Қазақта: «Жүз теңгең болғанша, жүз досың болсын» деген дана сөз бар. Бірақ өмір өте келе оның мәнін тереңірек түсінесің. Жүз досың болғаннан гөрі, қиындықта қасыңнан табылатын бір адал досыңның өзі үлкен бақыт екен.
Достық – сатып алынбайтын байлық, уақыттың сынынан өтетін ең қымбат қазына. Нағыз достық жылдармен өлшенбейді, жүректегі сеніммен өлшенеді. Уақыт алыстатуы мүмкін, бірақ шынайы достардың арасын ажырата алмайды.
Бала кезде достықтың қадірін білмеппіз. Бір үзім нанды бөліп жеп, бір кесе шайды бірге ішіп, бір-біріміздің үйімізге өз үйіміздей кіріп шығатынбыз. Сол кезде біздің бақытымыз ақшада емес, бірге өткізген әр күнімізде екен.
Қазақ тағы да «Дос басқа қарайды, дұшпан аяққа қарайды» дейді. Адал дос сенің байлығыңа емес, жан дүниеңе қарайды. Қуанышыңды қызғанбайды, қайғыңды көбейтпейді. Сен сүрінсең, қолыңнан ұстап тұрғызады. Сен үндемесең де, көңіліңнің мұңын сезеді.
Өмір – ұзақ жол. Сол жолда талай адам кездеседі. Бірі жолаушыдай өте шығады, бірі амандасып қана кетеді. Ал кейбір адамдар өміріңнің ажырамас бөлігіне айналады. Олармен өткізген бір күнің – бір ғұмырға татиды.
Жылдар өткен сайын достықтың қадірі арта түседі екен. Жастық шақ алыстайды, ата-анамыз қартаяды, балаларымыз өседі, өзіміз де ақ шаштың иесі боламыз. Бірақ жүректегі достықтың оты сөнбесе, адам ешқашан жалғыз болмайды.
Өкінішке қарай, өмір бәрімізді бірдей аялай бермейді. Кейбір достарымыз бұл өмірден ерте кетеді. Сонда ғана «Өлгеннің артынан өлмек жоқ, қалғанның қадірін біл» деген сөздің мәнін түсінесің. Тірі жүргенде бір-бірімізге жылы сөз айтып, халімізді сұрап, сағынышымызды жеткізу – ең үлкен адамгершілік.
Кейде бір ғана сурет, бір ғана ән немесе бір ғана көше бізді ондаған жыл бұрынғы балалық шағымызға қайта апарады. Сонда жүрек сағынады... Сағынған сайын достықтың қадірі арта түседі.
Мен үшін байлық – дүниенің молдығы емес. Байлық – өткен өміріме көз жүгірткенде, «Менің адал достарым болды» деп айта алуым. Өйткені достық – өмірдің ең көркем сыйы.
«Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» дейді халқымыз. Сол себепті жанымызда шындықты айтатын, қуанса бірге қуанып, мұңайса бірге мұңаятын достарымыз аман болсын.
Алла әр адамның жүрегіне адал достың қадірін сезінуді нәсіп етсін. Себебі достық бар жерде – сенім бар, береке бар, мейірім бар. Ал мейірім бар жерде өмірдің өзі де жарық.

- Азамат Төре
- Азамат Төре
- Азамат Төре
- Салтанат Айдарбекова
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі