ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНЫҢ ТҰҢҒЫШ АҒАРТУШЫСЫ
Ыбырай Алтынсарин1870 жылы басылған «Орынбор ведомствосы қазақтарының өлген адамды жерлеу және оған ас беру дәстүрінің очеркінде» жоқтау, ас беру, қонақ күту, бәйге ұйымдастыру сияқты ғұрыптарды егжей-тегжейлі баяндайды. Бірақ тек салттың сыртқы көрінісіне қызығып қоймай, оның адамға түсіретін салмағын да байқатады. Өзі білетін бір аста жүзге жуық жылқы сойылып, келген жұрт екі жүз киіз үйге орналасқанын жазады. Ойланып қарасақ, осы екі санның өзі ұзақ насихаттан күшті әсер етеді.
Ыбырай жоқтаудың орны мен ағайынның қайғыны бөлісуін де түсіндіреді. Демек, мәселе рәсімнің өзінде емес, оның көлемі мен әлеуметтік міндетке айналуында. Қаралы шаңыраққа қолдау қажет кезде жұрттың алдында кем түспеу үшін несие алатын жағдайлар қазір де кездеседі. Біреудің қайғысын бағалаудың өлшемі дастарқандағы тағамның көптігі болмауға тиіс. Бұл очерктің астарынан салтты құрметтей отырып, оның адамға зиян келтіретін тұсын талқылай білуді көреміз.
Ал «Оренбургский листок» газетінде 1880 жылы жарияланған жұт туралы алғашқы корреспонденциясында жағдай мүлде басқа. Мұнда автор ел басына түскен апатты сырттай суреттемейді: қатал қыстан малдың қырылғанын, көктемде шөптің қалмағанын, тіршіліктің тоқырағанын жеткізеді. Бұл мәліметтің газетке басылу себебі аш отырған ауылдың мәселесі тек сол ауылдың ішкі қайғысы болып қалмауы керек еді. Газет арқылы ол жағдайды шешім қабылдайтын адамдардың назарына ұсынды.
Әсіресе, келесі корреспонденциядағы боран үстінде жолшыбай кірген үйдің суреті ұмытылмайды. Ыбырай жел өтіндегі жұпыны баспананы, түтіннен көзі жасаураған балаларды, әбден әлсіреген қарттарды бейнелейді. Мұндай көріністі оқығанда «жұтболды» деген екі сөздің артында тірі адамдар тұрғанын сезесің. Бұл– публицистің көркемдік үшін ғана тапқан деталі емес, әлеуметтік мәселені адам тағдыры арқылы көрсету тәсілі. Бүгінгі журналист те тасқын мен өрт туралы хабар бергенде тек қираған үйдің санын емес, сол үйде өмір сүрген адамның жағдайын ашуға тиіс.
Сол жазбаның соңында бір дәулетті адамның 1300 жылқысынан небәрі 60-ы қалғаны, 35 адамның суықтан қаза тапқаны туралы дерек беріледі. Бұл сандарды автор кездейсоқ қоспайды деп ойлаймыз. Байдың малы осынша шығынға ұшыраса, бар күн көрісі азын-аулақ малға байланған қарапайым отбасының күні не болды? Мақаланың оқырманға қоятын үнсіз сұрағы осы. Статистика біреудің мұңын алыстатып жіберуі де мүмкін, ал Ыбырай оны адам өмірімен байланыстырып, оқырманға жақындатады.
Үшінші корреспонденцияда жағдайдың себебі тереңірек қозғалады. Ыбырай жұтты тек қыстың қаталдығынан көрмей, жайылымның тарылуы мен халықтың қалыптасқан шаруашылығын ескермеген әкімшілік жобаларға қарсы пікір айтады. Әсіресе, көшпелі елді күшпен бірден отырықшылыққа көшіру ұсынысына қарсылығы назар аударарлық. Оны жаңалыққа қарсы болғандықтан емес, өзгерістің халық өмірін зерттемей жүргізілуін қауіпті санағандықтан түсінемін. Бір шешім қағаз жүзінде қисынды көрінгенімен, оның зардабын күнделікті тіршілік көтереді. Бүгін ауыл шаруашылығына, жерге немесе суға қатысты реформа жасалғанда жергілікті жұрттың үнін елемеу де сондай қателікке ұрындыруы мүмкін.
Осы тұста Ыбырайдың тілінде ерекше бір батылдық бар. Ол билік жобасын талқылағанда елден алыстағы бақылаушыдай сөйлемейді; даланың қиыншылығын өзі көрген адам ретінде сөз алады. Қаламгердің азаматтық таңдауы да осы жердебілінеді. Әкімшілік шешімге күмән келтіру солкезеңде оңай болмағанын ескерсек, мұндай мақала жазу кәсіби тәуекеледі. Әрине, бүгінгі журналистің мүмкіндігі басқа.
Ыбырайдың ағартушылық ойы 1879 жылғы «Қазақ хрестоматиясының» алғы сөзінде де анық берілген. Ол алғы сөздің орысша нұсқасын газетке жариялап, оқу құралының мәнін кеңірек ортағатүсіндірді. Бұл – жұт туралы корреспонденциялардан бөлек жанр, бірақ қоғамдық мақсаты ұқсас: мәселені көрсету меншектелмей, оны өзгерту жолын ұсыну. Елге білім керек десе, балаға түсінікті кітап жазды; сауат керек десе, мектеп ашуға күш салды. Кез келген өзекті тақырыпқа пікір білдіре салу оңай, ал сол пікірдің артында нақты іс тұруы әлде қайда қиын.
Осы жазбаларды өзара салыстырғанда бір ортақ мінезді байқаймыз. Ас беру жайын жазғанда Ыбырай әдет-ғұрыптың астарындағы шығынды көрсетеді; жұт туралы хабарларында апатты адамдардың көзімен танытады; саяси жобаға қатысты пікірінде қиындықтың жүйелік себебіне үңіледі. Ал оқу кітабының алғы сөзінде үмітті құр ұранға емес, әрекетке тірейді.
Орындаған: Айсезім Қарабек, ҚазҰУ-дың 1-ші курс студенті. Ғылыми жетекшісі: фил.ғ.к., профессор Р.С.Жақсылықбаева.

- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
- Омархан Айнұр
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі