Бүгінде жоғары оқу орнын тәмамдап, қолына диплом алған жастардың саны жыл сайын артып келеді. Алайда олардың барлығы өз мамандығы бойынша еңбек етіп жүр ме? Әлде диплом бүгінде тек сөреде шаң басып жататын құжатқа айналды ма?
Қазіргі қоғамда «Ең бастысы – диплом алу» деген түсінік әлі де сақталған. Ата-аналар баласының міндетті түрде университетке түсуін қалайды. Ал кей жастар үшін жоғары білім – тек төрт жыл оқып, қолына қызыл немесе көк қағаз алу ғана. Өкінішке қарай, мұндай көзқарас бүгінгі еңбек нарығындағы өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.
Еңбек нарығына назар аударсақ, көптеген түлектер диплом алғанымен, өз мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмайды немесе мүлде басқа саланы таңдайды. Бірі заңгер дипломын алып, кәсіпкер атанса, енді бірі мұғалім мамандығын аяқтап, SMM маманы болып жұмыс істейді. Кейбір жастар IT, дизайн, маркетинг сияқты бағыттарды қысқа мерзімді курстар арқылы меңгеріп, университет бітірген мамандардан да жоғары табыс тауып жүр. Бұл жағдай қоғамда «Диплом маңызды ма, әлде нақты қабілет пе?» деген заңды сұрақ туғызады.
Әрине, дипломның маңызын жоққа шығаруға болмайды. Дәрігер, мұғалім, инженер, заңгер секілді мамандықтарда жоғары білімсіз қызмет ету мүмкін емес. Себебі бұл салалар үлкен жауапкершілікті талап етеді. Алайда дипломның өзі адамды кәсіби маман етпейді. Ол – тек білім алғаныңды дәлелдейтін құжат. Ал нағыз маман үздіксіз ізденіс, тәжірибе және еңбек арқылы қалыптасады.
Өкінішке қарай, елімізде әлі де болса диплом үшін ғана оқитын жастар кездеседі. Кейбірі өз қызығушылығына емес, ата-анасының қалауымен мамандық таңдайды. Кейін оқуын аяқтаған соң сол кәсіпке деген қызығушылығы болмағандықтан, басқа салаға кетеді. Мұның салдарынан мемлекет бөлген қаражат та, студенттің жұмсаған уақыты да толық нәтиже бермейді.
Қазіргі таңда жұмыс берушілер де талаптарын өзгертті. Бұрын бірінші кезекте дипломға мән берілсе, бүгінде тәжірибе, жауапкершілік, шығармашылық ойлау, шет тілдерін білу және жаңа технологияларды меңгеру әлдеқайда маңызды болып отыр. Көптеген халықаралық компаниялар қызметкерді дипломына емес, оның нақты қабілетіне қарап қабылдайды.
Бұл мәселені шешудің бір жолы – мектеп қабырғасынан бастап кәсіби бағдар беруді күшейту. Әр оқушы өз қабілетін ерте анықтап, саналы түрде мамандық таңдауы қажет. Сонымен қатар университеттер теориямен ғана шектелмей, студенттердің тәжірибелік дағдыларын дамытуға басымдық беруі тиіс. Жоғары білім еңбек нарығының сұранысына бейімделгенде ғана диплом өз құндылығын жоғалтпайды.
Қорытындылай келе, диплом – өмірдің жай ғана қызыл немесе көк қағазы емес. Бірақ оның құндылығы қағаздың өзінде емес, сол дипломның артында тұрған білімде, еңбекқорлықта және кәсібилікте жатыр. Егер адам алған білімін өмірде қолдана алмаса, дипломның еш пайдасы жоқ. Ал білімін үздіксіз дамытып, қоғамға қызмет ете алса, қарапайым дипломның өзі үлкен мүмкіндіктердің кілтіне айналады.
Нағыз жетістік дипломның түсімен емес, адамның ісімен өлшенеді.

- Шаңлатбай Айдана
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі