Домбыра — қазақ халқының тарихын, тұрмысын, қуанышы мен қайғысын күй арқылы жеткізген ұлттық музыкалық аспап. Оның үні ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, халқымыздың рухани мұрасына айналды. Домбыраның сүйемелдеуімен жыр, терме, толғаулар орындалып, кейін жеке аспаптық шығарма — күй өнері дамыды. Бүгінде домбыра халық әндерін орындауда, дәстүрлі музыкада және кәсіби өнерде кеңінен қолданылады.
Домбыраның нақты қай кезеңде пайда болғаны туралы ортақ ғылыми тұжырым жоқ. Кейбір зерттеушілер оның тарихын бірнеше мыңжылдықпен байланыстырады. Мысалы, археологиялық зерттеулер барысында Моңғол Алтайындағы Жарғалант-Қайырқан жотасынан домбыраға ұқсас көне ішекті аспап табылған. Түркітанушы Қаржаубай Сартқожаұлы бұл жәдігерді зерттеп, оның ерте түркі дәуіріне жатуы мүмкін екенін айтқан. Алайда аспаптың мерзімі мен қай халыққа тиесілі екені жөнінде ғылыми пікірталастар бар.
Домбыраның түрлері де қазақтың аймақтық күйшілік дәстүрімен тығыз байланысты. Аспаптың пішіні, шанағының көлемі, мойнының ұзындығы мен перне саны орындаушылық мәнерге қарай ерекшеленеді. Зерттеуші әрі күйші Таласбек Әсемқұловтың еңбектерінде қауақ домбыра мен қалақ домбыра секілді көне үлгілер туралы айтылады. Шеберлер аспапты күйшіге қажетті дыбыс ерекшеліктеріне сай жасап, оның үнін жетілдіріп отырған.
«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Нұрайым Сәбит

өте керемет жазылыпты маған қатты ұнады😍❤️❤️