Бұрын мамандық таңдау кезінде адамдар көбіне өз қызығушылығына, қабілетіне немесе ата-анасының кеңесіне сүйенетін. Қазір жағдай өзгерді. Соңғы жылдары жасанды интеллекттің қарқынды дамуы көптеген мамандықтың болашағына қатысты сұрақтарды көбейтті. Осыған байланысты жастардың алдында жаңа мәселе пайда болды: «Қай мамандық болашақта өзекті болып қалады?»
Жасанды интеллект бүгінде мәтін жаза алады, сурет салады, бағдарламалар құрастырады, аударма жасайды, тіпті кейбір медициналық қорытындыларды талдауға көмектеседі. Мұны көрген көптеген талапкер өз таңдауының дұрыстығына күмәнданады. Кейбіреулер бірнеше жылдан кейін олардың мамандығын толықтай ЖИ алмастырады деп қорқады. Әлеуметтік желілер де бұл қорқынышты күшейтеді. «Бес жылдан кейін мына мамандықтар жоғалады», «ЖИ бәрінің орнын басады» деген тақырыптағы бейнероликтер жиі кездеседі. Мұндай ақпараттың бәрі бірдей шындыққа сәйкес келмесе де, жастардың санасына әсер етеді. Соның салдарынан кейбірі өзіне ұнайтын мамандықтан бас тартып, «болашағы бар» деп саналатын басқа саланы таңдауға тырысады.Алайда ЖИ-дің дамуы тек қауіп емес, жаңа мүмкіндіктер де алып келді. Бұрын болмаған жаңа кәсіптер пайда болды. Мысалы, жасанды интеллектпен жұмыс істейтін мамандарға, деректерді талдайтын сарапшыларға, киберқауіпсіздік саласының қызметкерлеріне сұраныс артып келеді. Бұл технологиялардың кейбір мамандықтарды өзгертетіні рас, бірақ олардың орнына жаңалары да қалыптасады. Менің ойымша, қазіргі таңда мамандық таңдағанда ең алдымен адамның қызығушылығы мен қабілетін ескеру қажет. Егер адам өз ісін жақсы көрсе, жаңа технологияларды меңгеруге де бейім болады. Ал үйренуге дайын маман қай салада болса да өз орнын таба алады.Жасанды интеллект журналистің, мұғалімнің, дәрігердің немесе заңгердің кейбір жұмысын жеңілдетуі мүмкін. Бірақ ол адамның сыни ойлауын, шығармашылығын, жауапкершілігін және адамдармен қарым-қатынас жасау қабілетін толық алмастыра алмайды. Сондықтан бүгінгі күні тек бір мамандықты игеру жеткіліксіз. Үнемі білім алып, жаңа дағдыларды меңгеру маңызды.
Қорытындылай келе, жасанды интеллект мамандық таңдауды күрделендіргені рас. Бірақ бұл жастардың болашағы жоқ дегенді білдірмейді. Керісінше, жаңа технологияларға бейімделе алатын, үнемі дамуға ұмтылатын адамдардың мүмкіндігі бұрынғыдан да көп. Сондықтан мамандық таңдағанда қорқынышқа емес, өз қабілетің мен қызығушылығыңа сүйенген дұрыс. Болашақты технология емес, оны дұрыс пайдалана алатын адамдар қалыптастырады.

- Шаңлатбай Айдана
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі