ТҮРКСОЙ мен Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының ұйымдастыруымен өткен театр фестивалінің салтанатты ашылуы 2025 жылдың 20 мамырында Алматыдағы «Абай атындағы опера және балет театрында» басталды. Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Өзбекстаннан келген өнер университеттерінің театр бөлімдерін таныстыратын ректорлар, оқытушылар мен студенттер құрамындағы делегациялардың қатысуымен өткен фестивальдің ашылу рәсімі түрлі қойылымдармен өтті.
Ашылу салтанатында сөз сөйлеген ТҮРКСОЙ Бас хатшысы, Қырғызстанның халық жазушысы Сұлтан Раев қатысушыларды ТҮРКСОЙ атынан және өзінің атынан құттықтап, жас өнерпаздар арасындағы мәдени байланысты нығайтуды көздейтін бұл фестивальге мұрындық болған Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясына және қолдау білдірген Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева алғыс білдірді. Раев өз сөзінде былай деді:«ТҮРКСОЙ жариялаған «Жастар көкжиегі – 2040» аясында өткізілетін студенттео театр фестивалі түркі әлемінің театр өнерінің дамуына, осы өнерді байытып, болашаққа жеткізетін жастар арасында көпір орнатуға қызмет етеді. Бұған дейін Ташкент пен Бакуде үлкен деңгейде өткізілген фестивальдерден кейін Алматыда ұйымдастырылып отырған бұл кездесу ынтымақтастықты одан әрі нығайтады деп сенемін», - деді ол. Раев сондай-ақ түркі әлемі өнер университеттері арасында құрылған ректорлар одағына тоқталып, бұл бастаманың негізгі мақсаты – мәдениет пен өнер саласында жаңа буын өнерпаздарды тәрбиелеу және түркі әлемінің ортақ мәдени мұрасын әлемдік өнер сахнасына шығару екенін атап өтті. Фестивальдің ашылуында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының ректоры, профессор Арман Жүдебаев Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатын оқыды.
Фестиваль қарсаңында Абай атындағы опера және балет театрында қатысушы университеттердің ректорлары мен ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раевтың қатысуымен Қазақстан БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихаты өтті.
23 мамырға дейін жалғасатын бұл шара театр өнері арқылы ортақ тарихымызды, тілімізді және мәдени құндылықтарымызды болашақ ұрпаққа жеткізуді мақсат етеді. Фестиваль барысында студенттер тек сахна өнері шеңберінде ғана емес, мәдени дипломатия саласында да өзара байланыс орнатуға мүмкіндік алады.
Қатысушы оқу орындары:
Биылғы фестивальге келесі жоғары оқу орындары қатысуда:
Әзербайжан Мемлекеттік мәдениет және көркем өнер университеті
Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы
Б. Бейшеналиева атындағы Қырғыз Ұлттық мәдениет және көркем өнер университеті
Түрікмен Мемлекеттік мәдениет институты
Өзбекстан Мемлекеттік мәдениет және көркем өнер институты
«Манас» университеті
Фестиваль аясында, сондай-ақ ТҮРКСОЙ-ға мүше елдерінің өнер университеттері одағының жиыны да өтеді.
Түркі әлемінің жастары Абайды еске алды. 2025 жылдың 22 мамырында Анкара Хаджы Байрам Вели университетінің «Түркі әлемі қолданбалы зерттеулер орталығы», Қазақстанның Анкарадағы Елшілігі және ТҮРКСОЙ ұйымының бірлесіп ұйымдастыруымен «Түркі әлемінің жастары Абайды еске алады» атты іс-шара өтті. Іс-шараға Анкара Хаджы Байрам Вели университетінің ректор орынбасары Метин Орбай, Қазақстанның Анкарадағы Елшілігінің өкілдері, ТҮРКСОЙ-дың Қазақстандағы өкілі Нышанкүл Қаратаева, ТҮРКСОЙ Ақпарат және байланыс бөлімінің басшысы Салим Езер және оқытушылар мен студенттер қатысты. Ректор орынбасары Метин Орбай өз сөзінде Абайдың тек әдебиетші ғана емес, терең ойшыл және қоғамның маңызды сыншысы екенін атап өтті. Ол Абайдың сатиралық тілі арқылы қоғамға жол көрсеткенін айтып, оның бүгінгі жастар үшін де өзектілігін жоғалтпағанын ерекше атап өтті.
ТҮРКСОЙ Ақпарат және байланыс бөлімінің басшысы Салим Езер Абайдың тек қазақ халқы үшін емес, күллі түркі әлемі үшін де үлкен ойшыл екенін айтып, оның идеялары уақыттан тыс даналықпен ерекшеленетінін жеткізді. Ол: «Абайды тек еске түсіру емес, оны терең түсіну қажет. Оның әрбір сөзі адамды ойлануға жетелейді. Ол – жай ғана насихат айтушы ақын емес, өмірлік жол сілтеуші, айна іспеттес, ар-ождан таразысы. Әсіресе, жастарымыздың Абайдың идеяларымен танысып, оны өз өмірлерінде басшылыққа алуы өте маңызды», – деді.
Қазақстанның ТҮРКСОЙ-дағы өкілі Нышанкүл Қаратаева өз сөзінде Абайдың әлемі үшін маңызды рухани тұлға екенін айтып, жастарға:
«Сіздер – Абайдың мұрасын жай ғана оқып қоймай, оны өмірлік компасқа айналдыруларыңыз керек. Оның «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» сөзі әр адамның қоғамдағы орнын табуы керектігін білдіреді. Абайды тану – өзіңді тану, Абайды сүю – халқыңды сүю», – деді.
Түркі әлемі қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Жәмилә Қынаджы Баран Абайдың әрі әдеби тұлға, әрі ойшыл ретінде дәуірден озып туған ерекше болмыс екенін айтып:
«Абай – тек қазақ әдебиетінің емес, күллі түркі әлемінің ортақ ар-ұжданы. Оның өлеңдері мен прозаларында көтерілген мәселелер бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Білімге, адамгершілікке, қоғамдық жауапкершілікке жасаған үндеуі бізге әрдайым жол көрсетіп отырады», – деді. Ашылу рәсімінен кейін Қазіргі түркі тілдері мен әдебиеттері бөлімінің оқытушысы Гүлжанат Эрджиласун «Абай Құнанбайдың Түркия мен Батыста танылуы» атты баяндамасын ұсынды.
Бағдарлама барысында Абайдың өмірі мен идеяларына арналған қысқаметражды деректі фильм көрсетілді. Одан кейін студенттер Абайдың өлеңдері мен шығармаларынан үзінділерді мәнерлеп оқыды.
Іс-шара соңында қатысушыларға алғыс хаттар табыс етілді. Алғыс хаттарды түркі әлемі қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Жәмилә Кынаджы Баран табыстады. Айта кетейік, Қазақтың ағартушысы, ақыны және ойшылы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай ұйымдастырылған бұл маңызды шара түркі әлемі жастарының ортақ мәдени құндылықтар төңірегінде бас қосуына себепкер болды.
Алматыда «III түркі әлемі студенттер театр фестивалі» осылайша жалғасын тапты. Шара Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы студенттерінің қойылымындағы «Қобыланды» атты спектакльмен ашылды. Қазақ халық эпосына негізделген бұл әсерлі қойылым көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Шараның екінші күні Түрікменстан мен Қырғызстаннан келген студенттер театр ұжымдары сахнаға шықты. Түрікменстан Мемлекеттік мәдениет институтының студенттері Түрікменстанның Ұлттық көшбасшысы және Халық батыры Гурбангулы Бердімұхаммедов жазған «Ананың аманаты» атты спектакльді сахналап, көрермендерге ерекше сәттер сыйлады. Кейін Қырғызстан атынан қатысқан Б. Бейшеналиева атындағы Қырғыз Ұлттық мәдениет және көркем өнер университетінің студенттері ТҮРКСОЙ Бас хатшысы, қырғыз жазушы Сұлтан Раевтың «Қашаба» атты шығармасын сахналады.
Фестиваль тек сахна қойылымдармен ғана емес, мәдениеттер арасындағы диалогқа серпін беретін тұтас құрылымымен де ерекшеленуде. Қатысушы университеттердің тәжірибелі оқытушыларынан құралған қазылар алқасы фестиваль соңында барлық қойылымды бағалап, түрлі номинациялар мен жүлделерді анықтайтын болады. ТҮРКСОЙ қолдауымен өтіп жатқан бұл фестивальдің мақсаты - Алматының мәдени және өнер кеңістігіне елеулі үлес қосып, түркі әлемі жастарын театр өнері арқылы біріктіру. Олжас Сүлейменовке ТҮРКСОЙ-дың «Үздік қызметі үшін» медалі табысталды
Түркі әлемінің ұлы шынарларының бірі, әйгілі қазақ жазушысы, ақын, ойшыл және түрколог Олжас Сүлейменов қазіргі түркі әдебиетіне және түркология ғылымына қосқан үлесі үшін ТҮРКСОЙ ұйымының ең жоғары марапаты – «Үздік қызметі үшін» медалімен марапатталды.
ТҮРКСОЙ 2024 жылды «Олжас Сүлейменов жылы» деп жариялағаннан кейін өткізілген іс-шаралар аясындағы бұл ерекше марапаттау рәсімі жазушының өшпес туындысы — «АЗ и Я» кітабының 50 жылдығына да арналды.
ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев осыған орай Алматы қаласында Олжас Сүлейменовтің үйіне арнайы барып, «Үздік қызметі үшін» медалін өз қолымен табыс етті. Кездесу барысында сөйлеген сөзінде Раев Сүлейменовтің тек қазақ әдебиетіне ғана емес, күллі түркі әлемінің рухани және көркем өмірінде өшпес із қалдырғанын атап өтіп, былай деді: «Олжас Сүлейменов – ой-санамызды кеңейтіп, қаламы арқылы халқымыздың тарихи және мәдени жадын тірі ұстап келе жатқан тірі аңыз. ТҮРКСОЙ ұйымы ретінде түркі әлемінің мәдени мұрасына қосқан теңдессіз үлесі үшін оған осындай мағыналы марапат жасағанымыз үшін өте қуаныштымыз», - деді ол.
Өз кезегінде Олжас Сүлейменов бұл марапат үшін алғысын білдіріп, түркі халықтары арасындағы мәдени бірлікті нығайту бағытында ТҮРКСОЙ-дың қызметін үнемі бақылап отыратынын және ұйымның жұмысына жоғары баға беретінін айтты. Айта кетейік, ТҮРКСОЙ-дың Әзербайжандағы өкілі Елчин Гафарлы да ТҮРКСОЙ-дан арнайы барып, Сүлейменовті мараттау рәсіміне куә болды.
III Түркі әлемі студенттер театр фестивалі - TURKSOY 2025 тек мәдени шара ғана емес, сонымен қатар саяси маңызы бар халықаралық іс-шара болып табылады. Бұл фестиваль түркі мемлекеттері арасындағы мәдени байланыстарды нығайтып, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты арттыруға ықпал етеді. Осындай ортақ мәдени жобалар арқылы түркі халықтарының бірлігі, ортақ тарихы мен құндылықтары насихатталады. Сонымен қатар фестивальге түрлі елдердің студенттері қатысуы жастар арасында байланыс орнатып, болашақта түркі елдерінің мәдени және саяси ынтымақтастығын күшейтуге негіз болады. Фестивальдің өтуі Қазақстанның түркі әлеміндегі мәдени орталықтардың бірі екенін көрсетіп, елдің халықаралық беделін арттыруға да ықпал етеді.

- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
- Омархан Айнұр
- Омархан Айнұр
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі