«Айқап»журналының ұлттық сананы оятудағы рөлі

Айқап» журналының ұлттық сананы оятудағы рөлі

 

Қазақ баспасөзінің тарихында «Айқап» журналының орны ерекше. Биыл қазақтың тұңғыш қоғамдық-саяси және әдеби журналының жарық көре бастағанына 115 жыл толып отыр. 1911 жылы Троицк қаласында басылып шыққан басылым халықтың көзі мен құлағына айналып, елдің ертеңі, жердің тағдыры, білім мен мәдениет, әйел теңдігі және ұлттың болашағы туралы өзекті мәселелерді көтерді.

Ұлттың оянуы ең алдымен оның өз тағдырына бейжай қарамауынан, қоғамдағы мәселелерді түсініп, болашаққа жауапкершілікпен қарауынан басталады. ХХ ғасырдың басында қазақ даласында осындай қоғамдық ойдың қалыптасуына ықпал еткен басылымдардың бірі де бірегейі дәл осы «Айқап» журналы. Мұхамеджан Сералиннің бастамасымен 4 жыл ғана жарық көрген журнал қазақ қоғамындағы маңызды мәселелерді талқылайтын ортаға айналды.

«Айқаптың» дүниеге келуі қазақ қоғамы үшін тарихи кезеңмен тұспа-тұс келді. Бұл уақытта халық отарлық саясаттың зардабын тартып, жер мәселесімен, сауатсыздықпен және әлеуметтік теңсіздікпен бетпе-бет келді. Осындай жағдайда журнал елді білімге шақырып, халықтың қоғамдық пікірін қалыптастыруға күш салды. Басылымның атауының өзі де терең мағынаға ие. «Айқап» сөзі өткен іске өкініп, жіберілген кемшілікті түсіну және одан сабақ алу ұғымымен байланысты. Журнал халықтың бойындағы енжарлықты сынап, ел болып алға жылжу үшін нақты әрекет қажет екенін көрсетті.

«Айқап» беттеріндегі ең өзекті тақырыптың бірі – жер мәселесі. Журнал бұл тақырыпты шаруашылық мәселесі ретінде ғана қарастырмай, ұлттық мүддемен байланыстырды. Ахмет Байтұрсынұлының1911 жылғы журналдың №4 санында жарияланған «Тағы да жер жайынан» мақаласында қазақтың шұрайлы жерінен айырылуы, қоныс аудару саясатының салдары және елдің жерге иелік ету мәселесі сөз болады. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ қоғамының сол кездегі жағдайын түсіндіру үшін халықты ну орманда жол таба алмай адасқан адамға теңей отырып, елдің күрделі тарихи жағдайда бағыт-бағдар іздегенін аңғартады. Мақалада жерді сақтап қалу жолдарының бірі ретінде құнарлы алқаптарға тұрақты қоныстар салу және егіншілікпен айналысу мәселесі қарастырылады. Автор жерге қоныстану туралы ұсынысты сол кезеңдегі қазақ қоғамының жағдайымен байланыстыра отырып, халықтың өз мүддесін қорғау қажеттігін алға тартады. Мұндағы негізгі ой – жер мәселесіне бейжай қарамай, елдің болашағына қатысты шешімдерді бірлесіп іздеу. Ахмет Байтұрсынұлының бұл мақаласы ұлттық сананы оятудағы баспасөздің қызметін айқын көрсетеді. Өйткені жерден айырылу мәселесін көтеру арқылы автор халықтың назарын өзінің тарихи мекеніне, шаруашылық жағдайына және келешегіне аударады. Ол оқырманды қалыптасқан жағдайды түсінуге, пікір білдіруге және ел мүддесі үшін әрекет етуге шақырды.

«Айқап» журналының ұлттық сананы оятудағы тағы бір маңызды бағыттарының бірі оқу-ағарту мәселесі болды. Басылым авторлары халықтың тұрмысын жақсарту үшін білімді ұрпақ тәрбиелеу қажет екенін түсінді. Олар мектеп ашу, балаларды оқыту, ғылым мен өнерді меңгеру, сауаттылықты арттыру мәселелерін тұрақты көтеріп отырды. Мұны журналдың 1911 жылғы екінші санында жарияланған «Қазақ халқының мұқтаждығы» атты бас мақаладан анық байқауға болады. Материалда қазақ қоғамының алдында тұрған өзекті мәселелердің қатарында жерге орналасу, отырықшылыққа көшу және егіншілікпен айналысу қажеттілігі сөз болады. Мұндай ұсыныстардың астарында халықтың шаруашылық жағдайын жақсартып, білім алуға қолайлы орта қалыптастыру идеясы жатты. Журналдың ағартушылық бағытына Сұлтанмахмұт Торайғыровтың қызметі де ерекше ықпал етті. Ол «Айқапта» хатшылық қызмет атқарып, шығармалары мен мақалалары арқылы қоғамдағы надандықты сынады, жастарды білімге, ізденіске шақырды. Торайғыровтың шығармашылық ұстанымы елдің болашағын жастардың сауаттылығымен, адамгершілігімен және қоғамдық жауапкершілігімен байланыстырды. «Айқап» үшін білім алу жеке адамның жетістігімен шектелмеді. Оқу арқылы халықтың дүниетанымы кеңейіп, өз құқығын түсінуі, қоғамдағы өзгерістерге саналы түрде қатысуы маңызды болды. Сондықтан журналдың ағартушылық қызметі ұлттық сананың қалыптасуына негіз болған басты бағыттардың бірі саналды.

«Айқап» көтерген өзекті тақырыптардың тағы бірі – қазақ әйелінің қоғамдағы орны, қыз балалардың білім алуы және әйел теңдігі. ХХ ғасырдың басында қыздардың оқуына шектеу қойылып, олардың тағдыры көбіне отбасылық дәстүрлер мен әлеуметтік жағдайға тәуелді болды. Журнал осы мәселелерді ашық талқылап, әйелдердің білім алу құқығын қорғаған пікірлерге орын берді. Оның нақты мысалы – Сақыпжамал Тілеубайқызының «Қазақ қызының аталарына» атты мақаласы. Бұл материал «Айқаптың» 1911 жылғы №7 санында жарияланған. Мақаладағы мына жолдардан қыз балалардың білім алу құқығын негіздеп, әйел теңдігі мәселесін батыл көтергенін аңғаруға болады.

 

 

«Қымбатты аталар! Бiз дағы сiздердiң ер балаларыңыз секілді балаларыңызбыз. Ер балаларыңыз қанша жақсы, білімді, үлгілі болса, соншама сіздерге абырой емес пе?! Сол сияқты біздер де білімді, үлгілі болып, надан болмай, тәрбиелі болсақ, сіздерге абыройлы болмас па едік? Шариғат бұйрығынша ер бала мен қыз бала тең болуға тиісті?» 

Бұл мақаланың тарихи маңызы зор. Себебі, онда қазақ әйелінің мәселесі сырттан бақылаушының пікірі арқылы емес, әйел автордың өз атынан жеткізіледі. Сақыпжамал Тілеубайқызы қыздардың білім алу құқығын қорғап, қоғамдағы қалыптасқан көзқарастарға қарсы ой айтты. Осы арқылы әйелдің де қоғамдық пікір қалыптастыруға қатыса алатынын көрсетті. Журналдың мұндай жарияланымдары ұлттық сананың мазмұнын кеңейтті. Ұлттың дамуы туралы әңгіме тек жер мен шаруашылыққа қатысты болмауы керектігін, әйелдердің сауаты, отбасындағы тәрбие және ұрпақтың болашағы да маңызды екенін аңғартты. Білімді ана мен сауатты ұрпақ арасындағы байланысты түсіндіру арқылы «Айқап» қоғамның  жаңаруына жол ашты.

«Айқап» журналының тарихи маңызын оның көтерген тақырыптарының сан алуандығынан ғана емес, қоғамдық пікірталасқа жағдай жасауынан да көруге болады. Басылымда отырықшылыққа көшу, жерді пайдалану және шаруашылықты өзгерту жөнінде әртүрлі көзқарастар айтылды. Бұл қазақ зиялыларының ұлт болашағына қатысты ортақ мәселелерді талқылағанын, алайда олардың шешу жолдары жөнінде біркелкі пікірде болмағанын көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда, «Айқап» қазақ қоғамының өзекті мәселелерін талқылайтын зияткерлік кеңістің қызметін атқарды. Ол халықты дайын жауапты қабылдауға емес, қоғамдағы жағдайды түсінуге, мәселелерді талдауға және болашаққа қатысты шешімдер іздеуге бағыттады.

 

Жансая ЖАНДОСҚЫЗЫ,

ҚазҰУ-дың 1-курс студенті.

 

Ғылыми жетекші:

Р.С. Жақсылықбаева, фил.ғ.к., профессор


Ұқсас тақырыптар

Жандосқызы Жансая
WhatsApp Telegram

Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)