Алматыдағы қоғамдық көлік: қала тұрғындары үшін не өзгеріп жатыр?

Алматыда күн сайын мыңдаған адам қоғамдық көлікпен жұмысқа, университетке, мектепке және басқа да қажетті жерлерге қатынайды. Сондықтан автобустың уақытында келуі, маршруттардың жеткілікті болуы, жол жүрудің қауіпсіздігі мен жолаушыға қолайлы жағдай - қала тұрғындарының күнделікті өміріне тікелей әсер ететін мәселелер.
2026 жылғы Алматы қаласы әкімдігінің мәліметінше, қалада қоғамдық көлік жүйесін дамыту және жол қозғалысын ұйымдастыру бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта қалада 206 тұрақты қалалық және қала маңындағы маршрутқа қызмет көрсететін 26 тасымалдаушы бар. Автобус паркі 3108 көліктен тұрады. Маршруттардың қозғалыс тұрақтылығы 99%-ға жеткен. 

Жаңа маршруттар және жаңартылған автобустар

Қоғамдық көлік жүйесінде соңғы уақытта жаңа бағыттар да іске қосылды. 2025 жылдың басынан Алматыда №21, 61, 64, 83, 84, 90, 96 және 130 жаңа маршруттары ұйымдастырылған. Оларды қамтамасыз ету үшін 105 автобус бөлінген. Сонымен қатар 10 маршруттағы жылжымалы құрам жаңартылып, тағы 49 маршрут қосымша автобустармен күшейтілген. 
2026 жылы қалада №96, 130 және 145 жаңа маршруттары іске қосылғаны туралы әкімдік хабарлады. Қоғамдық көлікте электронды төлем жүйесін жаңарту жұмыстары да жүргізіліп жатыр. 
Бұл өзгерістердің маңызы қарапайым жолаушы үшін күнделікті жол жүруден көрінеді. Мысалы, жаңа маршруттың ашылуы бұрын бірнеше көлікпен жететін жерге бір бағытпен баруға мүмкіндік беруі мүмкін. Ал маршрутқа қосымша автобустардың шығарылуы күту уақытын азайтуға бағытталған.

Қоғамдық көлік тек автобус емес

Қаладағы көлік жүйесін дамыту тек автобустардың санын көбейтумен шектелмейді. Алматыда қоғамдық көлікке арналған арнайы buslane жолақтарының ұзындығы қазіргі уақытта 84 шақырым. Қосымша 56 шақырым buslane ұйымдастыру жоспарланған, нәтижесінде олардың жалпы ұзындығы 140 шақырымға жеткізілмек. 
Сонымен қатар қалада 2261 аялдама бар, оның 2089-ы автопавильондармен жабдықталған. 2026 жылдың соңына дейін аялдамаларға LED-таблолар орнату жоспарланып отыр. 
Мұндай өзгерістердің мақсаты - қоғамдық көлікті жолаушылар үшін түсінікті әрі қолайлы ету. Аялдамадағы электронды табло автобустың қашан келетінін білуге көмектессе, buslane қоғамдық көліктің қозғалысын жеңілдетуге бағытталған.

Неге бұл мәселе әр тұрғынға қатысты?

Қоғамдық көлік мәселесі белгілі бір адамдар тобына ғана қатысты емес. Оны студент те, қызметкер де, зейнеткер де, мектеп оқушысы да пайдаланады. Сондықтан көлік жүйесіндегі кез келген өзгеріс қала тұрғындарының күнделікті өміріне әсер етеді.
2024 жылы Алматы әкімдігінің мәліметі бойынша, қоғамдық көліктегі жолаушылар саны 33%-ға өсіп, тәулігіне 1,6 миллион жолаушыға дейін жеткен. Бұл қоғамдық көліктің қала өміріндегі маңызын көрсететін көрсеткіш. 
Қоғамдық көліктің дамуы тек жол жүруді жеңілдету мәселесі емес. Ол адамның уақытын үнемдеуге, қала бойынша қауіпсіз қозғалуға және жеке автокөлікке тәуелділікті азайтуға байланысты.

Адамға ыңғайлы қала қандай болуы керек?

Қала тұрғындары үшін көлік жүйесінің басты нәтижесі - автобустың немесе маршруттың саны ғана емес, оны күнделікті өмірде пайдалану қаншалықты ыңғайлы екені.
Жолаушы аялдамаға келгенде автобустың уақытында келгенін, маршруттың қайда баратынын және жол жүру ақысын төлеудің түсінікті болғанын қалайды. Сондықтан көлік инфрақұрылымын дамыту кезінде техникалық көрсеткіштермен қатар адамның қажеттілігі де ескерілуі маңызды.
Алматы әкімдігі қоғамдық көлікті дамыту шараларының мақсаты қауіпсіз әрі жайлы көлік ортасын қалыптастыру екенін хабарлайды. 

Алматыдағы қоғамдық көлік жүйесі өзгеріп, жаңа маршруттар іске қосылып, автобустар жаңартылып, buslane мен аялдама инфрақұрылымы дамып келеді. Бірақ кез келген көлік жобасының нақты нәтижесі оны күн сайын пайдаланатын адамдар үшін қаншалықты қолайлы болғанымен өлшенеді.
Қоғамдық көлік - қаланың жай ғана инфрақұрылымы емес. Ол адамдардың күнделікті өмірінің бір бөлігі. Сондықтан оның дамуы ең алдымен адамға ыңғайлы, қауіпсіз және қолжетімді қала қалыптастыруға бағытталуы керек.

Автор: Аяулым Бақытжанқызы

 


Ұқсас тақырыптар

Аяулым Бақытжанқызы
WhatsApp Telegram

Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)