«Қоғам – әр адамның іс-әрекеті арқылы қалыптасатын үлкен орта. Сондықтан әрқайсымыздың қоғамға қосатын үлесіміз маңызды. Әр адамның қоғамда өз орны бар, ал сол орынды дұрыс табу – оның адамдық болмысын айқындайды. Адамдар өз қасиеттері мен әрекеттері арқылы өз ортасын қалыптастырады. Осы тұрғыдан алғанда, қоғамға пайдалы болу дегеніміз не деген сұрақ туындайды.
Мен үшін қоғамға пайдалы болу – бұл тек үлкен жетістіктерге жету емес, ең алдымен күнделікті өмірдегі қарапайым, бірақ маңызды істерден басталатын әрекет. «Тамшыдан теңіз құралады» дегендей, әрбір кішкентай жақсылық үлкен өзгерістердің бастауы бола алады.
Мен мектеп оқушысы бола тұра, қоғамға пайдалы болуға тырысамын. Ең алдымен, бұл ұмтылыс өз отбасымнан басталады. Ата-анама құрмет көрсетіп, бауырларыма қамқорлық таныту – мен үшін үлкен жауапкершілік. «Мейірімділік – отбасыдан басталады» деген нақыл сөз бекер айтылмаған. Расында да, адамгершілік пен ізгіліктің негізі шаңырақта қаланады. Отбасында алған тәрбие – болашақтағы қоғамға деген көзқарастың айнасы.
Қоғамға пайдалы болу – тек сөзбен емес, іспен дәлелденетін қасиет. Мысалы, қарапайым ғана әрекет – дүкеннен алған заттың қаптамасын жерге тастамай, қоқыс жәшігіне салу – бұл да қоғамға деген құрметтің белгісі. Осындай ұсақ көрінетін әрекеттердің өзі үлкен мәдениеттілікті көрсетеді. Мен осындай іс-әрекеттер арқылы өзімнен кішілерге үлгі болуға тырысамын. Өйткені «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді халқымыз.
Мен болашақта журналист болғым келеді. Өз ісін шебер атқаратын адам ғана қоғамға шынайы пайдасын тигізе алады деп ойлаймын. Сондықтан мен қазірден бастап осы мамандыққа дайындалып жүрмін. Соның бір дәлелі – түрлі тақырыптарда мақала жазып, оны газетке жолдауым. Қазіргі уақытта Республикалық «Ұлан» газетіне мақалаларымды жіберіп жүрмін. Еңбектену, білім, қамқорлық, ұйымшылдық тақырыптарын қозғау арқылы өз қатарластарымды ойландыруға тырысамын. Мысалы, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» тақырыбындағы мақаламда бірлік пен ынтымақтың маңызын жеткізгім келді. Солай оқырмандарды бірлікке, білімге, достыққа шақырамын. Себебі қоғамның дамуы – адамдардың бірлігіне тікелей байланысты.
Білімді ұрпақ – елдің болашағы. Сондықтан мен қоғамға пайдамды тигізу үшін ең алдымен білімді болуым керек екенін түсінемін. Күнделікті уақытымды тиімді пайдаланып, білім алуға ерекше көңіл бөлемін. Сонымен қатар тіл байлығымды дамыту үшін әдеби шығармаларды оқимын. Себебі «Оқу – білім бұлағы, білім – өмір шырағы». Білім арқылы ғана адам өз орнын тауып, қоғамға шынайы пайдасын тигізе алады.
Қоғамға пайдалы болу – тек материалдық көмек көрсету емес, бұл – азаматтық ұстаным, жауапкершілік пен батылдықтың көрінісі. Мұның айқын дәлелі ретінде Өскемен қаласында орын алған оқиғаны айтуға болады. Олжас есімді азамат қоғамдық көлікте кәмелетке толмаған қыздарға тиіскен адамнан қорғап, арашалап қалды. Ол мұны ерлік жасау үшін емес, адамдық борышы ретінде, біреуді қорғау үшін жасады. Бұл – нағыз батылдық пен қоғам алдындағы жауапкершіліктің үлгісі. Осындай әрекеттер қоғамға пайдалы болудың нақты көрінісі деп ойлаймын.
Сол сияқты ел ішінде игі істерімен танылып жүрген азаматтар да бар. Мысалы, Дулат Набиев «Таза Қазақстан» акциясы аясында қоршаған ортаны қорғау, тазалықты сақтау бағытында белсенді еңбек етіп жүр. Бұл тек тазалық мәселесі ғана емес, халықты жауапкершілікке, бірлікке шақыру. Осындай тұлғалардың ісі – нағыз патриотизмнің белгісі. Мен болашақ журналист ретінде осындай жақсы істерді халыққа жеткізіп, қоғамға оң әсер етуді мақсат етемін.
Мен үшін қоғамға пайдалы болу – бұл өз еліңе, ортаңа немқұрайлы қарамау, әрқашан жауапкершілікпен әрекет ету. Бұл – өз міндетіңді адал орындау, өзгелерге үлгі болу, жақсылық жасауға ұмтылу. Абай атамыз айтқандай, «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан». Яғни, әр адам өз орнын тауып, қоғамға өз үлесін қосуы тиіс.
Ыбырай Алтынсариннің «Мен түбегейлі терең сеніммен туған халқыма шамамның келгенінше пайдамды тигізсем деген ниетімнен ешқашан бас тартпаймын» деген сөзі мен үшін үлкен өмірлік ұстаным. Бұл сөз мені әрдайым алға жетелеп, қоғамға пайдалы болуға ынталандырады.
Сондықтан мен үшін қоғамға пайдалы болу – бұл үлкен арман ғана емес, күн сайын атқарылатын нақты әрекеттер жиынтығы. Әрбір жасаған ісім арқылы мен өз қоғамыма кішкентай болса да үлес қосуды мақсат етемін.

- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі