Жастар ақшасын қайда сақтайды: депозит пе, әлде қолма-қол ақша ма?

   Ақшаны табу бір бөлек, оны тиімді басқару екінші мәселе. Бүгінде жастар күнделікті шығынын банк картасы арқылы төлеп, белгілі бір мақсатына қаражат жинауға тырысады. Алайда ақшаны депозитке салу, қолма-қол сақтау немесе банк шотында ұстау арасындағы таңдау әр адамның табысы мен қаржылық әдетіне байланысты. Жастардың ақша сақтау тәсілдері олардың қаржылық сауаттылығы мен болашаққа деген жоспарынан да хабар береді.

Банк картасы — күнделікті қажеттілік, депозит — жинақ құралы.

   Жастардың қаржылық әдетін анықтау мақсатында сауалнама жүргізілді.  Нәтижесінде респонденттердің 40 пайызы ақшасын банк картасындағы шотта сақтайтынын айтқан. Депозитті, қолма-қол ақшаны және бірнеше тәсілді қатар қолданатындардың әрқайсысы 20 пайыздан үлес алған.

   Бұл көрсеткіштер сауалнамаға қатысқан жастардың қаражатты сақтау кезінде қолжетімділікке мән беретінін аңғартады. Банк картасындағы ақша күнделікті төлемдерге ыңғайлы болса, депозит қаражатты жинап, шарттарына сәйкес сыйақы алуға мүмкіндік береді. Ал қолма-қол ақша күтпеген шығындарға қажет болуы мүмкін.

   Қазақстан Ұлттық Банкі жеке тұлғалардың банктердегі салымдары туралы статистиканы тұрақты жариялап отырады. Бұл деректер депозит нарығының жай-күйі мен салымдардың құрылымын бағалауға мүмкіндік береді.

Жинақтауға ниет бар, мүмкіндік әртүрлі.

   Сауалнамаға қатысқандардың 60 пайызы ақшаны белгілі бір мақсатқа жинайтынын, ал 40 пайызы кейде жинақ жасайтынын көрсеткен. Респонденттердің 60 пайызы ай сайын басқаратын қаражаты 50–100 мың теңге аралығында екенін айтқан. Ал депозиті жоқ қатысушылардың негізгі себебі ретінде жинауға арналған артық қаражаттың болмауы көрсетілген.

   Бұл нәтижелерден ақша жинау адамның қалауымен ғана шектелмейтіні байқалады. Күнделікті қажеттіліктерге жұмсалатын қаражат көп болған жағдайда тұрақты жинақ қалыптастыру қиындайды. Сондықтан кіріс пен шығысты жоспарлау жастар үшін маңызды қаржылық дағдыға айналуы керек.

    Экономист Медина Сағадиқызының пікірінше, жастар үшін қаржылық тұрақтылықтың алғашқы қадамы — кіріс пен шығысты дұрыс жоспарлап, тұрақты жинақ қалыптастыру. «Депозит таңдағанда тек пайыздық мөлшерлемеге емес, ақшаны мерзімінен бұрын алу шарттары мен салымның қауіпсіздігіне де назар аудару қажет», — дейді экономист.

Депозит таңдағанда нені ескеру керек?

   Депозитті тек жоғары пайыздық мөлшерлемесіне қарап таңдау жеткіліксіз. Салымның мерзімі, ақшаны толықтыру мүмкіндігі, қаражатты мерзімінен бұрын алу шарттары және сыйақыны есептеу тәртібі де маңызды.

   Қазақстанда жеке тұлғалардың банк салымдарына Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры белгіленген шектер аясында кепілдік береді. Кепілдік мөлшері депозиттің түрі мен валютасына байланысты өзгереді. Сондықтан салым ашпас бұрын банк ұсынатын шарттармен және кепілдік талаптарымен танысу қажет.

Қаржылық сауаттылықтың маңызы.

   Сауалнамада респонденттердің 60 пайызы өздерінің қаржылық сауаттылығын орташа деңгейде бағалаған. 20 пайызы жоғары, тағы 20 пайызы төмен деңгейде екенін көрсеткен. Қатысушылар ақша жинауға кедергі келтіретін факторлардың қатарында қаражаттың жетіспеуі мен инфляцияны атаған.

   Қаржылық сауаттылық тек депозит ашуды немесе банк қосымшасын пайдалануды білумен шектелмейді. Ол кіріс пен шығысты есептеуді, қаржылық мақсат қоюды, күтпеген жағдайға резерв қалыптастыруды және қаржылық өнімдердің шарттарын түсінуді де қамтиды. Жастар үшін тиімді тәсілдердің бірі — күнделікті қажеттілікке арналған қаражат пен ұзақ мерзімді жинақты ажырата білу. Қаржылық мүмкіндік болған жағдайда шығынды алдын ала жоспарлап, аз мөлшерден болса да тұрақты жинақ қалыптастыруға болады.

   Қорыта айтқанда, «депозит пе, әлде қолма-қол ақша ма?» деген сұрақтың жауабы әр адамның мақсатына байланысты. Банк картасы күнделікті төлемдерге қолайлы болса, депозит жинақтаудың бір құралы бола алады, ал қолма-қол ақша белгілі бір жағдайларда қажет. Ең маңыздысы — ақшаны қайда сақтау ғана емес, оны саналы түрде басқару.


WhatsApp Telegram

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.