Кейде өмірдің ең қымбат байлығы ақша да, атақ та емес, балалық шақтан жүректе сақталып қалған аяулы естеліктер екенін түсінесің.
Біздің балалық шағымыз сондай бақытты өтті. 1-сыныптың табалдырығын бірге аттап, 10-сыныпты бірге аяқтаған құрбыларым – менің өмірімнің ең қымбат жандарының бірі. Біз жай ғана сыныптас болған жоқпыз. Бір нанды бөлісіп жеген, бір-бірінің қуанышын өз қуанышындай, мұңын өз мұңындай көрген бір үйдің қыздарындай едік.
Біздің ауыл кішкентай болатын. Үйлеріміз бір-біріне жақын орналасқан. Бір-біріміздің үйімізге рұқсат сұрамай-ақ кіріп, аналарымыздың ақ дастарқанынан дәм татып, кеш батқанша бірге жүретінбіз. Ол кезде өмір сондай қарапайым еді. Бірақ сол қарапайым күндердің өзі бүгінгі ең үлкен бақытымызға айналыпты.
Мектеп бітіргенімізге, міне, 42 жыл өтіпті. Қырық екі жыл... Қаншама көктем келіп, қаншама күз өтті. Самайымызға ақ кірді, өмір әрқайсымызды әр тарапқа алып кетті. Бірақ уақыт жүректегі достықты өшіре алмады.
Осыдан он жыл бұрын туған ауылыма барғаным әлі күнге дейін көз алдымда. Балалық шағымның ізі қалған көшелермен жүріп, жан досым Гүлзираның үйіне бардым. Үйдің алдына келіп, баяғы бала күнгі әдетіммен: «Гүлзира!» – деп дауыстадым.
Сол сәтте үйден анасы шығып: «Динасың ба, қарағым? Кел, үйге кір!» – дегенде, жүрегім шым ете қалды. Арада қаншама жыл өтсе де, менің дауысымды ұмытпағаны... Сол бір ауыз сөзден аналық мейірімнің, шынайы сағыныштың, адами жылылықтың қандай терең болатынын сезіндім. Көзіме еріксіз жас келді.
Сол күні мен бір нәрсені анық түсіндім. Нағыз байлық – жүректе сақталған адамдар екен. Балалық шақтың күлкісі, ауылдың жұпар ауасы, достардың сыңғырлаған үні, аналардың ақ пейілі – мұның бәрі уақыт өте келе алтыннан да қымбат қазынаға айналады екен.
Қымбатты сыныптастарым! Бізді жылдар алыстатқанымен, жүректерімізді алыстата алған жоқ. Бізді біріктірген достық мәңгі жасасын! Алла барлығыңызға денсаулық, ұзақ ғұмыр, бала-шағаның қызығын көруді нәсіп етсін.
Өйткені адам өмірінде балалық шақ бір-ақ рет беріледі... Ал сол шақта жолыққан шынайы достар – өмір бойы жүректің төрінде қалатын ең асыл қазына.

- Азамат Төре
- Азамат Төре
- Азамат Төре
- Салтанат Айдарбекова
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі