Таңғы мектеп дәлізінде ерекше көңіл күй сезілді. Әдеттегідей сабаққа асыққан оқушылардың жүзінде бұл жолы толқу мен қуаныш қатар байқалды. Себебі бүгін – білім шамын жағып, мыңдаған шәкірттің өміріне жол көрсеткен жандардың мерекесі. Бұл – ұстаздарға алғыс айтатын, олардың өлшеусіз еңбегіне тағзым ететін ерекше күн.
5 қазан – Ұстаздар күніне орай Алматы қаласындағы №172 мектеп-гимназиясында мерекелік концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Іс-шараның бастамашысы әрі ұйымдастырушысы – мектептің Өзін-өзі басқару(ӨӨБ) ұйымының мүшелері болды.
Ұстаздың еңбегі көзге бірден көріне бермейді. Бірақ әрбір дәрігердің, инженердің, ғалымның, өнер иесінің, тіпті журналистің жетістігінің бастауында ұстаздың берген білімі мен тәрбиесі тұрады. Сондықтан бұл концерт жай ғана өнер көрсету емес, шәкірттердің жүрек түкпіріндегі алғысын жеткізудің бір көрінісі болды.
Концерт барысында әсем әндер орындалып, мың бұралған билер биленді, жүрекке жылы тиетін өлең жолдары оқылды. Әрбір өнер нөмірінен ұстаздарға деген шынайы құрмет пен ризашылық анық сезілді. Залда отырған мұғалімдердің жүзіндегі қуаныш пен мақтаныш– оқушылар үшін ең үлкен марапат еді.
Мерекелік кештің шарықтау сәтінде мектеп-гимназиясының директоры Чорманова Әлия апай ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың ел болашағын тәрбиелеудегі ерен еңбегіне жоғары баға берді.
Өз сөзінде директор ұстаз мамандығының қоғамдағы ерекше орнын атап өтіп, мектеп өміріне белсене араласып, осындай мазмұнды кешті ұйымдастырған Өзін-өзі басқару ұйымының мүшелеріне алғысын білдірді. Бұл алғыс біз үшін жай ғана ризашылық емес, үлкен сенім мен жауапкершіліктің белгісі болды.
Осы кешті сырттай бақылап отырып, мен бір нәрсені анық түсіндім. Ұстаздың еңбегін бір күнмен өлшеу мүмкін емес. Себебі мұғалімнің еңбегі – жылдар бойы шәкірт жүрегінде сақталатын із.
Біз кейде ұстаздың күн сайынғы сабағын қалыпты жағдай деп қабылдаймыз. Бірақ әрбір сабақтың артында ұзақ дайындық, үздіксіз ізденіс, сарқылмас шыдам мен үлкен жауапкершілік жатыр. Нағыз ұстаз оқушыға тек пән үйретпейді. Ол армандауды, сенуді, адал болуды және адам болып қалуды үйретеді.
Өзін-өзі басқару ұйымының мүшесі ретінде бұл кешті ұйымдастыру маған үлкен өмірлік сабақ болды. Кез келген мерекенің артында үлкен дайындық, ұйымшылдық, жауапкершілік және ортақ мақсат тұратынын ұқтым.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Мектептің жаны – мұғалім» деген еді.
Шынында да, мектептің жүрегі – ұстаз. Ал ұстазға көрсетілген құрмет – білімге көрсетілген құрмет. Білімге құрметі бар елдің болашағы да жарқын болмақ.
Сол себепті бұл концерт мен үшін жай ғана мерекелік іс-шара емес, ұстаз еңбегінің қоғам үшін қаншалықты қастерлі екенін тағы бір мәрте сезіндірген тағылымды күн болды.

- Шаңлатбай Айдана
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі