Дәстүрлі стиль — ұлттық болмыстың заман талабына сай өзгеріп, қоғамның ортағасырлық мәдениетті бүгінгі күнмен сабақтастыруы. Бұл ерекше бағыт арқылы түркі халықтары өзінің терең болмысын, дүниетанымы мен салт-дәстүрін эстетикалық тұрғыда жеткізіп келеді. XXI ғасырда этно-стиль - тек дәстүрлі киім үлгісінде ғана емес, әшекей бұйымдарда, заманауи өнерде, интерьер дизайны мен музыкада кеңінен қолданылатын үлкен мәдени трендке айналды. Ол жаһандану дәуірінде ұлттық бірегейлікті сақтап қалудың бірден-бір құралы ретінде көрініс табуда.Қазақ этно-стилі көшпелі өмір салтымен тығыз байланысып, ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи мұраға негізделген. Кезінде тек мейрамдар мен салтанатты жиындарда киілетін қамзол, шапан, кимешек, сәукеле мен тақия секілді ұлттық киімдер бүгінгі таңда жаңа үлгіде тігіліп, қоғам арасында, әсіресе жастар қауымында үлкен сұранысқа ие болып отыр. Қазақ халқы үшін әр ою-өрнектің өзіндік сыры, айтар ойы мен ерекше болмысы бар. Көшпенділер мәдениетінде әрбір оюдың өзіндік мағынасы және тұтас бір дәуірдің шежіресін шертетін «тілі» болған. Сәйкесінше, ең көп таралған «қошқар мүйіз» өрнегі тоқшылықты, молшылықты және құт-берекені білдірсе, «түйе табан» өрнегі береке-бірлікті, алыс жолға шыққандағы төзімділік пен сабырлықты дәріптейді. Алайда қазақтың дәстүрлі ою-өрнек өнерінде тек ер адамдарға ғана арналған немесе ажыратылып, тек әйелдердің киіміне, тұрмыстық бұйымдарына салынатын арнайы жүйелі өрнектер де бар. Бүгінде отандық және әлемдік дизайнерлер бұл құпия кодтарды заманауи костюм-пиджактарға, сәнді сөмкелер мен эксклюзивті әшекейлерге шебер енгізіп, күнделікті қолданысқа лайықтап жүр.Қоғамның пайымдауынша, этно-стильдің бүгінгі таңдағы маңызы орасан зор. Себебі ол жастардың бойында өз тарихына, ана тілі мен төл мәдениетіне деген мақтаныш сезімін оятып, ұлттық құндылықтарды көздің қарашығындай сақтауға көмектеседі. Сондай-ақ өскелең ұрпақтың өз мәдениетіне деген шынайы қызығушылығын арттырады. Қазіргі таңда Қазақстан өз этно-стилін бренд ретінде дамыту арқылы әлемдік аренада өзіндік қолтаңбасын қалыптастыруда.Этно-бағыт арқылы ұлттық болмысты нық сақтай отырып, заман талабына сай жаңарып келе жатқан үрдісті байқай аламыз.Сондықтан бұл бағытты қолдау және оны одан әрі заманауи тұрғыда дамыту — мәдениетімізді сақтаудың ең озық әрі тиімді жолы.

- Шаңлатбай Айдана
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі