Дүниені көп көрген қария адамнан біреу:
– Қандай қатты реніш, не қатты қуаныш көрдіңіз? – деп сұраған екен.
Ол: «Африканың зор шөлінде бір керуенмен еріп келе жатып, ауырып жүре алмай, бір судың басында қалдым. Аздан соң жазылдым. Керуенге жеткенше азығым таусылып, аштан өлер болдым. Әлім кетіп, бір жерге отыра кеттім. Алдыма қарасам, бір кеседе қуырылған бидай тұр екен. Өмірімде содан қатты қуанғаным жоқ. Енді жейін деп аузыма салсам, бәрі меруерт екен. Өмірімде содан қатты ренжіген емеспін. Қайтерімді білмей, қасымдағы дөңкиген құмға қарасам, құмнан бір киімнің етегі шығып жатыр екен. Құмды ашсам, өзін-өзі құмға көміп, өлерінде алдындағы тақырға таяғымен мынаны жазыпты: «Азықсыз аш адамға ат басындай алтыннан түк пайда жоқ. Менің бір кесе меруертім, белбеуімдегі жүз ділдам мені бір шақырым жердегі мөлдір бұлақ пен жемісті ағашқа жеткізе алмады. Аштан өлдім. Мені сол бұлақтың басына көміңдер. Моланың басына не тас, не тақтайға: «Азықсыз аш адамға алтынның пайдасы жоқ» деп жазып қойыңдар. Жазған адамға осы меруертім де, ділдаларым да адал болсын» деген екен. Бір шақырымда су барын білгенде, жаным кіріп, бар қуатымды жинап алдым. Ақырындап келсем, мені тастап кеткен керуен сол бұлақта тынығып жатыр екен. Керуенге келіп тамақтанып, көлік, жұмысшы жалдап, әлгі өлікті жерледік. Бұлақ басына қойған
тасқа: «Азықсыз аш адамға ат басындай алтыннан түк пайда жоқ» деп жаздық. Жүз ділдасын қызмет қылған адамдарға, көліктердің ақысына беріп, бір кесе меруертті керуендегілерге үлестірдік, – депті.

- Азамат Төре
- Азамат Төре
- Азамат Төре
- Салтанат Айдарбекова
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі