Өзім кофені жиі ішпесем де, ара-тұра кофеханаға бас сұғып тұрамын. Сондай күндердің бірінде баристаға «Маған әдеттегідей» деп тапсырыс берген клиенттің сөзі құлағымды шалды. Бұл оның тұрақты қонақ екенін аңғартса керек. Сол сәтте ойыма бір сұрақ келді: егер ол күн сайын кофе сатып алса, бір жылда қанша қаражат жұмсайды екен?
Бүгінде көшеде қолына кофе ұстап бара жатқан жастарды, сабақ арасында кофеханаға кіретін студенттерді немесе жұмыс күнін сүйікті сусынымен бастайтын мамандарды жиі кездестіреміз. Бірі сергіп алу үшін ішсе, енді бірі үшін бұл – таңғы әдет. Бір қарағанда, бір шыны кофеге жұмсалатын ақша елеусіз көрінуі мүмкін. Алайда күн сайын қайталанатын бұл шығын ай соңында, тіпті жыл соңында қомақты сомаға айналады.
Poster компаниясының жүргізген зерттеуіне сәйкес, 2025 жылы 120 кофеханада сатылған кофе шыныларының саны бір жылда 24%-ға өскен. Зерттеу дерегінде бір шыны кофенің орташа бағасы 1 310 теңге болғаны көрсетілген. Ал елордамыз Астанада бұл сусынға деген сұраныстың жылдық өсімі 31%-ға жеткен.
Қаладағы кофеханалардың баға саясаты да әртүрлі. Мәселен, Zebra Coffee желісінде 360 миллилитр латте 1 090 теңге, Rafe кофеханасында 1 180 теңге, ал KANTIN кофеханасында 350 миллилитр латте 1 600 теңге тұрады. Демек, баға таңдалған орынға байланысты құбылғанымен, орта есеппен бір шыны сусынға 1 000 теңгеден астам қаражат кетеді. Егер оған тәтті десерт немесе жеңіл тағам қосылса, чектің сомасы екі есеге дейін өседі.
Poster зерттеуіндегі 1 310 теңгелік орташа бағаны негізге алып, шағын қаржылық есеп жасап көрейік. Егер адам күніне бір шыны кофе ішсе, бір аптада 9 170 теңге, бір айда 39 300 теңге жұмсайды. Алты айда бұл сома 235 800 теңгеге жетсе, бір жылда 478 150 теңгені құрайды.
Ал кофені күн сайын емес, аптасына үш рет қана сатып алатын адамның жылдық шығыны шамамен 204 360 теңге болады. Аптасына бірнеше рет қана шектелудің өзі жылына 272 480 теңге үнемдеуге мүмкіндік береді. Әрине, бұл – орташа бағаға негізделген болжам. Нақты шығын тұтынушының таңдауына байланысты өзгереді. Дегенмен бұл сандар елеусіз көрінетін күнделікті шығындардың жеке бюджетке қаншалықты әсер ететінін анық көрсетеді.
Кофе тұтыну мәдениетін жақынырақ түсіну үшін студенттер мен жас мамандар арасында сауалнама жүргіздім. Қатысушылардың басым бөлігі яғни 80 пайызы бұл сусынға айына қанша кететінін арнайы есептеп жүрмейтінін айтты.
Кеңсе қызметкері Айдана да кофесіз күнін елестете алмайтындардың бірі. Оның үстіне, кофеханадан сусынмен бірге тәтті десерт немесе тіскебасар алу да қалыпты дағдысына айналған.
«Шыны керек, кофеге әбден дағдыланып қалғанымды байқамай да қалыппын. Кофеханаға барғанда кофемен бірге жаңа піскен тіскебасар немесе тәтті десерт те аламын. Сіз менің кофе үшін айына қанша ақша жұмсайтынымды есептеп көрсеткенде, шынымен таңғалдым. Бұған дейін шығынымды арнайы есептеп көрмеппін. Егер осы қаражаттың бір бөлігін үнемдесем, білімімді шыңдайтын курстарға жазылуға немесе шетелге саяхаттауға ақша жинауға болады екен», – дейді Айдана.
Айдананың бұл сөзінен-ақ, бір шыны кофе мен десерт оңашада арзан көрінгенімен, жүйелі түрде қайталанғанда қомақты капиталыңызды азайтатынын аңғаруға болады.
Бірақ кофе ішуден толық бас тартудың қажеті жоқ. Басты мақсат – қаржылық мүмкіндігіңізді ұтымды пайдалану. Күн сайын кофе сатып алудың орнына, оны аптасына 2–3 рет қана алуды әдетке айналдыруға болады. Үйден немесе кеңседен кофе дайындап, өзіңізбен бірге термокружкаға құйып алып жүру де – шығынды азайтудың тиімді жолы.
Үнемделген қаражатты нақты мақсатқа бағыттаған абзал: білім алуға, кәсіби курстарға, қажетті техника алуға немесе саяхатқа жинауға болады. Сондай-ақ күтпеген жағдайларға арналған қаржылық «қауіпсіздік жастығын» қалыптастыруға мүмкіндік туады. Бұл үшін бір ай бойы күнделікті майда-шүйде шығындарды жазып жүру жеткілікті. Ай соңында кофе мен басқа да ұсақ сатып алуларға қанша ақша кеткенін есептеп, қай шығынды азайтуға болатынын анықтау оңайырақ болады.
Кофе ішу – әркімнің жеке таңдауы. Мәселе сүйікті сусыннан бас тартуда емес, оған жұмсалатын қаражатты түсініп, саналы шешім қабылдауда. Өйткені қаржылық сауаттылық тек көп ақша табумен өлшенбейді. Ол күнделікті шығынды бақылап, қолдағы қаражатты дұрыс жоспарлаудан басталады. Кейде үлкен мақсаттарға жету үшін үлкен өзгерістердің қажеті жоқ. Тек күнделікті әдеттерімізге жіті назар аударып, ақшамыздың қайда жұмсалатынын түсінсек болғаны.

- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
- Омархан Айнұр
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі