Құрылтайдың бірінші шақырылымы – ел дамуының жаңа белесі
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуы өтті. Президент өз сөзінде алдағы кадрлық және институционалдық қадамдарды белгіледі. Одан әрі сессия барысында 145 депутат Қазақстан халқына ант берді. Президенттің ұсынысымен Айбек Дәдебай Құрылтай төрағасы болып сайланды. Еске сала кетейік, 23 тамызда Қазақстанда жаңа бір палаталы парламент – Құрылтайға сайлау өткен болатын. Сайлау нәтижелері бойынша бес саяси партия Құрылтайға өтті. Олар: «Әділет» партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттар партиясы, «Ақжол» Қазақстан демократиялық партиясы, «Республика» партиясы.
27 тамыз күні Орталық сайлау комиссиясы Құрылтайдың 145 депутатын тіркеді. Олардың бес жылдық өкілеттік мерзімі ресми түрде 27 тамыздан басталды. Құрылтай сегіз тұрақты комитет құрып, олардың төрағаларын сайлады. Құрылтай ресми түрде өз жұмысына кірісті. Құрылтай жұмысының басталуы мемлекеттік басқару жүйесіндегі іргелі институционалдық өзгерістерге жол ашады. Бұл – мемлекетіміздің саяси жүйесінің жаңару үдерісінің жаңа кезеңі бастау алады деген сөз. Еліміз өзінің даму жолында аса маңызды кезеңге аяқ басты. Біз ұлт тарихының жаңа бетін ашып отырмыз. Қазақстан жаңа өрлеу кезеңіне қадам басты. Биыл еліміздің болашағы үшін мән-маңызы зор көптеген тарихи оқиғалар болды. Халқымыз аз уақыт ішінде бір ұлт болып көп жұмыс атқарды. Елімізде жалпыұлттық референдум арқылы ауқымды конституциялық реформа табысты жүзеге асырылды.
Ел тарихына зер салсақ, Құрылтайда мемлекеттік маңызы бар мәселелер талқыланып, ортақ шешімдер қабылданған. Бірінші Құрылтай жиынында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атап көрсеткеніндей: «Реформаның арқасында тарихи тамыры тереңде жатқан Құрылтай ұғымы қайта жаңғырды. Ата-бабамыз ел тағдыры шешілетін сындарлы сәттерде Құрылтай шақырған. Мысалы, Талас құрылтайы алып империя – Алтын орданың құрылуына себепкер болды. Ал Ордабасы құрылтайы қиын-қыстау кезеңде барша халықты бір байрақтың астына жинады. Бұл ұғым Ұлы даладағы парламентаризм институтының жылнамасы тереңде екенін айғақтайды. Сондықтан заң шығарушы органға Құрылтай деген атау бердік. Бұл – тарихи сабақтастықты сақтау, саяси дәстүрді заманауи басқару жүйесімен ұштастыру деген сөз. Құрылтай ұғымы халқымыздың өткенін, бірегей болмысын және жарқын болашаққа деген ұмтылысын айшықтайды».
Құрылтайдың бірінші сессиясында Президент Құрылтайдың алдағы жұмысының негізгі бағыттары мен нақты міндеттерін белгіледі. Мемлекет басшысының саясатының бірізділігі саяси жаңғыртудың бастапқыдан-ақ мемлекеттік үлгінің өзін терең жаңартуға бағытталғанын көрсетеді. Жаңа Конституцияны қабылдау, билікті қайта бөлу, өкілдік жүйені жаңғырту және заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету мемлекеттік институттарды әділетті, тиімдірек және азаматтардың қажеттіліктеріне жауап беретін етуге бағытталған.
Президенттік бағыттың негізгі бағдарлары – Заң және тәртіп, «Таза Қазақстан», белсенді патриотизм, этносаралық және конфессиялық келісім, жастарды қолдау, білім беру мен ғылымды дамыту, цифрландыру және жасанды интеллект, дәстүрлі құндылықтарды сақтау, әлеуметтік және қоғамдық инфрақұрылымды жаңғырту, бейбіт және теңгерімді сыртқы саясат – елдің болашақ дамуы туралы бірыңғай түсінік қалыптастырады.
Біз келешек ұрпақ үшін ынтымағы мен бірлігі жарасқан, Заң мен тәртіп үстемік құрған Әділетті, Қауіпсіз, Таза және Күшті Қазақстанды құрып жатырмыз. Қазақстан көзге айқын көрінетін өзгерістер, реформалар жүріп жатқан елге айналды. Оны әлемдік қауымдастық та мойындап отыр. Ал ондай жаңа, жарқын, әділетті қоғам құру – баршамызға ортақ міндет.
Сабырхан Смағұлов,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы

- Конфуций
- Ахмет Байтұрсынұлы
- Азамат Төре
- Азамат Төре
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі