Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығына орай
«Кел, балалар, оқылық! Оқығанды, көңілге, ықыласпен тоқылық...»,- деп ой қалдырған қазақ халқының ұлы ағартушысы, жазушы-прозаик, аудармашы, этнограф Ыбырай Алтынсариннің туғанына 185 жыл толып отыр. 1841 жылдық 20 қазанында дүние есігін ашқан тұлға қазақ тарихында тек мектеп ашқан ұстаз ғана емес, ұлттық жазба әдебиетінің, зайырлы білімнің және демократиялық ой-сананың негізін қалаушы тұлға ретінде есімі алтын әріппен жазылған.
Ыбырай Алтынсариннің 48 жыл ғұмыры қазақ даласындағы ортағасырлық қараңғылықпен, отаршылдық саясатпен және надандықпен күреске толы күрделі әрі қайшылықты кезенге тұспа тұс келді. Өмірбаянына тереңірек үңілсек, оның балалық шағы ауыр сынақтарға толы болғанын аңғарамыз. Әкесінен ерте айырылып, билерден шыққан атасы Балғожа Жаңбыршыұлының тәрбиесінде есейген жас Ыбырайдың бойында ерекше зеректік пен ізденімпаздық байқалады. Атасының киіз үйіндегі дау-дамайлар, халықтың наразылығы мен әлеуметтік теңсіздіктің салдарынан туындаған зар жылаулары оның санасына терең із қалдырды. Сол кездері «Жетімдік – жеткілікті сынық» демекші, тағдырдың тәлкегіне түскен бала кейін бүкіл бір ұлттың жүгін өз иығына арта білді.
Балғожа бидің немересі Ыбырайға жазған хаты – жас баланың рухани қалыптасуындағы маңызды кездердің бірі болады. «Қазақ Хрестоматиясы» кітабынан орын алған бұл хатта ата немересіне былай дейді:
«Үміт еткен көзімнің нұры, балам,
Жаныңа жәрдем берсін Құдай Тағалам.
Атаң мұнда анаңмен есен-аман,
Сүйіп, сәлем жазады бүгін саған.
Атаңды сағындым деп асығарсың,
Сабаққа көңіл берсең, басыларсың.
Ата-анаң, өнер білсең, асырарсың,
Надан боп білмей қалсаң, аһ ұрарсың.
Шырағым, мұнда жүрсең, нетер едің?
Қолыңа құрық алып кетер едің.
Тентіреп екі ауылдың арасында
Жүргенмен, не мұратқа жетер едің?!»
Бұл жолдардан аңғарылатындай, Балғожа немересінің білім алуына, өнер біліммен айналысуына зор мән бере, «Егер сен сабаққа көңіл бөлсең, ата-анаңның аты шығады; ал егер надан болып өссең, оларды ұятқа қалдырасың» деген түйін шығара, Ыбырайдың кейінгі ағартушылық қызметінің бір тамыры болады.
Ыбырайдың Білім Нұры
Ыбырай үшін шын мәніндегі бетбұрыстың бірі 1850 жылы Торғайдағы шекаралық коммисия жанындағы мектепке барған кезінен бастау алады. Онда Ыбырай тек сауат аша ғана қоймай, орыс классиктерінің – Пушкиннің, Лермонтовтың, Толстойдың рухани байлығымен танысады. Осылайша, оның дүниетанымы кеңейе, «Білім – кілт, надандық – құлып» деген басты ақиқатты түсінуге мүмкіндік береді.
Ыбырай Алтынсарин – қазақ аударма өнерінің де негізін қалаушы. Ол Л.Н. Толстойдың, К.Д. Ушинскийдің, И.А. Крыловтың шығармаларын қазақша аударды. Бірақ ол сөзбе-сөз аударма жасамады. Ол орыс классиктерінің тәрбиелік идеяларын қазақы менталитетке, дала өміріне бейімдеді. Мысалы, Толстойдың «Царь и рубашка» ертегісіндегі оқиғаны қазақ даласының тұрмысына жақындатса, Крыловтың мысалдарын қазақтың шешендік дәстүріне ұластырды. Оның мақсаты – қазақ баласына әлемдік ғылым мен мәдениеттің озық үлгілерін өз ана тілінде жеткізу болды.
Ендігі кезек «Қырғыз (қазақ) хрестоматиясы»: Ағартушылық манифесті.
Ыбырай Алтынсариннің ең басты еңбегі – 1879 жылы жарық көрген «Қырғыз (қазақ) хрестоматиясы», тек білімге деген құрал ғана бола қойған жоқ, ол халыққа арналған рухани азық, ағартушылық манифесті бола білді. Хрестоматияда Ыбырай балаларға адамгершілік, еңбекқорлық, адалдық сынды қасиеттірді сөз ете, Қара батыр, Байұлы, Әке мен бала, Тазша бала туралы ертегі, Таза бұлақ атты әңгімелері арқылы ағартушылық идеяға бағындыра, еңбектенудің қадір-қасиеті, жалқаулықтың зияны шебер баяндалады. «Еңбек түбі – береке» дегендей, Алтынсарин жастарды білім алуға, тер төгіп адал еңбекпен нан табуға шақыра, еңбектерін жастарға жолдайды. Оның «Білімнің пайдасы» атты әңгімесінде бір қарт теміршінің обращы арқылы еңбекпенен білімнің маңызы ашылады. Сондай-ақ, Сапарбай әңгімесінде бір істі бастай, екіншісіне ауысып, үшіншісіне түсетін жалқау жігіттің тағдыры суреттеледі. Сапарбай қасқырды ұстамақ болып ін қазып жатып, қарсаққа, сосын тайға қуып барады да, ақырында ешқайсысын да ұстай алмай, қолы бос, дамсыз қалады. Бұның мәні - «Істі бастаған соң, соңына дейін жеткізу керек» деген тәлім.
Сонымен қатар, Әнуар Дербісалин зерттеуінде Ыбырай Алтынсарин – қазақ халқын білімге, ғылымға шақырған, өз шығармаларында халықтың мұң-мұқтажын, арман-тілегін бірінші жақтан жеткізген, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы ұлы ағартушы-жазушы ретінде сипатталады.
Ыбырайдың ағартушылық идеяларының ең жарқын көрінісінің бірі – қыздарға білім беру еді. Сол дәуірдің предрассудоктарына қарсы шыға отырып, «Әйел – ер адамның серігі» деген қағидаларды насихаттайды. Қыздар мектебін ашу – сол заманның консервативті қоғамы үшін ревалюциялық қадам саналды. Ыбырайдың сенімінде «Қыздарды оқыту – ұлтты оқыту. Себебі ана – ұлттың бесігі» болып қалған. Бұл сөздер бүгінгі күні де терең философиялық мағынаға ие. Ыбырайдың тағы бір қыздар біліміне деген көзқарасын «Мен қазақ қыздарының сауатты болуы үшін жан-тәніммен күресемін. Себебі, сауатты ана – сауатты ұлттың кепілі.» осы жолдар айқындайды.
Ыбырай Алтынсарин өз жолын тек жазушы ғана емес, тәрбиеші педагог ретінде де жалғастырады. Торғайда, Ырғызда, Ордада жаңа мектептер ашу жолында жан-тәнімен патшалық бюрократияның, діни фанатизмнің кедергілеріне қарамастан күресе мойыған жоқ. Хаттарынан көретініміздей, ол мектеп құрылысын, мұғалімдер жалақысын, оқу құралдарын дайындауды жеке бақылап отырды. Мысалы, 1880 жылы Торғайдағы В. В. Катаринскийге жазған хатында мектеп жұмыстарына қажетті қаржы мәселелерін шешуге тырысады: «Архитекторлар тағы бірдеңені өзгертеді деп қорқамын... Бірақ сұралған өзгерістер өте қажет, себебі уездік және казенный басқармалар кейде кедергі келтіреді.» дейді.
Ал Халыққа деген махаббаты пен әлеуметтік теңсіздікке қарсылығын, бай мен кедей арасындағы алшақтықты сезіндіре жазған шығармасынан байқаймыз. «Карынбай» (Сараң) кейіпкері арқылы сараңдықтың зиянын, мына өлең жолдарымен көрсетеді:
«Бейнетті де, аштық пен суықты да ол төзіммен өткерді.
Ақылды болсаң, кедей-кепшікке туған әкедей қамқор бол.
Сиыр пірі — Зеңгібаба миллиондардың жүрегінде тұрады.
Түйе пірі — Ойсылқараның есімі бүгінде әлемге мәлім.
Ал ашкөз, сараң Қарынбай болса, жер астына тірідей жұтылып кетті.»
«Қарынбай» — қазақ аңыз-ертегілеріндегі ашкөздік пен сараңдықтың ашық синонимі. Оның мал-мүлкін қызғанып, зекет бермей, кедейлерге қарайласпағаны үшін байлығымен бірге жерге жұтылған кейіпкер екені айқындалады.
«Сөз сөйлеп, іс істеп те кедейді ренжітпе,
Бұл дүниеде ғаріптің күні қатты.
Жүрегін қапа қылсаң, тез бұзылар,
Жас, кәрі, мұны білген әркім бақты.» деген өсиеті әлі күнге дейін адамгершілікке шақырады.
Бүгінгі күн және мұра
Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанда Ыбырай Алтынсаринің мұрасы одан сайын қастерленуде. Оның есімімен аталатын мектеп, көше, мемориалдар – еңбегінің ұмытылмастай сыйлы белгісі. Алайда, біз тек монументтерді қарап қана қоймастан, оның рухани мұрасын іске асыруымыз керек. «Білімділік – байлық» деген қағида қазіргі таңда ең қажетті, мол ақиқат. Себебі, «білімсіздің күні қараң» демекші, сана менен білім болмаса ертеңгі күні жерде қалып қалуы өте жоғары.
Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығы – бұл тек мерекелік күн емес, бұл біздің ұлттық сана-сезімімізді оятуға, өткенге бас иіп, болашаққа нық қадам басуға шақыратын аса зор әрі үлкен мүмкіндік. Ыбырай Алтынсариннің көрсеткен жол – ақиқат пен білім жолы «Жол сілтемесі – ақыл, ақылдың кілті – білім». Сондықтан, ұлы ағартушымыздың алдындағы парызымыз – оның аманат еткен «Жастар! Сендер – болашақтың өскіндері!» деген үндеуін ұмытпауымыз керек. Білімді ұлт – мықты ұлт, ал мықты ұлт – гүлденген ел.
Ыбырай – қазақ даласына білім нұрын құйған тұңғыш шамшырақ. Оның «Өнер-білім бәрі де оқуменен табылған» деп ұрандатқан үні бүгінгі тәуелсіз Қазақстанымыздың жас ұрпағына дейін жетіп отыр. Себебі, қаншама ғасырлар өтсе де, білімнің жарық нұры ғана ұлтымызды қараңғылықтан шығаратын жалғыз қанатты күш болып қала береді.
Мақалада қолданылған әдеби дереккөздер:
1. О литературном наследии Ибрая Алтынсарина / А. Дербисалин ... – Алма-Ата : Казахское государственное издательство художественной литературы, 1957. – 116
[Сілтеме: https://kazneb.kz/ru/catalogue/view/1022585]
2. Избранные произведения = Таңдамалы шығармалары / И. Алтынсарин ; сост. Б. С. Сулейменов – Алма-Ата : Изд-во АН КазССР, 1957. – 464
[Сілтеме: https://kazneb.kz/kk/catalogue/view/420273]
3. Өнер-білім бар жұрттар : өлеңдер, әңгімелер, очерктер, хаттар және естеліктер / Ы. Алтынсарин ; [құраст. С. Мақпыров, ред. С. Мәметов]... – Алматы : Жалын, 1991. - 238 б
[Сілтеме: https://kazneb.kz/ru/catalogue/view/1015674]
Жақсылық Сымбат, Карамысова Жанель
ҚазҰУ-дың 1-курс студенттері. Ғылыми жетекші фил.ғ.к. профессор Р. С. Жақсылықбаева

- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
- Омархан Айнұр
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі