Ұлттық бірыңғай тестілеу, қысқаша айтқанда ҰБТ – әрбір мектеп бітіруші оқушы үшін маңызды сынақ. Мектепте оқып жүрген кезімізде ҰБТ туралы жиі естиміз. Мұғалімдер де, ата-аналар да бізге жақсы дайындалу керектігін айтып отырады. Себебі ҰБТ нәтижесі арқылы көптеген оқушылар өздері қалаған университетке түсуге және грантқа ие болуға тырысады.
Менің ойымша, ҰБТ – жай ғана тест емес. Бұл оқушының бірнеше жыл бойы алған білімін тексеретін маңызды кезең. Мектептегі соңғы жылда оқушының алдында бірден бірнеше мақсат пайда болады: сабақты жақсы оқу, ҰБТ-ға дайындалу, мамандық таңдау және болашақ университетін анықтау. Кейде осының бәрі адамға үлкен жауапкершілік болып көрінеді.
ҰБТ-ға дайындалу үшін ең алдымен уақытты дұрыс жоспарлау керек. Менің ойымша, бір күнде барлық тақырыпты оқып шығуға тырысқаннан гөрі, күн сайын аз-аздан дайындалған тиімді. Мысалы, бүгін бір тақырыпты оқып, тест шешуге болады, ал келесі күні өткен тақырыпты қайталап, жаңа тақырыпқа көшуге болады. Қателерді жазып, оларды қайта қарау да жақсы нәтиже береді.
ҰБТ кезінде көптеген оқушылар қобалжиды. «Егер төмен балл алсам ше?», «Грантқа түсе алмай қалсам ше?» деген сияқты ойлар болуы мүмкін. Меніңше, мұндай кезде өзіңе сену өте маңызды. Себебі қатты уайымдау кейде білетін нәрсені де ұмытып қалуға әсер етеді. Сондықтан тестке дейін жақсы дайындалып қана қоймай, өзіңді психологиялық жағынан да дайындау керек.
Сонымен қатар ҰБТ-ны басқа адамдармен салыстыру дұрыс емес деп ойлаймын. Бір оқушы көп балл жинауы мүмкін, ал басқа оқушының нәтижесі төмен болуы мүмкін. Бірақ бұл оның қабілеті жоқ дегенді білдірмейді. Әр адамның дайындалу уақыты, мүмкіндігі және мақсаты әртүрлі. Ең бастысы – өзіңнің нәтижені жақсартуға тырысу.
Қазір мен студент ретінде ҰБТ-ның мектеп оқушылары үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін. Мектепте жүрген кезде бұл кезең өте қиын сияқты көрінеді. Бірақ дұрыс жоспар, тұрақты дайындық және жақын адамдардың қолдауы болса, бұл кезеңнен өтуге болады.
Қорытындылай келе, ҰБТ – болашаққа жасалған алғашқы қадамдардың бірі. Ол бізге тек білімімізді тексеріп қана қоймай, жауапкершілікті, сабырлы болуды және өз мақсатыңа жету үшін еңбектенуді үйретеді. Менің ойымша, әр талапкер өзіне сеніп, таңдаған мамандығы мен болашағы үшін талпынуы керек. Себебі бір ғана тест адамның бүкіл өмірін анықтамайды, бірақ ол өз арманына апаратын маңызды жолдардың бірі болуы мүмкін.

- Омархан Айнұр
- Омархан Айнұр
- Ахмет Байтұрсынұлы
- Конфуций
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі