызды мәселеге айналуда.
Қазіргі жастар – қоғамның ең белсенді бөлігі. Технология жағынан әлемдік білім мен мәдениетке еркін қол жеткізуді меңгеріп, еліміздің қолдаушы көздері болып табылады. Бұл – заманның үлкен мүмкіндігі. Дегенмен, жаңашылдыққа ұмтылу барысында ұлттық құндылықтарды ұмытпау қажет. Себебі өз тарихын, мәдениетін және тілін білмеген ұрпақтың ұлттық болмысын сақтау қиын.
Қазіргі жастардың өмірінде жаңашылдықтың орны ерекше. XXI ғасыр – технология мен ақпараттың дамыған кезеңі. Жастар интернет, әлеуметтік желі және заманауи білім арқылы әлеммен байланыс орнатуда. Мысалы, бүгінде көптеген қазақ жастары шетелде білім алып, ғылым, спорт, өнер салаларында жетістіктерге жетіп жүр. Бұл – жастардың заман талабына бейімделіп келе жатқанын көрсетеді.
Сонымен қатар, қазіргі жастар ұлттық мәдениетті жаңа бағытта дамытып келеді. Бұған дәлел ретінде қазақ өнерінің, ұлттық музыка мен киноның заманауи форматта дамуын айтуға болады. Әлеуметтік желілер арқылы жастар қазақ мәдениетін таныстырып, ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттауда. Бұл дәстүр мен жаңашылдықтың қатар дамуы мүмкін екенін көрсетеді.
Қазақ халқының дәстүрлері – жай ғана әдет емес, тәрбиелік мәні бар құндылықтар. Мысалы, үлкенді сыйлау, қонақжайлық, бауырмалдық, ата-ананы құрметтеу сияқты қасиеттер адамды адамгершілікке тәрбиелейді. Бұл құндылықтар қазіргі қоғамда да өз маңызын жоғалтқан жоқ. Керісінше, жастардың мінез-құлқын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
«Мен жастарға сенемін», – деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, жастар – келешегіміздің, жарқын болашағымыздың сенімі. Дәстүр мен жаңашылдық бір-біріне қарама-қайшы емес. Нағыз дамыған қоғам өткенін құрметтеп, болашаққа ұмтылады. Қазіргі жастардың міндеті – заманауи білім мен технологияны меңгерумен қатар, өз халқының ұлттық құндылықтарын сақтау. Себебі ұлттық рухын жоғалтпаған ұрпақ қана елдің болашағын қалыптастыра алады.

Керемет жазылған
Дұрыс айтылған сөздер
Керемет мақала. Қаламыңыз қуатты болсын!
Талабыңа нұр жаусын
👏👏👏👍👍👍👍
Өте дұрыс ұлттық құндылық жөнінде көп жазу керек! Қайткенде де Атадан келе жатқан дәстүрді жастар ұмытпауларың керек!
Өте керемет, барлығын жақсы әрі түсінікті жазған!👍