Бұлбұл мен тоқылдақ

Басты бет / Ертегілер жинағы / Бұлбұл мен тоқылдақ

Баяғыда құс атаулы сайрай білмейді екен. Олар алыс қаладағы қария туралы естиді. Қария құстарға ән салуды үйрететін өнер иесі екен. Бір күні тоқылдақ пен бұлбұл ән үйрену үшін сол қалаға аттанады.

«Ең айтулы әнші» атануға асыққан тоқылдақ қарияға бірінші болып жетеді. Сол бойда есікті де қақпастан кіріп келеді. Амандасу жайына қалып, өктем үнімен бұйыра сөйлейді:

– Әй, шал! Маған ән салуды үйрет! Тез! Тосып тұруға уақытым жоқ.

Нағыз әнші әдепті болуы керек қой. Қария сондықтан оны, әуелі, әдептілікке баулуды жөн көреді. Сөйтіп, тоқылдақты сыртқа шығарып, есік қағуды үйретеді. Тоқылдақ қария ән айтуды үйретіп жатыр деп ойлап қалады.

– Түсінікті! Ән деген қиын емес екен ғой! Үйреніп алдым, – деп тоқылдақ кері қарай ұша жөнеледі. Тезірек барып мынандай өнерімен ормандағы аң-құстарды таңғалдырмақ болады.

Бұлбұл кішкентай қанаттарын баяу қағып, қарияға кешірек жетеді. Есікті жайлап қағып, сәлемдеседі. Ән салуды үйренгісі келетінін айтады.

Қарияға кішкентай құс ұнайды. Оған бар ықыласын салып, тамылжытып ән салуды үйретеді. Содан бастап бұлбұл ең керемет әнші құс атаныпты. Ал тоқылдақ «менен асқан әнші жоқ» деп ойлайды екен. Онымен қоймай, басқа құстарға:

– Ей, тыңдаңдар! Міне, әнді былай салу керек! Түк қиындығы жоқ. Нағыз ән осы. Сенбесеңдер, қария ұстаздан сұраңдар, – деп мақтанады.

Содан бері тоқылдақ ормандағы ағаштарды тұмсығымен тоқылдатып жүр. Ал бұлбұл өзінің әсем дауысымен таңертең орман тұрғындарын оятады

Қатысты тақырыптар

Қысқа ертегілер

Жануарлар туралы ертегілер

Ертегі айтудың маңызы



WhatsApp Telegram

Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)