Бір кітапты ұзақ оқитын адаммын. Сөйте тұра осы аптада Бекежан Тілегеновтің «Қара жел» шығармасын екі күнде тауыстым. Парақты бұрған сайын тоқтай алмадым, соңғы бетті жапқанда үйдің іші тым тыныш болып кеткендей көрінді. Сол тыныштықта бір сұрақ маған тіл қатты: біз өз қайғымызды неге өзіміз білмейміз?
1945 жылы тамыздың алтысы мен тоғызында Хиросима мен Нагасакиге атом бомбасы тасталды. Содан бері сол қасіретті бүкіл адамзат жадында ұстайды. Куәгерлердің айтқаны жазылды, жаңғырығы ескерткіш болып қатты. Джон Херсидің «Хиросимасы», Ибусэ Масудзидің «Қара жаңбыры» әлемдік оқырманның қолына тиді, Кэндзабуро Оэ жапон қасіретін жазып жүріп Нобель сыйлығына дейін жетті. Көптеген шығарма түрлі тілге аударылды. Жапон халқы қайғысын ұлттың ішіне жауып тастамады, оны бүкіл адамзатқа ескерту етіп ұсынды.
Ал біздің жерде 1949 жылдан 1989 жылға дейін, қырық жыл бойы, төрт жүз елу алты ядролық жарылыс болды. Оның жүз он алтысы жер бетінде және аспанда, үш жүз қырқы жер астында жасалған. Бір бомбаның салдарын әлем жарты ғасырдан астам уақыт ұмытпай келе жатса, төрт жүз елу алты жарылыстың зардабы біздің санамыздың қай түкпіріне тығылып қалды? Ең ауыры, дәл осы жайтқа қазақтың өзі де жиі «жай ғана бір тарихи оқиға» деп қарайды. Оқулықта бір бет, күнтізбеде бір күн. Ал оның артында аурудан әлсіреген аналар, кемтар болып туған балалар, денсаулығынан айрылған тұтас ұрпақ тұр. Таңбаға жазылған қайғы болудың орнына, біздің қайғымыз кейде жай бір дерекке айналып барады.
Кітапты оқып отырып өзіме бір сұрақты қайта-қайта қойдым: Құдай жерді аз бермеген ғой, неге дәл біздікі? Неге дәл қазақ жапа шекті және әлі де шегіп келеді, ал бұл туралы тірі жан үндемейді? Жауап географиядан гөрі саясатта жатқан сияқты. Кеңестік жүйенің көзінде Қазақстан даласы «бос» жер болды. Шын мәнінде ол жерде ғасырлар бойы мал бағып, егін егіп, ұрпақ өсірген халық өмір сүрді. Бірақ орталықтан алыс, елді мекені сирек, дүниенің назарынан тыс жатқан өлке біреулердің есебінде «қолайлы» алаңға айналды. Алғашқы сынақ 1949 жылы 29 тамызда Семейден батысқа қарай жүз елу шақырымдай жерде жасалды. Халыққа ештеңе айтылмады. Сынақтар құпия ұсталды, адамдар қауіптен бейхабар өмір сүрді, ал ауа мен су, топырақ пен мал арқылы зардап ұрпақтан ұрпаққа ауысты. Демек, жердің «қолайлы» болғаны ғана емес, сол жерде тұрғандардың даусы жоқ деп есептелгені шешуші болған. Қасіреттің түп-тамыры осында.
Дегенмен бұл тарих тек жоғалтудан тұрмайды, онда үнсіздік бұзылған сәт те бар. 1989 жылы ақын Олжас Сүлейменов бастаған «Невада – Семей» қозғалысы пайда болды. Қазақ жерінде халық алғаш рет өз жерінің тағдыры жайлы ашық сөйледі. Сол жылы 19 қазанда полигонда соңғы сынақ жасалды, ал 1991 жылы 29 тамызда полигон ресми түрде жабылды. Кейін тәуелсіздік алған Қазақстан әлемдегі ең ірі ядролық арсеналдардың біріне ие бола тұра, одан өз еркімен бас тартты. Өзі қасірет көрген ел қолындағы қаруды тастап, әлемге бейбітшілік жолын көрсетті. Мұны мақтанышпен айтуға әбден болады. Бірақ мақтанышпен қатар мына сұрақ та тұр: біз әлемнен «ядролық қарудан бас тартқан ел» деген құрмет күтеміз, ал сол шешімнің артындағы қайғыны өзіміз қаншалықты білеміз?
Ойлап қарасам, үнсіздіктің бірнеше себебі бар. Ондаған жыл бойы құпия ұсталған қасіретті халық санасы бірден қабылдап үлгермеді. Біз қайғымызды кітаппен, фильммен, өнермен әлемге жеткізетін мәдени құралдарды да жеткілікті пайдаланбадық. Және де өз тарихымызды «біреу келіп жазар» деп күттік. Бірақ біреу келіп жазбайды. Біздің қайғымызды біздің өзімізден артық ешкім жеткізе алмайды. Хиросима әлемге куәгерлері сөйлегендіктен, жазушылары жазғандықтан, халқы ұмытпағандықтан танылды. Біздің жолымыз да осы: әдебиетші жазуы, режиссер түсіруі, журналист зерттеуі, ата-ана баласына айтуы керек. Әр қазақ баласы Семей полигонын мектепте жаттап емес, жүрегімен білуі тиіс.
«Қара жел» мені осыған жетеледі. Жел өткен, бірақ оның ізі әлі сол жерде, адамдардың бойында, топырақта, жадыда жатыр. Біз өз тарихымызды өзіміз танымасақ, оны ешкім танытпайды. Дүние біздің қасіретімізді біз сөйлегенше күтіп отыр. Сондықтан бастау қазақтың өзінен болуы керек: «бұл менің де қайғым» деп айта білуден. Өткенін ұмытпаған халық қана болашағына сеніммен қарай алады.

Макала керемет.Такырып толыгымен ашылган.Жарайсын
Өткенін ұмытпаған халық қана болашағына сеніммен қарай алады, дұрыс айтылған сөздер.
Мақала өте мазмұнды екен. Оқып шығып көп нарсе білдім.Авторға рақмет.Осындай пайдалы ақпараттар көп болсын.
Пайдалы ақпаратқа рақмет
Қолыңыз талмасын. Алар асуларыңыз көп болсын.
Бәрекелді 💪👏💯 Қаламың ұштала берсін.
Өте мағыналы әрі әсерлі мақала! Тарихымыздың қасіретті кезеңін терең жеткізіп, оқырманға ой салғаны ерекше ұнады. Авторға шығармашылық табыс тілеймін!
Керемет шығарма
Мақаланы оқып жатып, көз-жасыма ерік бердім. Қазақ даласы, жері меніңде жанды жерім. Керемет баяндап, жазғаныңыз үшін рақмет.
Өте керемет жарайсың 👍
Керемет мақала👍🏻 әсерлі
Керемет
Өте мағыналы мақала, керемет жеткізген. Жарайсың сіңлім.
Жалпы, мақала қоғамдық маңызы бар мәселелерді көтеруімен құнды. Авторға шығармашылық табыс, алдағы уақытта да өзекті тақырыптарды терең қозғайтын еңбектер жазуына тілектеспін
Керемет мәлімет. Талабыңа нұр жаусын
Авторға шығармашылық табыс, алдағы уақытта да өзекті тақырыптарды терең қозғайтын еңбектер жазуына тілектеспін
Керемет!!! Авторға шығармашылық табыс, алдағы уақытта да өзекті тақырыптарды терең қозғайтын еңбектер жазуына тілектеспін
Такырып толық ашылған керемет жарайсың 👍
Қазақ даласындағы қасіретті көрсеткен мағыналы мақала. Қанша жылдар барлық сынақтар құпия түрде жүргізіліп, мыңдаған адамдар айықпас дертке шалдыққан. Авторға Рақмет!!!
Өте керемет жазылған туынды. Авторға көп рахмет, тек қана алға
Пайдалы акпарат ! ✅
Өте керемет жазылған туынды
Әдемі