Сұрыптау:Қазақстан неге әлі артта?

Басты бет / Оқушы жұмыстары / Сұрыптау:Қазақстан неге әлі артта?

Күн сайын үйімізден бірнеше пакет қоқыс шығатынына үйреніп кеткенбіз. Пластик бөтелке, қағаз, тамақ қалдығы, қаптама - бәрі бір қоқыс жәшігіне түседі. Біз үшін қоқыс сол жерден аяқталғандай көрінеді.Бірақ шын мәнінде, оның мәселесі дәл сол жерден басталады.
Қазақстанда жыл сайын 4,5 млн тоннадан астам коммуналдық қалдық түзіледі. 2025 жылы қалдықтарды қайта өңдеу деңгейі 28,6%-ға жеткен.Бұл 2024 жылғы 25,8%-дан жоғары.
Бұл көрсеткіш өзгерістің бар екенін көрсетеді.Бірақ қалдық көлемі де азайып жатқан жоқ. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше,2025 жылы елімізде 4,1 млн тонна коммуналдық қалдық жиналған.Оның 1,5 млн тоннасы сұрыпталған. Сұрыпталған қалдықтардың ішінде қағаз бен картонның үлесі 9,4%, пластиктің үлесі 9% болған.
Бір қарағанда, пластик бөтелкені басқа қоқыстан бөлек тастаудың маңызы аз сияқты. Бірақ осындай қарапайым әрекеттер көп адамның күнделікті әдетіне айналса, оның нәтижесі де үлкен болады. Себебі бәріміз білетіндей пластик пен целлофан пакеттер жүздеген жыл бойы шірімей, табиғатты ластап жатады.
Қағаз, картон, пластик, әйнек сияқты қалдықтардың бір бөлігі қайта өңдеуге жарайды. Ал олардың барлығы бір жерге араласқанда, қайта өңдеуге болатын материалдардың бір бөлігі де жарамсыз болып қалуы мүмкін. Және оларды сұрыптауда ұзақ уақыт алады.Сондықтан мәселе тек қоқысты жинауда емес, оны дұрыс басқаруда.
Қоқысты сұрыптау туралы сөз болғанда, көбіне тұрғындардың жауапкершілігі айтылады. Әрине, адамның өзінен басталатын әдеттер маңызды. Бірақ сұрыптау үшін оған жағдай да жасалуы керек.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда коммуналдық қалдықтарды жинау және тасымалдаумен айналысатын 846 кәсіпорын, ал қалдықтарды сұрыптау, кәдеге жарату және көму жұмыстарын жүргізетін 278 ұйым жұмыс істеген.
Демек, қоқыс мәселесі бір ғана адамның немесе бір ғана отбасының мәселесі емес. Бұл-тұрғындар, бизнес және мемлекет бірге шешетін ортақ міндет.
Егер адам қоқысты бөлек жинағысы келсе, бірақ жақын жерде арнайы контейнер болмаса,ол сәл қиындық туғызады. Ал сұрыпталған қалдықтарды қабылдайтын және қайта өңдейтін жүйе дамыса, тұрғындардың да экологиялық әдет қалыптастыруы жеңілдейді.
Қазақстанда қалдықтарды басқару саласында жаңа жобалар да жүзеге асырылып жатыр. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, қалдықтарды басқару саласында 63 жоба мақұлданып, оның 22-сі 89,4 млрд теңге көлемінде қаржыландырылған. Бұл жобалар қоқыс тасымалдау техникасын, сұрыптау және қайта өңдеу инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.Сонымен қатар, 2025 жылы ғарыштық мониторинг арқылы 3 827 заңсыз қоқыс орны анықталып, оның 3 464-і жойылған.
Яғни «Қазақстанда қоқыс сұрыпталмайды» деп айту дұрыс болмас. Сұрыптау көлемі өсіп келеді, қайта өңдеу деңгейі де жоғарылаған. Бірақ қалдық көлемінің көп болуы және инфрақұрылымның барлық жерде бірдей дамымауы бұл мәселенің әлі де өзекті екенін көрсетеді.
Егер көршілес Жапон мемлекетін алатын болсақ олар аптаныың әр күні әртүрлі қоқысты алып кетеді. Дүйсенбі қайта өңделетін қағаз картон пластик сияқты қоқысты болса, сейсенбі тамақ қалдықтарын тура осылай жалғаса береді.
Қоқыс мәселесін тек зауыттар немесе арнайы бағдарламалар шешпейді. Оның бір бөлігі әр адамның күнделікті әрекетіне байланысты.
Қажетсіз затты бірден қоқысқа тастамай, оны қайта пайдалануға бола ма деп ойлау, пластик пен қағазды бөлек жинау, көшеге қоқыс тастамау - қарапайым әрекеттер. Бірақ қоғамда осындай әдет қалыптасса, оның әсері де байқалады.
Бүгін біз тастаған бір бөтелке немесе бір пакет ертең қай жерде болатынын ойлай бермейміз. Ал қоқыс жоғалып кетпейді. Ол басқа жерге ғана көшеді.
Сондықтан «Таза Қазақстан» тек тазалық акциясы емес, күнделікті өмір салтына айналуы керек.
Қазақстандағы қоқыс мәселесін шешу үшін сұрыптау мәдениеті, заманауи инфрақұрылым және халықтың жауапкершілігі қатар жүруі қажет.
Таза қала бір күнде пайда болмайды. Ол әр адамның кішкентай әрекетінен қалыптасады.
Таза Қазақстан – өзімізден басталады.


Ұқсас тақырыптар

Қоқыс қоқысты сұрыптау

WhatsApp Telegram

Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)