Экранға тәуелді ұрпақ пен кітап тағдыры
Бүгінде жастардың қолынан кітаптан гөрі телефонды жиі көреміз. Экранға үңілген сайын парақтарға деген қызығушылық бәсеңдеп бара жатқандай. Цифрлық дәуірде кітап өз орнын сақтап қала ала ма, әлде экран оны біртіндеп ығыстырып бара жатыр ма? Қысқа бейнероликтер мен жылдам ақпаратқа үйренген сана терең ойлаудан алыстап кетпей ме? Уақыт өткен сайын біз рухани байлықтан ажырап, нағыз білімнің қайнар көзін елемей бара жатқан жоқпыз ба?
Бүгінде жастар кітап оқып, ой-өрісін кеңейтудің орнына сағаттап ұялы телефонға үңілуді жөн көреді. Ғасырлар бойы құндылығын жоғалтпаған кітаптың беделі төмендеп бара жатқандай. Технология дамыған сайын рухани мұраларымыздың бір бөлігі шетке ысырылып қалғаны байқалады. Цифрлық орта кітапты толық алмастырмағанымен, жастардың оған деген қызығушылығын біртіндеп әлсіретіп келеді.
Әлеуметтік желінің пайдалы тұстары да жоқ емес. Мәселен, кей жағдайда кітаптың қысқаша мазмұнын оқып, негізгі идеясын тез түсінуге болады. Бұл уақытты үнемдеуге көмектеседі.
Дегенмен мұндай тәсіл терең ойлауға, талдауға мүмкіндік бермейді. Ал кітап оқу арқылы оқырман оқиғаның мәніне бойлап, кейіпкерлердің сезімін түсінеді, күрделі ойларды саралауға үйренеді. Сонымен қатар, көркем әдебиет тілі сөздік қорды байытып, сауатты жазу мәдениетін қалыптастырады.
Қазіргі жастардың «н» мен «ң», «и» мен «й» әріптерін жиі шатастыруы да тілдік дағдылардың әлсіреуінен болуы мүмкін. Себебі кітап оқу азайған сайын жазба тілмен байланыс та әлсірей түседі.
«ORTALYQ QAZAQSTAN» статистикалық деректеріне сүйенсек Қазақстанда оқырмандардың шамамен 57%-ы тұрақты түрде кітап оқиды. Оқу форматы бойынша 50,8% – қағаз кітапты, 28% – смартфонды, ал 5,3% – планшетті пайдаланады. Онлайн кітап оқу да дамып келеді: электронды кітапхана пайдаланушылары 700 мыңнан асады. Жалпы алғанда, еліміздегі кітапхана қорында 70 миллионға жуық кітап бар. Бұл – рухани қазынамыздың бай екенін және кітап мәдениетінің әлі де өз маңызын жоғалтпағанын дәлелдейді.
Қорытындылай келе, технология – заман талабы, оны жоққа шығаруға болмайды. Алайда ол кітаптың орнын толық баса алмайды. Экран жылдам ақпарат берсе, кітап терең білім мен ойлау қабілетін қалыптастырады. Сондықтан екі әлемді қатар ұстай отырып, кітап оқу мәдениетін сақтап қалу – бүгінгі қоғамның маңызды міндеттерінің бірі.

- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі