Қазіргі футболдың ережелері XIX ғасырда Англияда қалыптасты. 1863 жылы Англия футбол қауымдастығы құрылып, ойынның ортақ ережелері бекітілді. Бұл футболдың жүйелі спорт түрі ретінде дамуына жол ашты. Кейін ойын Еуропаға және басқа құрлықтарға тарала бастады. 1904 жылы Париж қаласында Халықаралық футбол қауымдастықтары федерациясы (FIFA) құрылды. Ал 1930 жылы Уругвайда футболдан алғашқы әлем чемпионаты өтті. Оған 13 елдің құрамасы қатысып, алаң иелері турнирдің тұңғыш жеңімпазы атанды. Еуропа елдерінің ұлттық құрамалары арасындағы алғашқы құрлықтық чемпионат 1960 жылы ұйымдастырылды. Ал футбол 1900 жылғы Париж Олимпиадасында демонстрациялық спорт түрі ретінде көрсетілді.
Қазақстанда футболдың тарихы 1913–1914 жылдардан басталады. Осы кезеңде Семей қаласында «Ярыш», «Олимп», «Ласточка» секілді алғашқы футбол командалары құрылды. Солардың қатарында кейін қазақ әдебиетінің көрнекті өкіліне айналған Мұхтар Әуезов те доп тепкен. 1928 жылы Петропавл қаласында Қазақ АКСР-і өңірлерінің командалары арасында алғашқы ресми футбол турнирі өтті. Қазіргі футболда «Реал Мадрид», «Барселона», «Манчестер Сити» және «Бавария» секілді клубтардың орны ерекше. Олардың ойындары әлемнің түкпір-түкпіріндегі жанкүйерлердің назарын аударады. Ал Лионель Месси, Криштиану Роналду, Килиан Мбаппе және Эрлинг Холанд секілді футболшылар өз шеберлігімен көпшілікке танылды.
Футболдың басты ерекшелігі — адамдарды ортақ мақсатқа біріктіруінде. Ол командалық жұмысты, тәртіпті, табандылықты және қарсыласқа құрметпен қарауды үйретеді. Сондықтан футболды жай ғана ойын емес, түрлі мәдениет пен ұлт өкілдерін жақындастыратын ортақ құбылыс деуге болады.
«Journiverse» халықаралық журналистика мектебінің оқушысы Нұрайым Сәбит

-
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі