«Кел, балалар, оқылық! Оқығанға, көңілге, жазу менен тоқылық...»,- дей келе биыл қазақ халқының ұлы ағартушысы, жазушы-прозаик, аудармашы, этнограф және қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсариннің дүниеге келгеніне 185 жылдай болып отыр. 1841 жылдық 20 қазанында дүние есігін ашқан бұл тұлға қазақ тарихында тек мектеп ашқан ұстаз ретінде ғана емес, ұлттық жазба әдебиетінің, зайырлы білімнің және демократиялық ой-сананың негізін қалаушы ретінде алтын әріппен жазылған.
Әдебиеттанушы ғалым А. Дербисалиннің зерттеулеріне сүйенсек, Ыбырай Алтынсарин – қазақ жазба әдебиетіндегі тұңғыш прозаик және реалист.
Ыбырай атамыздың 48 жылдық ғұмыры қазақ даласындағы ортағасырлық қараңғылықпен, отаршылдық саясатпен және надандықпен күреске толы күрделі әрі қайшылықты кезенге тұспа тұс келген. Ал оның өмірбаянына тереңірек үңіле кетсек, оның балалық шағы ауыр сынақтарға толы. Әкесінен ерте айырылып, билерден шыққан атасы Балгожа Жанбұршиннің тәрбиесінде есейген жас Ыбырайдың бойында ерекше зеректік пен ізденімпаздық танылады. Атасының киіз үйіндегі дау-дамайлар, халықтың наразылығы мен әлеуметтік теңсіздіктің салдарынан туындаған зар жылаулары оның санасына терең әз қалдырды. Сол кездері «Жетімділік – жеткілікті сынық» демекші, тағдырдың тәлкегіне түскен бала кейін бүкіл бір ұлттың тағдырын өз иығына артқаны ма?
Балгожа бидің немересі Ыбырайға жазған хаты - жас баланың рухани қалыптасуындағы маңызды кездердің бірі болады. Хрестоматиядан орын алған бұл хатта ата немересіне былай дейді: «Жит эткен кузймнинг нуры балам,
Жанынга жардам берсинн Кудай-талам...
Атангды сагындым деп асыгасынг
Сабакка кунгиль берсенг басьіларсынг;
Ата-ананг унер бльсенг асырарсынг
Дадан боп бльмей кіісайг ах урарсынг»...
Бұл жолдардан аңғарылатындай, Балгожа немересінің білім алуына, өнер біліммен айналысуына зор мән бере, «Егер сен сабаққа көңіл бөлсең, ата-анаңның аты шығады; ал егер надан болып өссең, оларды ұятқа қалдырасың» деген түйін шығара, Ыбырайдың кейінгі ағартушылық қызметінің бір тамыры болады.
• Ыбырай атамыздың білім нұры
Ыбырай үшін шын мәніндегі бетбұрыстың бірі 1850 жылы Торғайдағы шекаралық коммисия жанындағы мектепке барған кезінен бастау алады. Онда Ыбырай тек сауат аша ғана қоймай, орыс классиктерінің - Пушкиннің, Лермонтовтың, Толстойдың рухани байлығымен танысады. Осылайша, оның дүниетанымы кеңейе, «Білім – кілт, надандық – құлып» деген басты ақиқатты түсінуге мүмкіндік береді.
Ыбырай Алтынсарин – қазақ аударма өнерінің де негізін қалаушы. Ол Л.Н. Толстойдың, К.Д. Ушинскийдің, И.А. Крыловтың шығармаларын қазақшаға аударды. Бірақ ол сөзбе-сөз аударма жасамады. Ол орыс классиктерінің тәрбиелік идеяларын қазақы менталитетке, дала өміріне бейімдеді. Мысалы, Толстойдың «Царь и рубашка» ертегісіндегі оқиғаны қазақ даласының тұрмысына жақындатса, Крыловтың мысалдарын қазақтың шешендік дәстүріне ұластырды. Оның мақсаты – қазақ баласына әлемдік ғылым мен мәдениеттің озық үлгілерін өз ана тілінде, түсінікті тілмен жеткізу болды.
•Ендігі кезек «Қырғыз (қазақ) хрестоматиясы»: Ағартушылық манифесті.
Ыбырай Алтынсариннің ең басты еңбегі - 1879 жылы жарық көрген «Қырғыз (қазақ) хрестоматиясы», тек білімге деген құрал ғана бола қойған жоқ, ол халыққа арналған рухани азық, ағартушылық манифесті бола білді. Хрестоматияда Ыбырай балаларға адамгершілік, еңбекқорлық, адалдық сынды қасиеттірді сөз ете, Қара батыр, Байұлы, Әке мен бала, Тазша бала туралы ертегі, Таза бұлақ атты әңгімелері арқылы ағартушылық идеяға бағындыра, еңбектенудің қадір-қасиеті, жалқаулықтың зияны шебер баяндалады. «Еңбек түбі – береке» дегендей, Алтынсарин жастарды білім алуға, тер төгіп адал еңбекпен нан табуға шақыра, еңбектерін жастарға жолдайды.
Оның «Білімнің пайдасы» атты әңгімесінде бір қарт теміршінің обращы арқылы еңбекпенен білімнің маңызы ашылады. Сондай-ақ, Сапарбай әңгімесінде бір істі бастай, екіншісіне ауысып, үшіншісіне түсетін жалқау жігіттің тағдыры суреттеледі. Сапарбай қасқырды ұстаақ болып ін қазып жатыр, қарсаққа, сосын тайға қуып барады да, ақырында ешқайсысын да ұстай алмай, қолы бос, дамсыз қалады. Бұның мәні - «Істі бастаған соң, соңына дейін жеткізу керек» деген тәлім.
Ыбырайдың ағартушылық идеяларының ең жарқын көрінісінің бірі - қыздарға білім беру еді. Сол дәуірдің предрассудоктарына қарсы шыға отырып, «Әйел – ер адамның серігі» деген қағидаларды насихаттайды. Қыздар мектебін ашу - сол заманның консервативті қоғамы үшін ревалюциялық қадам саналды. Ыбырайдың сенімінде «Қыздарды оқыту – ұлтты оқыту. Себебі ана – ұлттың бесігі» болып қалған. Бұл сөздер бүгінгі күні де терең философиялық мағынаға ие. Ыбырайдың тағы бір қыздар біліміне деген көзқарасын «Мен қазақ қыздарының сауатты болуы үшін жан-тәніммен күресемін. Себебі, сауатты ана – сауатты ұлттың кепілі.» осы жолдар айқындайды.
Ыбырай Алтынсарин осы жолда тек жазушылық болып қана емес, тәрбиешіл педагог ретінде де жалғастырады. Торғайда, Ырғызда, Ордада жаңа типтегі мектептер ашу жолында жан-тәнімен патшалық бюрократияның кедергілеріне, діни фанатизмнің кедергілеріне қарамастан күресе мойыған жоқ. Оның хаттарынан көретініміздей, ол мектеп құрылысын, мұғалімдер жалақысын, оқу құралдарын дайындауды жеке бақылап отырды. Мысалы, 1880 жылы Тұрғайдағы В. В. Катаринскийге жазған хатында мектеп жұмыстарына қажетті қаржы мәселелерін шешуге тырысады: «Архитекторлар тағы бірдеңені өзгертеді деп қорқамын... Бірақ сұралған өзгерістер өте қажет, себебі уездік және казенный басқармалар кейде кедергі келтіреді.» дейді.
Ал Халыққа деген махаббаты мен әлеуметтік теңсіздікке қарсылығын, бай мен кедей арасындағы алшақтықты сезіндіре жазған шығармасынан сезіне аламыз. «Карынбай» (Сараң) кейіпкері арқылы сараңдықтың зиянын, мына өлең жолдарымен көрсетеді:
"Бейнетті де, аштық пен суықты да ол төзіммен өткерді.
Ақылды болсаң, кедей-кепшікке туған әкедей қамқор бол.
Сиыр пірі — Зеңгібаба миллиондардың жүрегінде тұрады.
Түйе пірі — Ойсылқараның есімі бүгінде әлемге мәлім.
Ал ашкөз, сараң Қарынбай болса, жер астына тірідей жұтылып кетті."
«Қарынбай» — қазақ аңыз-ертегілеріндегі ашкөздік пен сараңдықтың ашық синонимі. Оның мал-мүлкін қызғанып, зекет бермей, кедейлерге қарайласпағаны үшін байлығымен бірге жерге жұтылған кейіпкер екені айқындалады. "Сөз сөйлеп, іс істеп те кедейді ренжітпе,
Бұл дүниеде ғаріптің күні қатты.
Жүрегін қапа қылсаң, тез бұзылар,
Жас, кәрі, мұны білген әркім бақты." деген өсиеті әлі күнге дейін адамгершілікке шақыратын мағынада.
• Бүгінгі күн және мұра
Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанда Ыбырай Алтынсаринің мұрасы одан сайын қастерленуде. Оның есімімен аталатын мектептер, көшелер, мемориалдар - оның еңбегінің ұмытылмастай сыйлы белгісі. Алайда, біз тек монументтерді қарап қана қоймастан, оның рухани мұрасын іске асыруымыз керек. «Білімділік – байлық» деген қағида қазіргі таңда ең қажетті, мол ақиқат. Себебі, "білімсіздің күні қараң" демекші, сана менен білім болмаса ертеңгі күні жерде қалып қалуы өте жоғары.
Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығы - бұл тек мерекелік күн емес, бұл біздің ұлттық сана-сезімімізді оятуға, өткенге бас иіп, болашаққа нық қадам басуға шақыратын аса зор әрі үлкен мүмкіндік. Ыбырай атамыздың көрсеткен жолы - ақиқат пен білім жолы «Жол сілтемесі – ақыл, ақылдың кілті – білім». Сондықтан, ұлы ағартушымыздың алдындағы парызымыз - оның аманат еткен «Жастар! Сендер – болашақтың өскіндері!» деген үндеуін ұмытпауымыз керек. Білімді ұлт - мықты ұлт, ал мықты ұлт - гүлденген ел.
Ыбырай – қазақ даласына білім нұрын құйған тұңғыш шамшырақ. Оның «Өнер-білім бар жұрттар» деп ұрандатқан үні бүгінгі тәуелсіз Қазақстанымыздың жас ұрпағына дейін жетіп отыр. Себебі, қаншама ғасырлар өтсе де, білімнің жарық нұры ғана ұлтымызды қараңғылықтан шығаратын жалғыз қанатты күш болып қала береді!
Мақалада қолданылған әдеби дереккөздер:
Дербисалин А. О литературном наследии Ибрая Алтынсарина. – Алматы: Казахское гос. изд-во худ. литературы, 1957.
2. Алтынсарин И. Избранные произведения / Сост. и подгот. к печати Б. Сулейменова. – Алматы: Изд-во АН КазССР, 1957.
3.Алтынсарин И. Өнер-білім бар жұрттар: Өлеңдер, әңгімелер, очерктер, хаттар және естеліктер / Құраст. С. Махмұтов. – Алматы: Рауан, 1991.
Жақсылық Сымбат, Карамысова Жанель, ҚазҰУ-дың 1-курс студенттері. Ғылыми жетекші фил.ғ.к. профессор Р. С. Жақсылықбаева.

Талаптарына нур жаусын керемет биік шыңдардан корне беріңдер елдің Азаматшасы болындар