Ертеректе астана театрларының бірінде испан драматургі Лопе де Веганың «Собака на сене» деген пьесасы жүріп жатты.
Байқамайды екенбіз, хабарландырулар бөліміне әлгі пьесаны біресе «Шөп үстіндегі ит», бірде «Шөп қорыған ит», бірде «Шөптің ішіндегі ит», бірде «Шөптің көлеңкесіндегі ит» деп тарата берсе керек.
Енді бірде «Шөпті не өзі жемейтін, не өзгеге жегізбейтін ит» боп басылып кетіпті. Осы хабарландыру, жарнама деген секілді пықи-тықиға жауапты Бөден еді, редактор қуғыншы қызын жіберіп, табанда шақыртып алды. Газетті жайып қойып, түтігіп отыр екен.
– Шырағым, мына иттерің адамды ит қып бітті ғой, бір қазыққа байласаңдаршы. Біресе шөптің үстінде жатады, біресе шөптің көлеңкесінде жатады, біресе шөп жемейтін ит. Әрқайсың өз беттеріңше аударасыңдар, құдайдың иті болса да, қаңғырмай шөптің үстінде жатсыншы өзі. Сосын, сендер иттен он ит жасамай көздеріңе қарасаңдаршы,- деп редактор әзілмен де, әкіреңмен де нығарлап Бөденнің «бөтекесін» түсірді. Сол шөптің көлеңкесінде өзі жатып жүргендей, Бөден бөлмесіне ашуланып келді.
– Өзіміздің ит жетпегендей, қайдағы бір Испанияның итінен көрдік қой көресіні,- деп телефонды алып, бұрап жатты.
– Ало, театр ма? Е, театр болсаң, құдай жарылқапты. Ал, шырақтарым, мына иттерің адамды, жүдә, ит қып бітті ғой, қашан бітеді өзі?... «Неге керек еді дейсіз бе?» Ит секілді жыным бар еді, айнам? Қашан бітеді? Иә, сол Лопендеңнің итін айтамын. Ал, бүгін сол итіңіз шөптің үстінде жата ма, әлде шөптің көлеңкесінде жата ма? Рақмет, айнам. Дұрыс, шөптің үстінен түспесін, – деп трубканы қойды.

- Азамат Төре
- Азамат Төре
- Азамат Төре
- Салтанат Айдарбекова
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі